Қостанайда олимпиадалық стандарттарға сай келетін бассейннің салтанатты ашылуы өтті. Бұл Наурыз меййрамы қарсаңында Қостанай халқы үшін үлкен сый болды. Ұлыстың ұлы күніне орай қала тұрғындарына жаңа бассейн тарту етілді.
Бассейннің жалпы ауданы 3775,3 шаршы метр. Он жолақты бассейннің ұзындығы 50 метрді құрайды. Бұл олимпиадалық стандарттарға сай келеді. Жобаның құны-екі миллиард теңгеден астам.
Жаңа бассейн жүзу, триатлон, президенттік көпсайыс бойынша секциялық жұмыстар мен спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ онда облыстың барлық тұрғындарына белсенді демалыс өткізуге мүмкіндік бар. Тек Қостанай қаласында жүзумен 400-ден астам балалар мен жасөспірімдер айналысады, жаңа бассейн басқа бассейндердің жүктемесін жеңілдетуге көмектеседі және секциялар мен топтардағы балалар санын көбейтуге бағытталған.
Салтанатты жиында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, аймақтағы спорттың дамуын тілге тиек етті.
«Қазіргі уақытта облыс тұрғындарының 34,6%-ы немесе 297,6 мың адам, оның ішінде 80 мың бала мен жасөспірім дене шынықтырумен, спортпен тұрақты шұғылданады. Республика Президентінің тапсырмасы бойынша аймақта спорт бағытындағы мемлекеттік тапсырыс жүзеге асырылуда. Оған облыс бюджетінде шамамен 500 млн теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артық. Жаттықтырушы-оқытушыларға қосымша 146 жұмыс орнын құрылып, 7 мыңнан астам жеткіншек, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан өрендер спорт секцияларындағы тегін сабақтарға барып жүр», – деді А.Мұхамбетов.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бүгінде балалар спортына көп көңіл бөлінуде. Айта кету керек, бұл жыл — балалар жылы деп жарияланған болатын.
Қазіргі заманғы елу метрлік бассейн Қостанай облысының құрама командасы мүшелерінің жүзу бойынша дайындық сапасын жақсартуға және республикалық жарыстарды өткізуге де арналған. Сондай-ақ, бұл бассейн елдің солтүстік бөлігіндегі ең үлкен бассейн болып саналады.
Салтанатты жиын соңы облыстық чемпионатқа ұласты. Жас спортшылар мүмкіндіктерін жаңа алаңда көрсетуге барын салды. Бұл ғимараттың құрылысы 2020 жылдың тамызынан басталды. Оған дейін іргетасының орны қазылып қойғанымен, нысанның жобасы өзгеріп кеткендіктен, жұмыс біраз уақыт тоқтап тұрды. Бассейн мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты аясында бой көтеріп отыр. Яғни, жұмсалған ақшаның 30%-ы бюджеттен берілсе, 70%-ын банк қаржыландырады. Бұл ақшаны мемлекет белгілі бір уақытта өтеп береді.
«Қаулы шықты. Нысан №1 спорт мектебінің иелігіне берілді. Дүйсенбіде кешенді қабылдау алу жұмыстары басталады. Спорт мектебіндегі 25 метрлік бассейн жаңартылмақ. Оған тендер биыл жариялануы мүмкін», – деді Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Елена Киреева.
Жаңа ашылған бассейн кешенінің жалпы ауданы 8 мың шаршы метр. Қазір спорт басқармасы аталған спорт нысанына атау ойластырып жатыр. Бұл турасында тұрындардың пікірін де білген. Ұсынған атаулардың ішінен әзірге басым дауыс иеленіп тұрғандары – Тұран, Толқын және Қайсар.