Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Сенаторлар шаруалармен кездесті

31 марта 2022 14:24 • 548 просмотров

Сенаторлар Жеңіс Нұрғалиев пен Сергей Карплюк Қостанай облысына сапары барысында аграрлық кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, ауыл шаруашылығының проблемаларын талқылады.

Аталған шаруашылықта ірі қара мал бағылады, сондай-ақ дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдарды өсірумен айналысады. Кездесу барысында субсидия алу, білікті кадрлардың жетіспеушілігі және оларға тұрғын үйдің жоқтығы туралы мәселелер көтерілді. Аграршылар бұл мәселелердің бәрін мемлекеттік деңгейде қарастырып, шешу қажет екенін атап өтті.

Сенаторлар сондай-ақ ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына, ауылда инфрақұрылымның болуы мен Қостанай ауданында «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасының іске асу барысына назар аударды.

«Біз оларды толғандыратын өзекті мәселелер бойынша ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлерін қарайтын боламыз. Кейіннен барлық мәселелер мен ескертулерді Парламентте талқылап, оларды шешу жолдарын іздестіреміз», — деп атап өтті сенатор Жеңіс Нұрғалиев.

Кездесуге қатысушылар еліміз Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. Сенаторлар жаңа Қазақстанды құру – жалпыұлттық міндет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы қоғамдық-саяси саладағы жүйелі реформалар топтамасын ұсынды. Сайлау жүйесін, Парламент пен мәслихаттарды түбегейлі қайта құру күтіп тұр. Әрине, бұл партияларды тіркеу рәсімін айтарлықтай жеңілдетумен қатар, саясатқа халықтың беделі мен сенімін пайдаланатын жаңа тұлғалардың келуіне ықпал ететін болады. Бұл депутаттардың сайлаушылар алдындағы жеке жауапкершілігін арттырады», — деді Жеңіс Нұрғалиев.

Сенаторлар өңірге сапары барысында Озерный ауылына барып, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысымен танысты.