Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Бейімбет мұралары

1 апреля 2022 14:00 • 2 837 просмотров

Кеңестік заманның «бас жазушысы» Бейімбеттің шығармашылық зертханасында халық батыры Амангелдi Иманов жайындағы еңбектері оқшау тұрады. Бұл партия белгілеп берген әлеуметтік тапсырыс барысында зерттеліп, игерілген тақырып еді. Бұған Ғабит Мүсiрепов екеуi бiрiгiп жазған «Батыр большевик Амангелдi» очеркi, қос автордың жеке кiтап болып шыққан «Амангелдi» (1935) пьесасы, толық нұсқасы сақталмаған «Шабуыл» пьесасы, «Амангелдi» кинофильмi нақты мысал бола алады.

Авторлар Амангелдiнiң сахналық бейнесiн жасауға бiрден бара қойған жоқ. Алдымен «Шабуыл» деген пьеса жазып, барлау жасады. «Шабуыл» мәтіні түгел сақталмаған, бар болғаны – «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы екі нөміріне жарияланған үзінділері ғана. Онда Торғай қаласы – Шыршық қаласы деп, Амангелдi – Есенгелдi деп алынған. Бұл – Аман­гел­дiнiң сахналық бейнесін жасаудағы алғашқы шығармашылық әрекет және болашақ «Амангелдi» драмасына негiз болған шығарма. Дегенмен, пьесадағы Амангелді бейнесінің жұрт­шы­лық күткендей жоғары деңгейде бол­мағаны сол кезде-ақ сөз болмай қал­мады. Ғ.Мүсіреповтің естелігінде Бейімбет Майлиннің атынан айтылатын: «Екеуміздің «Амангелдімізде» толып жатқан шикілік бар. Тегі, соған қайта оралғанымыз дұрыс болар» деген сөздерді осылай ұғуға болады.

Замандастарының естелігіне қара­ған­да, Б.Майлиннің Амангелді туралы роман да жазбақ ойы болған. Соған орай оның тақырыпты барынша толық игеру жолындағы шығармашылық әрекетін Ғ.Мүсірепов: «Амангелдінің елінде 70-80 адаммен кездестік. Бейімбет бес дәптер толтырды, мен – бір жарым-ақ… Бейімбет кездескен адамдардың көбіне мінездеме жасапты, мен – оншақты-ақ адамға…» деп жазды кейіннен. Бұдан кейін үш автор (В.Иванов, Б.Майлин, Ғ.Мүсiрепов) «Амангелдi» кинофильмiнің сценарийiн жазды. Фильмді түсіру 1937 жылдың соңына таман аяқталды. «Амангелдi» киносының сөзiнiң барлығын Бейiмбет жазған едi, оны Ғабиттiң өзi айтып отыратын» дейдi белгiлi өнер шеберi Серке Қожамқұлов. Бірақ 1938 жылы «Амангелдi» көркем фильмi экранға шыққан кезде оның титрiнде екi сценарист – Ғабит Мүсiрепов пен Всеволод Ивановтың ғана есiмi жазылды. Кино түсiрiлiп біткен бойда Б.Майлин «халық жауы» деген жаламен ұсталды… Ғабит Мүсіреповтің бұдан кейін Амангелді тақырыбына қайта оралуы, бұл орайдағы кейінгі ой-пікір, ұстанымдары өз алдына бөлек әңгіме.

Бейімбеттің белгiсiз туындыларын ғылыми-әдеби айналымға қосу әдетте өткен ғасырдың 20-30-шы жылдардағы ұлт­тық баспасөздің нақты материал­да­рын саралау, жан-жақты іздестіру арқылы жүзеге асып келеді. Осы не­гізде бірқатар жаңа көркем шы­ғар­малары, оқулықтары мен оқу кiтап­та­ры, күнтiзбелiк жинақ­та­ры, әлiппе мен әлiппе орнына пайдала­ны­латын құралдары («Шала сауаттылар үшін оқу кітабы», «Күш», «Жаңаша оқы, жаз!», «Әдебиет тану оқу құралы», «1929 жылдың шаруа календары», «1930 жылдың шаруа календары», «1931 жылғы календарь жинағы», «Сауат үшін», «Сауаттандырғыш», «Букварь для ликбезников») зертханасына қосылды.Ұзақ уақыт зер салынбай келген тәржiмелiк тәжiрибелерi таразыланып, баспасөз бетiнде қалған аударма еңбектерi (В.Бонч-Бруевич. Жолдас Ленинге істелген қастық; П.М.Быков. Романов­тардың соңғы күндері; Н.Остров­с­­кий. Дауылда туғандар, т.б.) талданып, іші­нара қайта жариялана бастады.

Шығармаларының басқа тiлдерге ауда­рылу тарихының да деректері мол. Мысалы, 1935 жылы «Дочь казаха» деген атпен орыс тілінде жарық көрген «Аза­мат Азаматыч» романы – қазақ романдарының ішінен орыс тіліне аударылған тұңғыш шығарма. «Қырман басын­да» (кейiн «Қырманда» деп өзгер­тiл­ген белгiлi повесi) еңбегі ұйғыр тiлiне аударылған, бiрақ автордың 1937 жылғы қуғын-сүргiнге ұшырауы салдарынан жарық көрмей қалды. Бейімбеттің ұйғыр тiлiн­де жа­рық көрген жалғыз кiтабы – 1937 жылғы «Байшұбар» поэмасы ғана. Жазушының «Шұғаның белгiсi» повесi мен «Ахыран бастығы», «Сарыала тон», «Қара шелек» әңгiмелерi Алматы мен Мәскеу қалаларында ағылшын және немiс тiлдерiнде жарық көрген кейбiр жинақтарға енді. Жазушының басқа тілдерге аударылған еңбектері де шығармашылық зертханасын құрайтыны, жалпы сөз мұрасынан сырт тұрмайтыны белгілі.

1937 жылы жазушының жарық көруге тиiстi еңбектерi баспада жатты. Қуғын-сүргiнге ұшыраған кезiнде бұл қолжазбалар тәркiлендi де, содан қайтып жазушы қазынасына қосылған жоқ. Бірақ осы жылы үш кiтабы («Өтiрiкке бәйге», «Байшұбар», «Жалбыр») ғана шығып үлгердi. Өндiрiске тапсырылған және басуға қол қойылған мерзiмiне қарағанда, Бейiмбет Майлиннiң көзi тiрiсiнде жарық көрген ең соңғы кiтабы – «Жалбыр» пьесасы.

Осы кiтапта Б.Майлиннiң өз қолы­мен 1936 жылдың қыркүйек айында жазған «Жалбыр» пиесесі туралы автордың сөзi» деп аталатын ақырғы аманаты бар: «Жалбыр» пиесесі 35-жылы жазылып, сол жылы кiтап боп басылып шыққан едi, – дейдi жазушы. – 36 жылы Мәскеуге апарарда (Қазақ әдебиетi мен өнерiнiң онкүндiгi – С.Б.) бiрсыпыра өзгерiстер кiргiзiп, өңдеп берген едiм. Бұл баспасын сол соңғы өзгерiстерiме бiрсыпыра сәйкестендiрiп iстедiм. Әсiресе ақтық пердесiн өзгерттiм. Басқа перделерiн көбiне сол ескi күйiнде жiберудi мақұл көрдiм. Автор».

Бейімбет былай дейді: «Мен пьесада 1916 жылдың таптық көтерiлiсiнiң сырын ашуға тырыстым, езiлген, қанауда келген кедей, батырақ көпшiлiгiнiң қол ұстасып патшалыққа, патшаға арқа сүйеген бай-болыстарға қарсы шын ашынып, майданға түскенiн суреттемек болдым. Жалбыр дейтiн кiсi бұрынғы Қостанай уезi Дамбар болысындағы кедей едi. 1916 жылғы көтерiлiсте осы кiсi бастап атқа мiндi. Қостанай уезiнiң бiрнеше болыстары бiрiгiп, Торғай уезiндегi Амангелдi көтерiлiсiне атса­лыс­пақшы болды. Бастап атқа мiнгенде бүкiл Торғай өлкесiне атышулы алаяқ, Романовтың 300 жылдық тойына Қостанай уезiнен өкiл боп барған, шен алған Сайым Қадыров дейтiн болыс­ты өлтiрдi. «Жалбыр» пьесасына негiз боп алынған оқиға мiне осы едi. Музыка театрына арнап жазған пьеса болғандықтан бұл сияқты тарихи нәрсенi толық ұйыстырып беру оңай жұмыс болмады. Бұған бiр жағы театрдың жастығы, режиссерлердің тәжiрибесiздiгi болды. Пьеса көлемiн театрдың бойына шағындап қайта iстеуге тура келдi».

Анығында, тарихта болған Жалбыр Құдайбергенов есiмiн әдебиетке Бейiмбет Майлин алып келдi. Жиыр­масыншы жылдары жазушы шығар­ма­шылығында Мырқымбай қандай орын алса, отызыншы жылдары Жал­быр есiмi сондай биiкке көтерiлдi. Отызыншы жылдардың ойранында жазушыға «Жалбыр» пьесасына байланысты: «…Ғаббас Тоғжановтың кеңе­сімен алашордашыл Мiржақып Ду­ла­тов­тың кеңес өкiметiне қарсы әнiн пайдаланыпты; Тоғжанов оған Жалбырды шал қылып жаз деп кеңес берiптi» деген сияқты кiнә тағылғаны оның iстi болу құжаттарынан кездеседi.

Жазушы Жалбыр бейнесiн екi пьеса­­сын­да («Жалбыр», «Бiздiң жiгiттер»), сондай-ақ белгісіз «Ауыл» романында ішінара көрсетуімен бiрге, дербес көлемдi прозалық еңбегiнде де сомдады. 1936 жылы «Социалды Қазақстан» газетiнде үзiн­дiлерi ғана жария­ланып үлгiрген «Жал­быр» пове­сi жеке кiтап болып шық­қан жоқ. Повестiң алғашқы бөлiгiн ке­зiн­де про­фессор Т.Нұртазин iздестiрiп та­уып едi. Көп жылдар бойы белгiсiз болып келген бұл шығарманың қалған бөлігін кейін профессор С.Ордалиев үйiрiне қосты. Соның өзінде «Жалбыр» повесiнiң аяқталмай қалғаны (соңы табылмағаны) аңғарылады.

Бейімбет Майлиннің аяқталмай қал­ған, соңы табылмаған, жоғалған шығар­малары аз емес. Мысалы, 1934 жылы жеке кітап болып шыққан «Аза­мат Азаматыч» романы, академик М.Қаратаевтың жазуынша, «Бейiмбет прозасының ең көлемдiсi және ең соңғысы. Бұл трилогия болып бiтуге тиiстi романның бiрiншi кiтабы» екен.

Отызыншы жылдардың газеттерінен «Бейімбет «Тартыс», «Қазақ қызы», «Майдан» еңбектерiн жазып жүр… «Бейiм­­бет «Ауыл» деген роман жазып жүр, мұнда қалхоз құрылысындағы тап тар­тысы көрсетiледi. Онан соң «Қазақ қызы» деген романның екiншi бөлiмiн жазып жүр. Бұларды осы жылы жазып бiтiр­мек» деген хабарларды оқуға болады. Осы секілді хабарларды негізге ала отырып, Бейімбет мұраларын саралай келгенде, оның төлтума еңбектерiнен бүгiнгi күнге «Тартыс», «Ауыл», «Қоң­сы­лар», «Қы­зыл жалау», «Азамат Азаматыч» (2-кiтабы) романдары, «Дударай» операсы жетпегенін айтуға болады. Осы кезде жазылған «Ажар мен Досан», «Қош­қар ата алқабында» повестерінің де ізі шықпай келеді.

Егер шолып айтар болсақ, әдеби ортаға белгiлi көлемді еңбегі – «Қоң­сы­лар» рома­ны еді. Ол жеке кiтап болып шығып үлгермедi. Бiрақ 1932 жылдан бастап баспасөзде үзiндi түрiнде жариялана бастады. Роман үзiндiлерiн 1932-1935 жылдардағы «Әдебиет майданы», «Социалды Қазақстан», «Қазақ әдебиетi» сияқты мерзiмдiк басылымдар беттерiнен кездестіреміз.

«Қызыл жалау» сынды күрделі романы да жазушы қуғын-сүргiнге ұшыраған тұста қолды болып кетті. Тұтастай қол­жаз­басы әлі күнге дейін таптырмай келе­ді. Қанағат тұта­ты­ны­мыз – сүбелi туын­дының газет-журнал беттерiнде үзiн­дi күйiнде қалып қойған шашыраған ұш­қын­дары ғана. Жазушының өзiнен қалған сөздерге жүгiнсек, «Қызыл жалау» – қалхозы. Оның жұмысшылары шартпен Қара­ғандыға барады». Толық аяқталып және баспаның 1937 жылы жарық көре­тiн басылымдарының тiзбесiнде тұрған «Қызыл жалау» жеке кiтап болып шығып үлгермедi.

Ал «Тартыс» романы туралы дерек көп емес. Бұл шығарманың шағын үзін­дісі 1932 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланды. Бүгiнгi сүйенетініміз – осы жарияланым. «Тар­тыс» желiсi «Қоңсылар» романымен сабақ­тас. Мұнда 1916-1919 жылдардағы оқиғалар қамтылады. Және бұл оқиғалар Жақ­сылық Жола­ман­­ұлы есiмдi жас жiгiт­­тiң өмiрiмен байланыстыра баяндалады. Жазушы Жақсылықты қалай ер жет­кiз­бекшi едi? Қандай дәрежеге көтер­мек-тi? Өкiнiшке қарай, бәрi жұмбақ. Баспа­сөз­де романның басқа үзінділері кездеспейді. Бiзге мәлiм дерек бо­йынша, жазушы бұл шығармасын 1929 жылы аяқтап, басқа атаумен баспаға берген. Бiрақ өзінің жазуынша, «сол шiркiн ұнаң­қырамай қалып», қайта жазуға кiрiс­кен. Осы қайта жазу нәти­же­сiнде роман атауы «Тартыс» деп өзгертiлген. Бұ­рынғы жазғандарын түгелдей пайдаланбай, тыңнан қосып дамыт­қан. Соған орай жазушы мұра­ға­тында «Тартыс» романының екi нұсқасы болған деп жорамалдай ала­мыз. Жалғыз жұрнағы жеткен «Тартыс» романы – отыз жетiнiң ойранында жоғалған жәдiгердің бiрi.

«Ауыл» романы жеке кiтап болып басылған жоқ. Зерттеушiлер «Ауыл» рома­нының атын атағаны болмаса, затын түстей алмай келді. Өйткенi шы­ғар­­ма мәтiнi сақталмаған деп санал­ды. Алайда, «Ауыл» романының аз ғана үзiндiсi бар болатын. Аталмыш шы­ғар­маны алғаш рет «ұзақ әңгiмеден үзiндi» деп жариялаған басылым «газе­тi­мiзде орын тар болғандықтан бұл әңгiменi қысқартып бастық» деп ескертпе жасаған. Шынында да, газеттегі мә­тін шығарманың айтарлықтай ықшам­дал­ғанын байқатады. Ал бұл «ұзақ әңгi­ме» Бейiмбет Майлиннiң бiрде бiр кiтабынан кездеспейдi. Ол – әдеби-ғы­лы­ми айналымға түспеген тың туынды. Роман оқиғасы жазушының 1935 жылғы «Бiр суреттiң тарихы» әңгiмесiн еске салады. Әңгiмеде бас кейiпкер Шәкiбай Шаңырақбайұлы болса, «Ауылдың» өзегi – Шаңырақбай. Екеуiнде де ақтар әскері офицерінің суретi демеушi деталь ретiнде пайда­ла­нылған. Соған қарап, «Бiр суреттiң тарихын» «Ауыл» романының ізашары не басқа нұсқасы деп санауға болады. «Ауыл» романында 1916 жыл оқиғаларынан басталып, отызыншы жылдарға дейiнгi оқиғалар суреттелген.

«Басылмаған романның бір тара­уы» деген айдармен жарияланған «Қа­ра­­­шаш» атты шығармасы да толық нұсқасы табылмаған еңбектерінің қата­рын­да. Мұнда суреттелетiн оқиғалар «Қоңсылар», «Азамат Азаматыч», «Тартыс», т.б. туындыларын еске салады. Со­лардың бастапқы, үзінді түріндегі әдеби нұсқалары деп те жобалауға да бола­ды.

1936 жылы «Сталин жолы» журна­лы­ның үш нөмiрiне «Күлегеш жеңгей» атты көлемдi көркем шығармасы ба­сыл­ды. Бұл да журналға шыққан күйiнде қалып қойды. «Күлегеш жең­гей­дiң» мынадай кейiпкерлерi бар: Доскелдi Құлтабанов, Тобақабыл, Күлегеш, Нұртай мырза, Ақмаңдай, Қожамұрат кекеш. Біздіңше, бұл – жазу­шы­ның көлемдi дүниеге бағыт ұстаған, қаламгерлiк баяндау мәне­рiн, өзiндiк жазу үлгiсiн айқын аңғар­та­тын, аяқталмай қалған көркем шығар­ма­сының бірі.

Бейімбет Майлин тұтқынға алынған кезде тәркіленген, архивтерде сақталуы мүмкін ғой деп саналып келген қолжаз­ба­ларын, кітаптарын, басқа да жазбаларын қайтару жөнінде кезінде біздің бастамамызбен арнаулы органға өтініш жасалған еді. Нәтижесінде бұрын екі адам (арнаулы қызмет өкілдері) ғана қол қойып танысқан Б.Майлиннің қыл­мыс­тық ісінің материалдарымен біз­дің үшінші болып танысуымызға, ал зерт­теушілер арасынан бірінші болып осы істі басынан аяғынан дейін еркін парақтап шығуымызға мүмкіндік туды. Осы жолы архивтер қорында Бейімбет Майлинге қатысты қылмыстық істен басқа ешқандай шығармашылық еңбектердің сақталмағандығы тағы да белгілі болды. Өйткені ең алғаш рет мұндай өтініш өткен ғасырдың 50 жылдары Бейімбет ақталған бойда зайыбы Күнжамалдың атынан түскен екен. Оған да Бейімбет еңбектерінің архив қорларында сақталмағандығы туралы жауап беріліпті. Міне, осындай жайттарды саралай келгенде, жазушының кезінде қолды болған белгісіз шығармаларын табу жолы жыл санап қиындап келе жатқанына көз жете түседі. Ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтің өзі: «…Бейімбеттің «Қазақ қызы», «Қызыл жалау» дейтін романдарын қатарға қоса алмадым…» деп өкінген екен. Демек, бейімбеттану саласындағы алдағы күндерден үмітті зерттеулердің ендігі мақсаты – сол шы­ғар­­малар үзінді күйінде болса да жарық көрген байырғы мерзімдік басылымдарға бой­лау, сақталуы мүмкін жазушы ең­бек­­терін іздеу, табу, қайта жариялау, сөйтіп Бейімбет Майлиннің әдеби-публицистикалық мұрасын қолдан келгенше толықтырып, молайта түсу. Әрине ізденіс жалғаса береді.

Серікқали БАЙМЕНШЕ, филология ғылымдарының докторы,Қазақстанның құрметті журналисі, бейімбеттанушы Мәскеу