Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» мұражайында Торғай көтерілісінің бас қаһармандарының бірі Кейкі Көкембайұлын еске алуға арналған «Ер Кейкі ел есінде» атты тағылымды іс-шара өтті. Осыдан дәл жүз жыл бұрын ұлт азаттығы жолында оққа ұшқан ат үстіндегі ақырғы жауынгердің рухына тағзым ету кешінде Кейкінің ерлігі мен мергендігі жайында ел жадында сақталған аңызға бергісіз әңгіме-естеліктермен қатар, батырдың әдебиет, музыка, кино және драматургия өнеріндегі көркем бейнесінің сомдалуы төңірегінде сөз болды.
2017 жылы Арқалықтан Торғайға баратын тас жолдың бойындағы Тасты ауылының тұсында ғасырға жуық уақыт бойы жат қолында жатқан батырдың бас сүйегі туған жер қойнына тапсырылып, еңселі кесене тұрғызылғаны белгілі. Қабірге қас баһадүрдің қаны төгілген Жалаулы қонысынан әкелінген топырақ салынды. Музейге жиылған көпшілік Кейкі кесенесінің бүгінде өңір жұртшылығының арнайы келіп ат байлап, дұға етіп, Құран бағыштайтын киелі орынға айналғанын айтты.
Халық батырының көркем әдебиеттегі бейнесі туралы баяндаған ақын әрі жас та болса өлке тарихының тірі шежіресі атанған зерделі ғалым Батырлан Сағынтаев аты аңызға айналған қол мергенге арналған сол кезеңде өмір сүрген халық ақындарының жырларынан бастап, кейінгі жылдары жазылған тарихи дастандарға дейінгі аралықтағы шығармалар жайында тарқата айтып өтті.
– Кейкі батырдың ерлік өнегесі халық жадында мәңгі сақталғанымен, кеңес дәуірінде есімі ғылыми-зерттеулерден алынып тасталды. Соған қарамастан, батырдың бейнесі кеңестік әдебиетте кең көрініс тауып, майталман жазушыларымыздың шығармаларында шындық астарланып берілді. Мұндай туындыларға Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» пьессасын, М.Қаратаевтың «Даладағы дауыл», Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романдарын жатқызуға болады. М.Қаратаев, Қ.Сәрсекеев, А.Нұрманов сынды жазушылар батыр жайлы естеліктерді жастайынан бойларына сіңіріп өскендіктен тарихи ақиқаттан алшақ кетпеген. Заңғар жазушы Ғ.Мүсірепов ХХ ғасырдың 30-жылдары Аманкелді Имановқа қатысты материалдар жинау үшін Торғай өңірін аралаған, 1916 жылы шайқас болған жерлерді көзі көрген, батырдың жарымен кездескен, көнекөз қариялардың естеліктерін тыңдап қағазға түсірген адам және осы сапарында Кейкіге қатысты әңгімелерге де қаныққан, – деді Б.Сағынтаев.
Кейкі жайлы көркем шығармалардың ең соқталысы – Ақан Нұрмановтың 1968 жылы басылып шыққан «Құланның ажалы» романы.
Ғалымның айтуынша, тарихтағы Кейкі мен Құланның арасы алшақ. Кейкі 1922 жылы қаза тапса, романда 1924 жылғы оқиғалар суреттеледі: «1922 жылы Кеңес өкіметі әбден мойындалды. Бірақ Құлан Кеңес өкіметінен қашып-пысып жүр. Сол заманның озбырлығын, белсенділердің халыққа қалай тізе батырғанын кеңірек суреттемек болған. Мұның арғы жағында қызыл террор жатыр. Роман осындай көркемдік шындығымен де құнды бола түсер еді, әттең! Өйткені романның басы мен ішінде суреттелетін оқиғалар соған меңзеп тұр».
Тәуелсіздік жылдары Кейкінің көркем бейнесін жасаған ақын Серік Тұрғынбеков болды. Кейкі батырға арналған әдеби шығармалардың тағы бір парасы батыр бабамыздың басы елге оралып, туған топырағына жерленгенде жазылды.
– Олардың қатарында жергілікті ақын-жазушылардан Хамитбек Мұсабаевтың «Мергеннің монологы», Абай Қажиевтің «Бас сүйектің сыры», Мұрат Жүнісұлының «Кейкі баба», Тоғайбай Бабыровтың «Батырға арнау» өлеңдерін, Серік Жұмабековтің «Құламерген – ұраным» өлеңдер топтамасын, Әлпия Орманшинаның «Кейкі батыр» поэмасын жатқызамыз. Қазақтың көрнекті ақындарынан Дәулеткерей Кәпұлының «Қараторғай жағасы», Ғазез Ештанаевтың «Кешір, баба», Жұмаш Сомжүректің «Отанына оралды Кейкі мерген», Әскерхан Ақтайдың «Бұлттан асқан байрағы» толғауы, Абылай Маудановтың «Кейкінің киесімен қоштасуы» мен «Ақырғы қазағы», Жандос Жүсіпбектің «Кейкі-тағдыр» өлеңі де батырдың рухын асқақтататын құнды дүниелер болып қалмақ, – деді жас ғалым.
Басқосу барысында Кейкінің драматургия мен кинемотографиядағы көркем бейнесін сомдаған С.Тұрғынбековтің «Құлан қыпшақ Кейкі батыры» мен А.Маудановтың «Кейкі батыр» драмалық шығармасы, Абдолла Қарсақбаевтың «Даладағы қуғын», Амангелді Тәжібаевтың «Ақырғы аманат» киноленталары жайлы айтылды. Сондай-ақ А.Тәжібаевтың А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романының желісі бойынша түсірілген фильмі мен Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев ойнаған телеспектаклі, Мұрат Бидосов түсірген «Кейкі батыр» телесериалы да назардан тыс қалған жоқ.
Жергілікті өнерпаздар халық батырының музыкадағы бейнесін жасаған күйші Айтбай Мұздахановтың «Құлан жортқан», «Кейкінің салауаты» күйлерін, Кенжеболат Ахметовтің батырдың бас сүйегі туған жер топырағына тапсырылғанда шығарған «Дала қыраны» күйін орындады.
Тағылымды шараға жиналғандар одан кейін мұражай қызметкерлері жасаған «Ер Кейкі ел есінде» көрмесін тамашалады. Көрмеге мұражай қорындағы Кейкі батыр үйінің кебежесі, Ә.Қастеев салған Амангелді батырдың портреті, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс жайлы шығармалар жазған Омар Шипин, Сәт Есенбаев секілді ақындардың қолжазбалары, Кейкі батырға қатысты жазылған кітаптар қойылған.
Жиын соңында кейкітанушы Әубәкір Қылышбайұлының жақын туысқаны Мұхамед-Рақым Спандиярұлы ортаға шығып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Музейдегі еске алу шарасы аяқталған соң жиынға қатысқан батырдың аталас туыстары, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының жанындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен музей қызметкерлері Амангелді ауданы Тасты ауылының жанында орналасқан Кейкінің кесенесіне барып, батыр рухына Құран бағыштады.