Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жарқын жобалармен танысты

1 апреля 2022 11:00 • 586 просмотров

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ауыл – Ел бесігі» жобасы мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды аралады. Сонымен қатар облыс тұрғындарымен және қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездесті.

ҰЭМ басшысы Заречное ауылындағы қуаттылығы 50 МВт «Ыбырай» жел электр стансасының құрылысы барысымен танысты. Жобаның құны — 26 млрд теңге. Тапсырыс беруші – «Жел Электрик» ЖШС, инвестор – MISTRAL ENERGYPTE., LTD, басты мердігер – UE POWER ENGINEERING (QAZAQSTAN) ЖШС. Жел электр құрылғының әрқайсысы сағатына 3,2 МВт қуат өндіреді. «Ыбырай» станциясынан алынған электр қуаты KEGOK энергия станциясына беріледі.  Ал ұлттық оператор оны таратады. Қарапайым тілмен айтқанда, Қостанай қаласы жазда сағатына 60 МВт, қыста 90 МВт, облысымыздағы аудандар орташа есеппен 15 МВт энергия тұтынады екен. Ал «Ыбырай» жел электр станциясынан алынатын қуат көзі 3 ауданға жарық бере алады деген сөз.

– Құрылыс жұмыстары кезінде 200-ден астам жұмысшы жұмылдырылды. Қазір тұрақты түрде 16 адам еңбек етеді. Станция кеңсесінің ішінде жел қондырғыларының жұмыс істеуі монитордан бақыланып отырады. Сол кеңсе ішінде вахталық жұмыспен келетіндерге арналған бөлмелер, ас үй қарастырылған, – деді станция басқарушысы Алмат Исенбаев.

Қостанай қаласында Ұлттық экономика министрі Қазақстандағы ең ірі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші «АгромашХолдинг KZ» зауытында болды. Ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанда кәсіпорын 5,5 млрд теңгенің өнімін шығарған. Өндіріс 423 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сол күні министр Қостанай облысының тұрғындарымен және қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездесті. Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту, ауылдарды дамыту, әлеуметтік нысандар салу, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша тұрғын үйді кредиттеу мәселелері қозғалды.

– 2021 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 4% құрады. Ел экономикасының сапалы дамуы үшін біздің Министрлік бірқатар тиісті шараларды қабылдауда. Мәселен, бүгінгі таңда өндірісті ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл өз өнімдерін сату кезінде жаңа бизнес кәсіпорындары үшін қосымша құн салығын 70%-ға төмендету. Бұл өңдеу өнеркәсібіндегі шағын бизнес субъектілері үшін жаңа негізгі қорларға инвестицияланған жағдайда корпоративтік табыс салығы пайдасынан босату. Министрлік әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шараларын қабылдауда. Бұл мүлік салығының төмендетілген ставкасы және қызметкерлерді оқыту шығындарын екі есе шегеру, – деді Ұлттық экономика министрі.

«Биыл «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беруге 20 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде Қостанай облысында 246 маманға 1 млрд.-тан астам теңге бөлінеді», — деді Ә.Қуантыров.

Министрдің айтуынша, өңірде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы қарқынды іске асырылуда. Ағымдағы жылы республика бойынша 120 млрд теңге бөлінді. 570 ауылдық елдімекенді қамтитын 1 044 жоба жүзеге асырылады. Қостанай облысында 32 ауылды қамту жоспарлануда.

Министрлік сонымен қатар, өңірлік саясатты жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Өткен жылы Қостанай облысында 750 млн теңге сомасындағы 4 жоба іске асырылды.

«Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін өңірлерде ШОБ-қа жеңілдетілген кредит берудің жаңа тетігі енгізілді. Аталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай туғызады», – деді Ұлттық экономика министрі.

Әлібек Қуантыров «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде өткен жылғы қорытынды бойынша Қостанай облысында жалпы сомасы 45 млрд теңге кредит сомасындағы 1 мыңнан астам жоба субсидияланғанын атап көрсетті.

Министрдің сөзінше, әкімшілендіру мен салық төлеуді оңайлату жөнінде шаралар қабылданған. Атап айтқанда: мобильді қосымшаны қолдана отырып, жаңа арнайы салық режимін енгізу; шетел валютасын теңгеге айырбастауды жүзеге асырған бизнес субъектілері үшін қосымша құн салығын қайтару шегін валюталық түсімнен кемінде 50%-ға дейін 70-80%-ға дейін ұлғайту; ең төмен жалақы мөлшерін есептік көрсеткіш ретінде пайдалануды болдырмау және оны айлық есептік көрсеткішке аудару.

– Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамытуды жан-жақты және тікелей қолдауға қатысты Министрлік қабылдайтын шаралар бойынша жеке тоқталғым келеді. Ол үшін Министрлік 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруда. Осылайша, кәсіпкердің несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау 6% жылдық мөлшерлемемен қарастырылған, онда несие сомасы 3 млрд.теңгеге дейін құрайды. Сондай-ақ, кредиттер бойынша кепілдік беру 360 млн теңгеге дейін, бұл ретте кепілдік мөлшері 85%–ды, ал 1 млрд теңгеге дейінгі кредиттер бойынша 50%-ды құрайды, – деді Ә.Қуантыров.

Тұрғындармен және қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездесуден соң, ҰЭМ басшысы азаматтарды жеке қабылдау өткізді.

Жұмыс сапарының екінші күні шеңберінде министр Алтынсарин ауылында болды. Ол «Ауыл – Ел бесігі» бойынша күрделі жөндеуден өткен Алтынсарин жалпы білім беретін мектебін аралап көрді. Мұнда 200 бала оқиды.

Министр сонымен қатар МЖӘ бағдарламасы бойынша салынған нысандарды аралады. Олардың қатарында Қостанайдағы жаңа Мұз сарайы да бар. Құрылыс алаңы 8 мың шаршы метрден асады. Ол 2 500 орынға есептелген. Сонымен қатар МЖӘ шеңберінде қалада 50 метрлік бассейн салынды. Ауданы шамамен 4 мың ш.м.

Бұдан басқа, ҰЭМ басшысы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінде болып, онда тариф саясатын талқылады.