Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ахаңның батасын алған тергеуші

8 апреля 2022 12:30 • 707 просмотров

ҚостанайдағыЫбырайАлтынсаринмемориалдықмузейіндеАхмет Байтұрсынұлынан 1937 жылы ең соңғы рет жауап алған НКВД тергеушісі Хамза Нұржановтың аудио естелігісақтаулы тұр. Көлемі 40 минуттай болатын құнды аудиожазбаны музейге қарт чекистің немересі Саян Нұржанов әке­ліп тапсырыпты.

Тергеушінің әңгімесін 1991 жылы «Торғай таңы» газетінің тілшісі Төлеген Сейдахметов пен аудандық радионың қыз­мет­кері Сұлтанғали Бейсекеев жазып алған.

Хамза Нұржанов 1904 жылы 1 қаң­тар­­да сол кездегі Қараторғай болысы, бү­гін­гі Амангелді ауда­ны­ның Байғабыл ауылында дү­ние­ге келген. Алғаш болыс Түр­ке­байдың Баймұраты ашқан ауыл мектебінен сауат ашқан зерек шәкірт кейін Батпаққарадағы екі сыныптық мектепті тәмамдап, одан Торғайдағы Иванов мек­те­бінен 4 кластық орысша білім алып шығады. 1927-1930 жылдары Орынбордағы рабфакта оқиды. Одан елге келіп, партия жұмысына араласады. 1931 жылы аудандық қауіпсіздік комитеті бас­тығының орынбасары болып та­ғ­айындалған Х.Нұржанов Бат­пақ­­­қара көтерілісіне қатысты қыл­­­­мыс­тық істі тергеп көзге тү­­сіп, көп ұза­май Ал­матыдағы іш­кі іс­тер халық комис­сариатына тер­­геу­ші қызметіне ауыс­ты­рыл­ған екен.

– Былтыр сәуір айында алғаш болып Алаштың рухани көсемі Ахмет Бай­тұрсынұлының 150 жылдығына ар­налған «Ұлы дала­ның ұлы тұлғалары» атты көш­пелі көрме ұйымдастырдық. Осы шара барысында сексен жас­­тағы тергеушінің өз аузынан диктофонға жа­зылып алын­ған әңгімені тыңдадық. Көр­ме­нің ашылу рәсіміне арнайы келіп қатыс­қан Алматыдағы Ахмет музей-үйінің директоры Райхан Имаханбетке осы аудио­жазбаның көшірмесін тарту еттік. Хамза Нұржанов – Аман­гелді Иманов, Кейкі батыр, Әб­діғапар хан сын­ды тарихи тұлға­лардың көзін көрген адам. Бүгінде тергеушінің естелігі ең құнды жәдігерлеріміздің қата­рында тұр, жан-жақтан сұрап, қызығушылық танытып жат­қан­дар да көп, – деді музей басшысы Марғұлан Оспанов.

Тарихи естелікті біз де бастан-аяқ мұ­қият тыңдап шықтық. 1933 жылдың қара­­шасында Х.Нұр­жа­нов қызмет ба­бы­­мен Арал өңіріне ауысыпты. Одан Ал­ма­тыға шақыртылады. Мұнда бір жыл­дық жедел тергеушінің оқу­ын үздік бітіріп, НКВД жанынан жұмыс істей­тін мемлекеттік саяси басқарманың уәкі­лет­ті өкілі болып қызметке кіреді.

Естелік «Естеріңде бар шы­ғар, Шы­рақ­­бек Қабылбаев деген ішкі істер ми­­нис­трі болған, сол екеуімізді қызметке алып қалды. 3-ші бөлімде жұмыс іс­те­дік. Бөлім бастығы – Вахтанг Хворосян деген подполковник. Соның қарамағында істедік. 1937 жыл. Бір күні қызмет үстінде сол кісі кабинетіне шақырып ал­ып: «Осында түрмеде Ахмет Бай­тұрсынов дейтін ескі Ала­шор­даның бастығы отыр. Со­ның тергеуін сен аяқтайсың. Са­ған сеніп тапсырып отырмын. Бірақ байқа, ол «старый волктың» нағыз өзі. Оның Кеңес өкі­метіне істемеген қас­тандығы, қарсылығы қалған жоқ. Үл­кен дайындық керек. Жан-жақты да­йын­­далып, тергеуді аяқтайтын бол, деді. Ахаңмен сөйлесу үшін архив қаз­дым. НКВД-ның үлкен бір бөлмесі тол­ған Алашорданың құжаттары екен. Сол документтерді қопарып, Ахметтің көп­теген кітаптарын оқып, еріксізден өлең­дерін жаттадым. 5-6 күнге дейін қақыр­ғам жоқ» деп басталады.

Бұл жерде айта кететін бір нәрсе бар. Алаш көсемін бұған дейін тергеп, ең ауыр жаза та­ғайын­дауға жеткілікті ілік­тің бә­рін мұқият түгендеп, жетер же­­ріне жеткізіп қойған тісқақ­қан бас тергеуші, 3-бөлімнің бастығы әккі Вахтанг Хво­ро­сян алдындағы айыпталушының екі­нің бірі емес, телегей-теңіз білім иесі, Орынбор, Қазан, Уфа, Ташкент төңі­ре­гіне белгілі қайраткерлер мен зиялыларды былай қойғанда, бүтіндей бір ха­лық­тың арқа тұтқан ардағы, аса қадірлі адамы екеніне әбден көз жеткізгендіктен құдай мен келешек алдындағы ауыр жауап­кер­шіліктен қорқып, істің соң­ғы нүктесін қоюды өз қара­ма­ғында қызмет атқарып жатқан қатардағы тергеушіге ысырған сияқты.

Бұлай дейтініміз, Ахаң өзінің соңғы тергеушісі қойған сұрақ­тар­ға жауап бер­генде ақта­луға еш ұмтылмайды. Орыс өктемдігіне қарсы екенін бүкпесіз ай­та­ды. «Қарағым-ай!», «Шырағым-ай!» де­ген қаратпаларды қыстыра отырып, алдында НКВД өкілі емес, жас бала отырған сияқты жауап қатады. Со­ған қара­ғанда, сұң­ғыла ақыл иесі өз тағ­ды­рының әлдеқашан шешіліп қой­ға­­нын Хамза тергеушіні көріп, біл­мей тұр­ған­да-ақ сезсе керек.

Қарт тергеуші мүдірмей жатқа оқып, аудио­жазбада қалдырған шығар­ма­лар­дың мазмұнына үңілсек, тергеушінің Ахаңның «қылмысын» дәлелдеуге сеп­ті­гі тиіп қалады-ау деген көсемсөздер мен өлеңдерді іріктеп жаттағанын аңға­ру­ға болады. Ойымызды растау үшін қысқаша үзінді келтіре кетейік.

«Мен Ахаңа сіз 1917 жылы Орын­бор­да өткен Бірінші жалпықазақ съезіне қатыстыңыз. Өк­і­метке қарсы болдыңыз. Кеңес өкіметіне. Не себепті қар­сы бол­ды­ңыз? Сіздің «Көк есек­­терге» деген өлеңіңізде: «Не жа­зып ем, Құдай-ау, мен қа­зақ­­қа, мүбтала салғандай бұл азапқа, адамшылық есебіне кірі­сіп, қолы жетсін дегендік пе азатқа? Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным? Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым?», депсіз. Ал «Анама хатыңызда»: «Бара алмай, өтірікші болып әбден, Семейдің түрмесінде отыр балаң. Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ. Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!» деп тағы жазыпсыз. Еңбекшілердің өкіметіне неге қарсы болдыңыз? Ақ патша Ақтас, Байтұрсын әкелеріңізді итжеккенге айдатып еді ғой. Сол кезде 13 жаста екенсіз. Жуаннан қорлық көре тұра кедейдің өкіметіне неге қарсылық білдірдіңіз?, деп едім толық жауап бере қоймады. Тек «Ай, шырағым-ай, қазақ дербес өкімет бола ма деген ұмтылыс қой. Әр нәрсенің өз заманы болады!» деп қысқа қайырды, – дейді ардагер тергеуші.

Қарт чекистің айтуына қара­ғанда, Ахмет Байтұрсынұлы өте мәдениетті, сыпайы адам бол­ған. Өлеңдерін жаттап алған тергеушіге «Зерек бала екенсің», деп ризашылық білдіріпті. Сол кезде Хамза Нұржанов 33 жаста болса, Ахаң 65-те екен.

– Ахаң екеуміз жолдас бол­дық біраз күн тергеуде, әрине. Жасыратыны жоқ, өкі­мет­ке қарсы болды ғой. Өзі «халық жауы» бола тұра, маған алғыс айтты. Сіз ғалым адамсыз, әттең бірақ өз өле­ңі­ңіз өзіңізге қарсы айғақ беріп тұр деймін. Ахаң: «Зерексің», деп жымиған болады. Сөзге ұсталығы, сөйлеу мәнері ерекше еді. Өте орнықты адам болатын. Асып-сасу дегенді білмейтін сабырдан сомдалған жан еді. Ол кезде егде тартып қалса да, үнемі сақалын қырып, өзін өте таза ұстайтын. Қыс­ты­рып қоя­тын көзілдірігі бар. Алтын шынжы­рын құлағына іліп қояды. Орыс кем­­пірі бар, он күн-он бес күн сайын тоқ­­таусыз кездесуге келіп жүрді. Каби­нет­тің шетіне отырғызам. Екеуі әң­гі­ме­лесіп, шүйіркелесіп, тамағын бе­ріп отырады. Әбден сөйлесіп болған соң, «Аха, болдыңыздар ма?», деймін, «Болдық», дейді. Мен де өзімді сыпайы ұстадым. Өйткені, данышпан адам ғой. Түрмеде басқа тергеуші жауап алып жатқандармен бірге отырды ғой. Ең соңғы кездескенімізде: «Басқа тергеушілерге барғандар зәбір көріп келеді екен, қарағым. Әділ адам екенсің, не зорлығың жоқ, не сөгісің жоқ. Үй-ішіммен кездесу сұрасам, бір сөзге келмей рұқсат беріп тұрдың. Құдай беретін адамсың, шырағым!», деді. Ахаңның берген батасы қабыл болған шығар. Құдайға шүкір, бүгінде өз кіндігімнен тараған жетпіске тарта ұрпағым бар, – депті тергеуші.

Қызыл коммунист Хамза ақсақал 98 жасында дүние салды. Өмірінің соңына дейін Амангелді ауданындағы Байғабыл ауылында тұрды.

– Енді НКВД-да неше түр­лі тергеу­ші­лер болған ғой. Бірақ соның ішін­де менің әкем – қазақша таза сөйлейтін, Ахмет Байтұрсыновтың бүкіл шығар­ма­­шылығын жақсы білген кісі. Орыс-қазақ тілін бірдей біл­ді. Әкем марқұм: «Ахаңның ісін маған бер деп сұрап алған жоқпын. Революция жауынгері ретінде бас салып тапсырады. Соны істейсің, міндетіңді дұрыс атқармасаң, басың кетеді. Тергеуші де қыл үстінде, бақы­лаудың үстінде бақылау ғой. Сол кезде көптеген тергеуші жауапқа тар­ты­­лып кетті» дейтін. Біз Ахаңның өлең­дерін бала кезімізден әкемізден ес­тіп, біліп өстік. Әкем жарықтық Ахаң­ның шығармаларын жатқа айтып, өнегесін бізге өсиет етіп отыратын. «Ахмет данышпан, әулие адам еді. Жаны мен ары, ойы мен бойы таза еді. Ол кісімен кездесіп, аз күн әңгімелескенім құдайдың маған берген сыйы деп білемін. «Шырағым» деп сөйлейтін» деп отыратын әкем. Әкем Ахаңның батасын алған адам. Әкеме дейінгі тергеушілер Бәдрисапа анамыздың түрмеге алып келген тамағын бергізбей, кездестірмей ұстапты. Басқа тергеушілердің көбі ұйықтатпай тергеу тәсілін қолданған. Біз­дің әкеміз керісінше екеуін кездестіріп, тамағын бергізіп, ерлі-зайыптылардың ұзағырақ бірге болуына мүмкіндігінше жағдай туғызуға тырысқан. Ахаң әкем отырған кеңсеге жеті сайын жауапқа келіп, жеті сайын Бәдрисапамен кездесіп отырған. Соған разы болған Алаш көсемі әкеме «Қашанда осындай адал бол! Өркенің өссін, үбірлі-шүбірлі бол! Білімді жастар, сендер аман болыңдар, халықтың игілігіне жұмыс істеңдер», деп ақ батасын беріпті. Содан, міне, әкеміз кіндігінен тараған 4 ұл, 4 қызды бағып-қағып, жақсы тәрбие беріп өсірді. Әкем Ахаң заманның қалыбына сыймай кетті дейтін. Мен өзім – құрылыс инженерімін. Жұмыс бабымен Ахаңның Ақкөліне жиі барып тұрдым. Кезінде Арқалықта «Торғай ауыл құрылысы» деген болған. Сол мекеме Ақкөлде жаңа мектептің құрылысын бастап, содан ол тұрыңқырап қалған екен. Қостанай облысында департамент басшысы болып жұмыс істеп жүргенде, Ақкөлге құрылыс жобалау­шы мамандарды апарып, жергілікті халықпен кездесіп, мектепті аяғына дейін салдыртып бер­ген­мін. Мұны да тағдырдың өзіме деген сыйы шығар деп жорамалдаймын, – деді бүгінде Қостанай қаласында тұратын тергеушінің ортаншы ұлы Жомарт Нұржанов.

Музейдегі аудиожазбада: «Ахметтің сотына қатыса алды­ңыз ба? Соты қалай өтті? Өкім қалай шығарылды? Орын­дал­уы қалай болды?», деп сұраған тіл­ші­ге қарт коммунист «Ондайға бізді қатыстырмайды. Әскери соттың көшпелі алқасы деген келеді. «Үштік» дейді оны. Кілең жоғарғы шенді офицерлер. Ахметтің соты басталып жатқанда мені де алдыртты. Ахаң тұр, әйдіктер отыр. Бір офицер: «Тергеушінің қолындағы құжатқа зорлықпен қол қойған жеріңіз болды ма?», деп сұрады. Ахаң: «Жоқ, маған бұл тергеуші ешқандай зорлық жасаған жоқ. Өзімнің айтқанымды жазды», деді. Осыдан кейін мені сот болып жатқан жерден шығарып жібер­ді. Сот не үкім шығарды, Ахаңды қайда жіберді, онда шаруамыз жоқ. Үкімді жаңалайтын болса, оған дейінгі тергеушінің жүйкесі бұзылады, дұрыс тергемейді деп қа­тыстырмайды олар. Тәртібі солай. Үкімді орындаушылар жазаланушыны басқа жаққа алып кетеді. Ал Ахметке қатысты бір­неше тергеудің қорытындысы бар. Алдында сотталған. Маған дейінгі тергеу құ­жат­тары бар. Үкім шығарар кезде соның бәрі ескеріледі. Ол енді белгілі Кеңес өкіметіне қарсы адам. Одан басқа не дейсің енді?», деп жауап беріпті.

Асыл Ахаң, осылайша, қанды қапас­тан қайта шығар жол жоқ екенін анық біле тұра, ымырасыз майданның қарсы шебінде тұрған жас коммунисті жаман­дық­қа қимаған. Керісінше, тергеушінің амандығын тілеп, батасын арнап, алғыс айтып кетіпті.

Нұрқанат Құлабаев, egemen.kz