Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Арзан баға алаңы

29 апреля 2022 16:00 • 271 просмотров

Қостанай қаласында кең ауқымды азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Оған облыстың 11 ауданы мен 2 қаласының кәсіпкерлері өнімдерін әкелген. Бұл жолғы жәрмеңке мамыр айындағы мерекелерге орай ұйымдастырылды.

Сауда сөрелерінде ет, сүт, ұн өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс молынан болды. Баға әдеттегідей нарықтағыдан 15–20% арзан болды. Дегенмен, көпшіліктің пікіріне қарағанда, мұның өзі тұтынушыларды аса қуанта қоймаған сыңайлы. Мәселен, сиыр етінің келісі 2300, жылқы еті 2500, бройлер 950 теңгеден сатылды. Яғни базардағы осыдан 1–2 ай бұрынғы бағалар.

«Облыс орталығынан 40 шақы­рым жердегі ауылдан жылқы етін аламыз ба деп келіп едік. Осыдан бірер ай бұрын базардан сатып алып кеткен бағама тап болдым. Демек, нарықтағы құны 3 мыңға жуықтаған болып тұр ғой. Амал жоқ, арнайы келген соң ақшамыздың жеткенінше аздап алдық», – дейді Серік Мұхамбедин.

Тіпті жәрмеңке басынан бос қайтып, бұл маңнан әлдеқайда арзан сауда нүктелерін тауып алған қостанайлықтар да бар екен.

«Мұнда картоптың келісі 180–240 теңгеден, жұмыртқаның ондығы 330 теңгеден, қара мал еті 2300 теңгеден сатылып жатыр екен. Сөйтіп, ОЛХ қосымшасы арқылы «Складской» базарынан арзандау нүкте бар екенін көрдім. Сонда барып, картопты 165 теңгеден, жұмыртқаны 300, етті 2100 теңгеден сатып алдым», – дейді қалтасына үнем жасаған Кәкімжан Жұматаев.

Бірақ қалайда жәрмеңкеде сауда жүрмей, өнімдер өтпей қалған жоқ. Молынан сауда жасауға алыс-жақыннан келген қалың жұртшылық себеттерін толтырып әкетіп жатты.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор