Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Сыйластығымызға сызат түспей өтті

3 мая 2022 16:25 • 749 просмотров

Әрі ағам, досым, сыныптасым Мәлік Тоққожаұлы туралы сыр

Мәкең жайлы сөз қозғағанда, ойға көп дүние оралады. Екеуміз бала күнімізден бірге өстік, бір сыныпта оқыдық, өмір жолында да қатарласа бірге жүрдік, қашан көзі жұмылғанша сыйластығымыз ажыраған жоқ. Қазақта «әкесі татудың баласы тату» деген сөз бар ғой. Біздің әкелеріміз заманы бір, пейілі жарасқан жандар болды. Оның бір айғағы ретінде мына бір оқиғаны айта кетсем деймін.

Менің әкем Айдархан, ағайын-туысы бар болғанымен, бір атадан жалғыз екен. Өзі де ұзақ жылдар бала тоқтамай, жүдеу көңіл боп жүреді. Сол уақытта, Баймағанбет әкеміз інім мұқалмасын, еңсесін көтеріп жүрсін деген ниетпен, өзінің Қабжәлелден кейін туған Әмір деген баласын әкемнің бауырына салады. Іштен шыққан баласын кім басқаға қиғандай, бірақта сол сол замандағы кісілердің мықтылығы, бауырға деген жанашырлығы ғой. Бір шаңырақтың оты сөнбесін, ізі үзілмесін деген ізгі ниетті бәрінен биік қойған бабаларға қалай риза болмассың. Марқұмдардың рухы шат болсын!

Алланың сынағы шығар, Әмір де көп тұрақтамай, шетінеп кетеді. Бұл ішінен шыққан перзентінен айрылған Баймағанбет әкемізге де, артымда тұяқ қалсын деп жүріп ағасының баласын өз қолынан жерлеген менің әкеме де оңай тимегені анық. Әйтсе де, жоқтықты да, тоқтықты да көрген жандар сыр білдірмепті. Сыйластығына сызат түсірмепті, сабырынан айнымапты, тәубесінен жаңылмапты. Сөйтіп жүргенде Жаратушының мейірі түсіп, өмірге мен келіппін.

Біздің бала күніміздегі сыйластық ерекше еді. Мысалы, Мәкеңнің әкесі Тоққожаны көке, өз ағам Байдосты бапа деумен өттім. Ал, ауыл-аймақтың жасы кішілері әкем Айдарханды тәте дейтін.

1958 жылы біз Албарбөгет сегіз жылдық мектебіне оқуға бардық. Сөйтіп, бұған дейін бір үйдің баласындай ойнап жүретін Мәкеңмен қазіргі тілмен айтқанда, сыныптас боп шыға келдім. Жалғыз ұл боп өскен менің еркелігім, қылтың-сылтыңым көп, ал, үйдің үлкені Мәкең үлгілі, оқуда алғыр, зерек болды. Бірінші сыныптан бастап көзге түсіп, үнемі мұғалімнен мақтау еститін.

1960 жылы бірінші, екінші тоқсанда мен қатты ауырып, сабаққа бара алмадым. Кәдімгідей төсек тартып жаттым. Әке-шешем, бүкіл ауыл амандығымды тіледі. Сол уақытта Мәкең сабақтан шыққасын маған арнайы соғып, мұғалім не үйретті, соның бәрін тәптіштеп айтып беретін. Тақпақтарды жаттаттырып, есептерді шығартып, не керек, мектеп бағдарламасынан қалдырған жоқ. Сырқатымнан айығып, үшінші тоқсанға барғанымда, ұстазымыз марқұм Гакаша ағай «сенің оқу үлгірімің басқа балалардан кем емес» деп келесі сыныпқа көшіріп жіберді. Сөйтіп, Мәкеңнің арқасында мен орнымда қалып қоймай, өз қатарыммен орта мектепті бітірдім.

Мәліктің спортқа қызығушылығы бала күнінен басталды. Алтыншы сыныпты оқып жүргенде темір-терсектен құрастырып, штанға көтеруді әдет қылды. Бойы кішкентай болса да, оған қарағанда денеміз бар біз, Жақаш екеуміз оның көтергенін көтере алмайтынбыз.

Албарбөгет сегіз жылдық мектебін бітіргесін сыныптастарым көршілес Аралбай ауылындағы он жылдық мектепке ауысты. Ал, Мәлік болса аудан орталығы Торғайға кетті. Сол жерден 1968 жылы орта мектепті ойдағыдай тәмамдап шықты.

Ол уақытта жасы толғандарды бірден әскерге әкетеді. Бұл кезде мен Қостанайда оқып жүрген едім. Бір күні қараша айында үш досым, Мәлік, Қабылдин Серік, Әжібаев Қапар келе қалды. Армансыз бас қосып, бір сайрандап қалдық. Осы жолы Мәлік пен Қапар әскерге ілігіп, Серік денесіне шиқан шығуына байланысты көктемгі шақырылымға қалды. Мәкең Харьковте Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп қайтты.

Әскерден оралғасын Павлодар трактор зауытына жұмысқа тұрып, жұмыс істей жүріп спорт факультетін оқып диплом алып шықты. Павлодарда жүргенде облыстық, республикалық чемпионаттарға қатысып, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүрді. Оның абыройлы атағы дүрілдеп елге жетіп, мерейіміз өсіп, қуанып жатушы едік.

Отбасы құрып, Ақлима екеуі шаңырақ көтергеннен кейін елге оралып, Жангелдин ауданының Южный, қазіргі Ахмет Байтұрсынов ауылында еңбек жолын бастады. Ата-анасының шақыртуымен Көкалатқа келіп, шәкірт тәрбиеді. Жұбайы Ақлима ауылда дәріханаға жұмысқа орналысты.

Мәлік тек зілтемірді ғана емес, қазақ күресі, хоккей, өзге де спорт түрлерін жақсы меңгерген еді. Баптаған шәкірттері аудан, облыста топ жарып, Албарбөгет орта мектебінің атын асқақтатып жүрді. Екі тілге жүйрік, ісіне мұқият азаматты партия қызметке тартып, рабочком лауазымына сайланды. Сөйтіп жүргенде кеңес үкіметі тарады, ел екіұдай боп қалған шақта, Мәкең қой бастаған серкедей, жаңа заманның ағымын бірден танып, жеке кәсіпкерлікке шықты.

2011 жылы ол өзі сүйген мамандығы ұстаздыққа қайтып оралды. Албарбөгет орта мектебіне мұғалім болып орналасты. Қашан да іскер, қатарластарынан оқ бойы озық жүретін Мәкең қоғамдық бірлестік құрып, спор үйірмесін ашты. Алақандай ғана Көкалаттан облыс чемпионаттары қаулап өсе бастады.

Мәкеңнің табиғаты қызық қой. Әуелден жаны дархан, жүрегі жомарт жігіт, ауылдың балаларын алып, облыс орталығына жарысқа келеді. Өзі де ардагерлер арасындағы сайысқа білек түріп кіріп кетеді. Қостанайға келгесін мені, Мәскен бастаған інілерін, баласы Ерлікті, балдыздарын ертіп алып, ағайын-туыс, достарын жағалап шығады. Жарысқа қатысамын, дайындалайын деген қаперіне кіріп те шықпайды. Және барған үйін сол турнир болатын жерге шақырып жүреді.

Келесі күні жарысқа барамыз. Қашанда бабында жүретін ол шарт түйініп, ортаға шыға келеді. Мына жақта «Барлыбайлап» тілегін тілеп біз отырамыз. Құдай дес бергенде, әйтеуір, қандай жарысқа қатыспасын топ жарып, бірінші орын алады. Шәкірттері де жеңіс тұғырынан көрінеді. Мәз болып біз қайтамыз.

Не нәрсе де қанмен келеді ғой. Баймағанбет, Қара әкелеріміз атақты ұста кісілер. Кешегі аштық жылдары да сол ұсталық кәсібімен жан бағып, ата-баба мекенінен аумай қара орманын сақтап қалған екен. Мәкеңнің де қолы шебер жан екенін біреу білсе, біреу білмес. Бір қызықты оқиғаны айта кетейін.

Ертеректе, жастық шағымыз. Дүрілдетіп жүреміз. Бірде Аймурзин Тұрғанбек ағамыз К-700 тракторының маторының блогын жарып алыпты. Үкіметтің мұндайға қатал қарайтын кезі. Аудан көлемінен артық матор табу қиын. Жұмысқа шықпаса басшылық біліп қалады. Тұрекең қайтерін білмей қатты састы. Сол кезде тығырықтан Мәкең құтқарды.

«Қазір өзім дәнекерлеп берем» – деді ол. «Қара жұмысқа қол тигізбеген адам оны қалай істейді» деп бәріміз күдіктендік. Алайда, Мәкең электродтың ұшына мыс орап, жарылған жерді тігісін жатқызып жамап берді. К-700 гүрілдеп жүріп кетті. Осы жолы оның қолының шеберлігіне таңғалып едім.

Мәкең табиғатынан бауырмал, намысқой, көпшіл жан еді. Сөзі де тауып айтады. Бірде Қостанайға келгенде маған екі рет қоңырау шалыпты. Шамасы көрмей қалсам керек, жарты сағаттан соң қайыра хабарластым.

• Ай, Егеш, – дейді (мені еркелетіп солай атайтын) әзіл-шынын араластырып. – Мана екі звондадым алмадың, егер Қапсәлем алмаса, Егеубай алмаса, өздері звондамаса, маған бұл телефонның не керегі бар деп лақтырып жіберіп едім. Жаңа Ақлима әкеп, бауырың ғой енді, ал деп қолыма қайта ұстатты, – деп бір қатырып еді. Туыстық, ағайындық назын осылай жеткізетін. Мұндай сөз Мәкеңнің өзіне ғана жарасатын.

Бірде ағам Қапсәлемнің Алматыда бір қыз баласы қайтып, жолға шыққалы жатыр едім, Мәлік хабарласа қалды. Қостанайға кеп жатқан беті екен. Жағдайды түсіндірдім. Сонда ол «әй, Қапсәлеммен өзім құрдаспын. Әкесімен әкем құрдас. Туыс десең – туыс. Дос десең – дос. Таудай азаматымыз. Ертең Алматыдағылар мұның ел-жұрты қайда демей ме?! Қой, бұл тірліктің шаруасы кейін де біте жатар», – деп аяқ астынан Алматыға аттанып еді. Сол жолы қарындасымызды арулап жерлеп, ағамызға демеу болып қайтқан едік. Айта берсе, Мәкеңнің мұндай істері көп. Туысқа, ағайынға көңілі ашық жан болатын. Жүрген жерінде тай атап кететін жомартығы тағы бар. Құдай ырзық-несібесін мол қылып жаратқан жан, қанша шашса да, дәулеті ортайған жоқ. Ел алдында мерейлі, дастарханы берекелі, халқына сыйлы ғұмыр кешті.

Өмірден өткен жанға тірілердің қолынан келері дұға бағыштау, жақсы ісін еске алу. Жетпіс жыл ғұмыр аз да емес, көп те емес. Сол ғұмырды Мәкеңмен бірге өткізіппіз. Татулығымызға сызат түспепті. Мен Мәке, ол Егеш деп өмір өткердік. Сондай қимас бауырымды сағына еске алып, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын демекпін.

Құдай қосқан қосағы Ақлимаға, ұрпағына Құдай ғұмыр берсін!

Егеубай Бекболатов