Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда бірқатар мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе — саяси қуғын-сүргін құрбандары күні мен мемлекеттік рәміздер күнін идеологиялық тұрғыдан толықтыру мәселесі.Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
2022 жыл маңызды тарихи, мерейтойлық даталарға толы. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің 25 жылдығы, мемлекеттік рәміздер күнінің 30 жылдығы маңызды оқиғалардың қатарына кіреді.
Осы даталар қарсаңында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған митингілер, оқу орындарында ашық сабақтар, мұражайларда ақпараттық сағаттар, кітап көрмелері, сондай-ақ тарих мұғалімдерінің, өлкетанушылардың, мұрағатшылардың және қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының қатысуымен ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізу ұсынылады.
Сондай-ақ, биыл ҚР Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 30 жыл толады. Қоғамдық даму басқармасы осы атаулы күнді мерекелеу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі, 3 бағыт бойынша 24 түрлі форматтағы іс-шара енгізді.
Бұдан кейін облыс аумағындағы табиғи өрттер мен орман өрттерін жоюға дайындық мәселесі қаралды.
Өрт қауіпті кезеңге дайындық аясында 252 адамнан тұратын 77 мобильді топ құрылды, олар 70-тен астам рейд жүргізді.
Жалпы облыс аумағында 120 елді мекенді өрттен қорғауды қамтамасыз ететін 39 Өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді.
Биыл 23 орман өрт сөндіру станциясы дайындалды, онда 55 өрт сөндіруші жауынгер, 22 өрт мұнарасы, 724 радиостанция, 71 өрт сөндіру автомашинасы, тіркемелі құрал-сайманы бар 62 трактор, сондай-ақ 273 аспалы орман өрт сөндіргіші, 45 мотопомпа, 23 өрт сөндіру аппараты, 156 балта, 1024 күрек, 372 литр химиялық өрт сөндіру заттары қамтылған.
Отырыс қорытындысы бойынша Архимед Мұхамбетов қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне тарих пәні мұғалімдерінің, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтарының қатысуымен ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізуді, сондай-ақ өрт сөндіру бекеттері мен өртке қарсы құралымдардың орман және дала өрттерін сөндіруіне бақылауды күшейтуді, өрт шыққан жағдайда қолда бар барлық ресурстарды жедел жұмылдыруды қамтамасыз етуді тапсырды.