Қостанай қаласында Отан қорғаушы күніне арналған велошеру өтті. Жастарға елшілдікті, жалпыға бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға, арасында кәсіби спортшылармен қатар, әуесқой велосипедшілер де бар, шамамен 500-ден астам адам қатысты.
Мерекелік көңіл күйде өткен велосеруен 7 мамыр күні сағат 10.00-де облыс әкімдігінің алдындағы орталық алаңнан басталды. Қаладан шыққан соң Тобылдың ар жақ бетінде жатқан Мичурин ауылынан кері айналып 15 шақырым қашықтықты басып өткен велосипедшілер Гашек көшесіндегі Тәуелсіздік қақпасына бір-ақ келіп тоқтады.
Кәсіби спортшылар он бес шақырымды оп-оңай еңсерді. Алайда бұған дейін велосипедте көп жүріп әдеттенбеген кейбір әуесқойлар мәреге жеткенше алқынып, шаршаңқырап қалды. Өйткені қапталдап соққан қатты жел жылдамдықты арттыруға мұрсат бермеді.
Іс-шараға қатысушыларды үрмелі оркестрмен күтіп алған ұйымдастырушылар әр велосипедшіге шағын сыйлық тарту етіп, Отан қорғаушы мерекесіне арналған салтанатты жиын өткізді. Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Виктор Ионенко Тобыл өңіріндегі велоспорттың дамуына үлкен үлес қосқан Валентина Бобылеваны еске алуға арналған дәстүрлі көпкүндік маунтинбайк турнирінің басталғанын айтты.
– Көпкүндік турнирге еліміздің әр өңірінен келген велоспортшылардың біразы бүгінгі Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шеруге де қатысып жатыр. Барлық меймандарды, қала тұрғындарын атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әсіресе кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетіп, бүгін жастармен бірге 15 шақырым қашықтықты бағындырған спорт ардагерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Аспанымыз ашық, іргеміз бүтін, тату-тәтті, бейбіт тіршілігіміз баянды болсын! – деді В.Ионенко.
Жалпы, Қазақстан велоспортына биыл 108 жыл толып отыр. Бұл спорт түрінен ең алғашқы жарыс 1914 жылы Ақтөбе қаласында өтіпті. Оған небәрі 15 велоспортшы қатысып, мәреге Сыбағат Забиров бірінші болып жеткен. Жарысты ұйымдастырушылар жеңімпазға саф алтыннан құйылған 15 грамдық медаль тапсырыпты.
Фото газеты «Наш Костанай»/ автор Абиль ДОЩАНОВ