Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ахаң жайлы айтады ел қызықты аңыз

21 мая 2022 14:07 • 609 просмотров

Ел ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жайлы арагідік болса да қызықты әңгімелер айтылып қалады. Бірақ қаншалықты рас екені белгісіз, өйткені нақты дерек-дәйегі жоқ. Алайда кемеңгер өмірінің бір үзігінен сыр шертетін мұндай хикаяттарды тарихи ақиқаттан алшақ жатыр деп елеусіз қалдыруға да болмайды. Ұлт ұстазына қатысты айтылатын әр сөз алтын. Сондықтан таяуда өзіміз естіген екі әңгімені Ахаң туралы нақты дерек ретінде емес, ел аузында жүрген аңыз ретінде жариялауды жөн көрдік. Кім біледі, дерексіз болса да, керексіз болмас, аңыздың астарында ақиқат жатуы мүмкін.

Ахаңа қамқорлық еткен Мәзін Әбзи кім?

Бұл әңгімені Меңдіқара ауданына қарасты Красная Пресня ауылының тұрғыны, жарты ғасырға жуық өмірін ұстаздық қызметке арнаған зейнеткер Сәулеш Қошпановадан естідік. Сәулеш әжей академик Манаш Қозыбаевтың туған қарындасы.

— Нағашымның шешесі Нұржамал Торсықбаева көп білуші еді. Соғыстан кейін дүние салды. Ол кісі Бағланда (қазіргі Қорған облысына қарасты Звериноголовское селосы) тұрды ғой. Тұрмыстары жақсы болды. Әжем қашып жүрген кісілерді көрген адам. Дұрыстап сұраса, айтар еді, сұраған адам жоқ қой. Мен ол кезде қайдан білейін, кейін ел Ахметті іздейтінін. Біздің бала кезімізде орыс-қазақ бірдей Мәзін Әбзи дейтін. Мәзін Әбзи – Әбдірахман деген татар, мешітте муедзин, яғни азаншы болған ғой. Содан жұрттың бәрі Мәзін Әбзи деп кеткен.

1902–1903 жылдар шамасында Ахмет, Бәдрисапа, Қияс Қоғалбаев пен тағы бір орыс Тобольск түрмесінен қашып шығып келе жатып, Жолшыбай Бағланға келіп тоқтайды. Мәзін Әбзи орысты шіркеуге, ана кісілерді мешітке тығады. Едәуір уақыт сол жерде болыпты. Бір емес, бірнеше кісі, біреу-міреу көріп қалса, қашқын қылмыскерді тығып отырсың деп басым кетеді-ау деп қорқады. Содан біраз естерін жиған соң, Обаған жақтағы Қайраңкөл деген жерге келеді. Обаған иірім-иірім болып ағады. Қайраңкөл деген соның жанында. Бірінші ауыл болған бұрын, жанында мешіт, медресе бар-тұғын. Қазір түк те жоқ. Осы ауылдан алыс емес. Бірақ ол көл жоқ қазір, кеуіп кеткен. Орнына қамыс өсті. Ол жерді кейін жыртып жіберді, егіс алқабы болып кетті.

Ылғи қашу, тұрмыс жағы нашар, Бәдрисапа ауырып, күніне неше мезгіл ұстамасы ұстап қалатын көрінеді. Нұржамал әжеміз Бәдрисапа емес аты, Бәдриса дейтін. Ахаң: «Бәдриса апа» деңдер деп таныстырған ғой. Содан Бәдрисапа болып кеткен. Қыстың іші шығар, кім білген, Ахаң кетіп қалайын десе, әйелі ауырады. Сөйтіп, бала оқытқан. Сауаты болған соң, әйтеуір күнкөріс керек қой. Жүріп тұрсам, мен Мәзін Әбзиді білетін кісілерді тауып, анығын сұрап білетін едім, жүре алмай қалдым. Ал ертеректе ештеңе керек болмады.

Мәзін Әбзиді білмейтін адам жоқ. Ол кісі соғыстан кейін қайтты. Сол кісілермен жақын араласып, сыйлас болған Нұржамал әжеміз бір немересінің атын Әбдірахман деп қойды.

Мәзін Әбзи орыс-қазақ демей бәріне көмектесіп, Ахаң мен Бәдрисапаға, олардың қасындағы Қияс Қоғалбаевқа да біраз күн шарапаты тиген екен. Қияс ол кезде үкіметке қарсы болып, қашып-пысып жүрген ғой. Осы өңірдің жігіті. Түрмеде отырғанда суық тиіп, туберкулезден қайтады. Кезінде Қияс туралы көп материал жинадым. Ол кісі туралы үлкен альбомдар жасаттым. Мектептің алдына ескерткіш орнаттық. Ешкімге керек болмай қалды. Альбом далада қалды. Қияс кейін большевиктер партиясына қабылданып, үгіт-насихат жүргізеді. Сол Қияс Тобольскінің түрмесінде Ахаңмен бірге отырған.

Мәзін Әбзиді бала болсам да көрдім. Бір ауырғанда үйінде жаттым. Бапам апарып осы жер тыныш деп жатқызған. Кемпірімен екеуі ғана тұрды. Балалары жоқ. Ол кісіні қазақтар қатты сыйлады. Қартайғанда асырап, бағып отырды. Орыс та көмектесті. Ешкім алалаған жоқ. Өзі де қадірлі адам еді. Мына Бағланда осы күнге дейін Мәзіннің ағаш үйі бар, Мәзіннің мешіті деген мешіт бар. Орыстардың сыйлағаны сондай, ол үйді осы күнге дейін қозғаған жоқ, – деді Сәулеш әжей.

Ұлт ұстазының ғұмырбаянын зерттеп жүрген ғалымдар Ахаңның Тобольск түрмесінде жатқаны туралы дерек жоқ, сондықтан Қайраңкөлде бала оқытты дегені де шындыққа жанаспайды дейді. Алайда ғалым Алмасбек Абсадық 1902 жылы Ахмет Байтұрсынұлының Меңдіқара болысына қарасты 4-ауылда орналасқан Орынбаев бастауыш мектебінде бала оқытқанын дәлелдеп жазды. Ал Сәулеш Қошпанова әжей Ахаң 1902 жылы бала оқытқан Қайраңкөл ауылы Меңдіқара болысының 1-ші ауылы болған дейді. Аңыз бен ақиқаттың арасында бір сәйкестік бар сияқты. Ахаң Тобольск түрмесінде жатпағанымен, Меңдіқара болысында мұғалім болып жүргенде Тобольскіде қамауда жатқан қазақ азаматы Қияс Қоғалбаевты өзі барып шығарып алуы мүмкін ғой. Мұны енді ардагер ұстаз Сәулеш әжейдің әңгімесіне сенгіміз келгендіктен, қимастықпен жасалған жорамал деп түсініңіз. Дегенмен көпті көрген көнекөз кейуананың айтқаны халық жадында қалған тарихи шындықтың жаңғырығы болуы бек мүмкін.

Қостанайға келген соң, Мәзін Әбзиді білетін кісілерді іздестіріп көрдік. Қостанай қаласының тұрғыны Мақсұт Бақпасовтың көмегімен Обаған өзенінің арғы бетіндегі Қорған облысына қарайтын бұрынғы Бағлан, қазіргі Звериноголовское селосындағы мұсылмандар қауымдастығының төрағасы Зұлқарнаев Ғабдулғабат Әбдірахманұлына қоңырау шалып, Ахаң паналаған мешіт туралы сұрадық.

— Қазан төңкерісіне дейін салынған ескі мешіттің ғимараты әлі бар. Бірақ жағдайы өте мүшкіл, ешкімге керексіз, шатыры жоқ, тек төрт қабырғасы ғана қалқайып, құлайын деп тұр. Кеңес дәуірінде диірмен болған. Қазір диірмен де жоқ, бос тұр. Мәзін Әбзи деп отырғаныңыз Әбдірахман Ғұбайдуллин деген кісі. Ұлты татар, осы мешітте молда болған. Елге беделді кісі еді, 90 жасқа келіп дүние салды. Бір қызы, бір ұлы қалды. Ұлы қазір тірі, Рәшида деген қызы Қостанайда қайтыс болды. Мәзін Әбзидің өзі де молда болғаны үшін қуғынға ұшырап, 3–4 жыл түрмеде отырып келді. Кейін мектепте ұстаздық етіп, бала оқытты. Мәзін Әбзи тұрған ескі үйі де бар, – деді Ғ. Зұлқарнаев.

Ахаңның хатшысы

Қостанайлық журналист Қабылахат Сейдахмет бір ақтарылып кетсе, Арқайымнан кіріп Аңырақайдан бір-ақ шығады. Бір әңгімені бастап келе жатады да, екінші бір сүрлеуге түсіп кетеді. Одан үшінші әңгімені қайырып барып, негізгі әңгімеге қайта көшеді. Бірақ соның бәрі қым-қуыт сабақтасып жатады. Әйтеуір, айтқанының бәрін еске сақтау мүмкін емес. Сондықтан ол кісіге ылғи диктофон ала барам да, кейін керегін кертіп алатын әдетім.

— Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылдары Орынборда Халық ағарту комиссары, қазіргіше айтқанда, Білім министрі болып қызмет еткенін білесің ғой, – деді Қабекең бірде.

— Иә.

— Мынадай қызық бір жайды айтайын. 1998 жылы әріптесіміз, қазір шетелде тұратын Людмила Фефелова Орынборда тұратын бір туыстарына барады. Сол үйдің адамдарынан осы маңайда жасы тоқсаннан асқан бір кемпір тұрады, ұлты орыс, сендердің үлкен бір ғалымдарыңның хатшысы болған дегенді естіген Людмила Ивановна әлгі кемпірді әдейі іздеп барып сәлем береді. Қазақстаннан келдім дегенді естіген кейуана бірден: «Сен Ахмет Байтұрсыновичтің жерлесі екенсің ғой», деп жақын туысын көргендей қуанып кеткен екен.

«Иә, ақталғанын естіп қуанып қалдым. Несін айтасың, ақыры нақақ жала жалмап тынды ғой. Аса салмақты, өте зиялы, жалғыз қазақтарға ғана емес, бүкіл адамзатқа керек, өзім қатты қадір тұтқан адам еді. Ол кісі Халық ағарту комиссары болып тұрғанда, бір жылдай хатшысы болып қызмет еттім. Өзі кішіпейіл адам еді, үйімнің жағдайын сұрап, үнемі көмектесіп тұратын. Ірі денелі, алпамсадай кісі болатын. Жұмысқа үнемі жаяу келетін. Мұныңыз қалай деп сұрасам, бой жазып, қан тарату керек дейтін. Бірақ әлдебір шаруаларына пәуеске арбамен кететін. Ахмет Байтұрсынович отырған кезде пәуескенің асты доңғалаққа тиер-тимес болып жатып қалатын. Кейде жұмыс кабинетінде отырып бір ауық домбыра тартатын. Ақырын ыңылдап ән айтатын. Бірақ мен ол кісінің не айтып отырғанын түсінбейтінмін», депті.

Кемпірдің аты-жөнін анықтай алмадық. Шетелде тұратын Людмила Фефелованың байланыс телефонын іздестіріп көріп едік, оны да табудың сәті түсе қоймады.

Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ