Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Кәсіпкерлікте ілгерілеу бар

10 июня 2022 14:30 • 599 просмотров

Қостанайға Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сок жұмыс сапарымен келді. Елші алдымен «СарыарқаАвтоПром» автозауытына барып, әлемге танымал корей бренді Kia автокөлігі құрастырылып жатқан өндіріс алаңының жұмысымен танысты.

Зауыт былтыр жаңа үлгідегі Kia Sportage автокөлігін шығаратын ұсақ торапты құрастыру желісін іске қосқан. Жаңа үлгідегі корей кроссоверінің шанағы да осы желіде дәнекерленеді. Шанақты бояу жұмыстары да осында атқарылады.

Ку Хонг Сок мырзаның айтуынша, алдағы уақытта Қостанайда құрастырылып жатқан Kia автокөліктерінің жергілікті үлесін арттыру арқылы Қазақстан мен Кореяның көлік өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастығын нығайта түсу көзделіп отыр.

«Қостанай зауытындағы жаңа үлгідегі ұсақ торапты өндіріс Қазақстанның автоөнеркәсібін дамытудың жаңа векторы бола алады және жергілікті автозауытты ілгерілететін тиімді тәжірибе болып табылады», деді елші.

«СарыарқаАвтоПром» 12 жыл­да 200 мыңға жуық көлік құрастырды. Бүгінде қостанайлық темір тұлпарлардың біразы ішкі нарықтағы сұранысты өтеп жатса, біразы сыртқы саудаға шығарылады.

Елші Ку Хонг Сок одан кейін аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовпен кездесті. Жылы жүздесу барысында облыс өндіретін ауылшаруашылық тауарларын экспорттау мәселесі сөз болды. Облыс әкімінің айтуына қарағанда, 2021 жылы Қостанай облысы мен Оңтүстік Корея Республикасының арасындағы тауар айналымы шамамен 73 млн долларды құрады. Қостанай автоөндіріске қажетті бөлшектерді, электр аккумуляторларын, метиз өнімдері мен электр жабдықтарын Корей елінен сатып алады. Ендігі мақсат – экспорт мәселесін шешу.

— Біз екіжақты сауда көле­мін ұлғайтуды, соның ішінде Оңтүстік Кореяға өнім экспорттау мәселесін қарастыратын боламыз. Бұған облыстың әлеуеті мен өндірістік қуатының мүмкіндігі толық жетеді. Оған қоса инвестициялық преференциялар мен жеңілдіктер арқылы қаржыландырылатын мемлекеттік бағдарламалар бар. Бізге келіп өндіріс бастағысы келетін корей инвесторларының да ұсыныстарын қарауға әзірміз, – деді А. Мұхамбетов.