Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, Қостанайдан «Ахаң жүріп өткен жолмен» атты арнайы ғылыми-танымдық экспедиция жолға шықты.
Сапардың мақсаты – ұлт ұстазының өмірі мен қызметіне қатысты тың деректерді іздестіріп, жинақтау.
Жобаны Sanaly urpaq-2050 қоғамдық бірлестігі мемлекеттік тапсырыс аясында іске асырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедиция Қазақстанның бірқатар өңіріне және Ресей, Қытай, Әзербайжан елдеріне де барады. Экспедиция мүшелері Орынбор, Мәскеу, Архангельск, Баку, Челябі, Қарқаралы, Семей, Қарабұтақ, Әулиекөл, Торғай өңірлерін аралауды жоспарлап отыр.
— Жобаны жүзеге асырушылардың қатарында ахметтанушылар, тарихшылар, журналистер, сондай-ақ музей және архив ісі саласындағы мамандар бар. Сапар қорытындысы бойынша Ахмет Байтұрсынұлының өмірі туралы жаңа деректерден құралған фильм шығару көзделіп отыр. Сонымен қатар архив, музей қорлары жаңа құжаттармен толығады деген үміттеміз, – деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Меңдекенова.
5 маусымда жолға шыққан экспедиция мүшелері Нұр-Сұлтан қаласы арқылы Қарағанды облысына өтіп, Қарқаралыға барады.
— Мен Ахаңды зерттеумен 1989 жылдан бері тұрақты айналысып келемін. Ахаңның табаны тиген жерлерге бұрын да барғанмын. Бірақ ол сапарымда деректерді жинақтамаған едім. Ендігі экспедиция олжалы болады деген сенімдемін, – дейді ахметтанушы Ибраһим Ағытай.