Қостанайдағы машина жасау зауытында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының мұрасын зерделеп, насихаттау мақсатында «Бөкейханұлы оқулары» атты іс-шара өтті. Жиынға тарихшы ғалымдар, қоғам белсенділері, мұғалімдер мен студенттер, сондай-ақ зауыт басшылары мен автокөлік құрастыру цехының мамандары қатысты.
Әдетте, ұлт пен руханият тарихы төңірегінде әңгіме өрбитін мұндай келелі жиындарды өнеркәсіп орындарының ұйымдастыруы сирек кездеседі. Зауыт жанынан жұмыс істеп жатқан корпоративтік университеттің аталған жиынды Алаш көсеміне арнап отырғаны да кездейсоқ емес. Басқосу барысында Әлихан Бөкейханұлының қазақ жастарын техника тілін меңгеруге үндеген сөздері қазіргі таңдағы отандық автоөнеркәсіптің алдында тұрған міндеттермен сабақтастырыла сараланды. Қайраткердің «Қазақ даласыз, соқа мен машинасыз қазақ бола алмайды. Біз бірігіп, өндірісті бірге ашуымыз керек. Ол үшін бізге заманауи жабдықтарды пайдалану қажет», деп қырда қамсыз жатқан қазақты бірлік пен тірлікке, техникаға үйреніп, өндірісті игеруге шақырған заман ауанын аңдағыш сұңғыла даналығы турасында айтылды. Жиынға қатысушылар, сонымен қатар Жаңа Қазақстан идеясын жүзеге асырудағы Әлихан Бөкейханұлы мұрасының мәні мен маңызы талқыланды.
Іс-шара аясында «СарыарқаАвтоПром» автомобиль зауытының өндірістік алаңына экскурсия ұйымдастырылып, инженерлік-техникалық қызметкерлермен және зауытта жұмыс істейтін жастармен кездесу өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Бөкейханұлы оқуларына» келіп түскен ғылыми мақалалар негізінде «Әлихан Бөкейханұлы: өнеркәсіпті дамыту – тәуелсіз экономиканың негізі» атты жинақ жарық көретін болады