Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өңірде өсім бар

25 июня 2022 17:10 • 658 просмотров

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында өңір әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай облысында Мемлекет Басшысының тапсырмалары аясында қабылданып жатқан халықтың әл-ауқатын арттыру шаралары туралы айтып берді. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қостанай облысы барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы көрсетуде. Бес айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі (13,8%), құрылыс (12,9%), көтерме сауда (8,6%) ең жоғары даму қарқынын көрсетіп отыр.

«Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындары 1,0 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өсімді негізінен елдің индустрияландыру жылдарында енгізілген кәсіпорындар қамтамасыз етеді. Өңірдің ерекшелігін ескере отырып, таяудағы перспективаға арналған өсу резервтері ретінде 8,0 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, 1,8 трлн.теңгеге 52 жобадан тұратын пул қалыптастырылды», – деді Архимед Мұхамбетов.

Өңір басшысы машина жасау саласына тоқталып өтіп, автомобиль жасаудың арқасында өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеу секторының үлесі 55,7% – ға жеткенін атап өтті.

Архимед Мұхамбетов халықтың азық-түлік өнімдерінің негізгі тобы бойынша қажеттілігі ұлттық нормаларға сәйкес өз өндірісі есебінен қамтамасыз ету сияқты азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударды.

Аймақ шаруалары егіс науқанын аяқтады. Жаздық егіс 4,8 млн га-ны құрады, оның ішінде бидай – 3,5 млн га. Облыс тұрғындарының әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жарма дақылдары, картоп және көкөніс алқабы ұлғайтылды.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде 210 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.

Бақылау жасау және инфляцияны төмендету мақсатында дағдарысқа қарсы шараларға өңірде 6,6 млрд.теңге бөлінді, оның 2,8 млрд теңгесі тұрақтандыру қорының қызметіне және 3,8 млрд теңгесі кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беруге бағытталды.

Архимед Мұхамбетов бизнестің даму қарқынына да тоқталып өтті. Мамыр айының қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 5,8% – ға, өнім өндірісі 1,1% – ға ұлғайды.

Спикер сондай-ақ, ағымдағы жылы 500 шақырымнан астам автожол мен елді мекендердің 220 көшесіне жөндеу жүргізілетіні тралы мәлімдеді. Қазір облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 78%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша үлесті 85%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде 450,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу, 4 мыңнан астам пәтерді тапсыру жоспарланған. Жыл басынан бері 169 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Қостанай облысында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2022 жылы «Нұрлы жер» және «Ауыл Ел бесігі» бағдарламалары аясында сумен жабдықтау және су бұру бойынша 48 жобаны іске асыруға 20 млрд.теңге бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 33,3% – ға артық.

Әлеуметтік саладағы міндеттерді шешу туралы айта келе, Архимед Мұхамбетов биыл облыс бойынша 11 денсаулық сақтау нысанына жөндеу жүргізу жоспарланғанын хабарлады.

Медициналық жабдықтарды сатып алуға 4,4 млрд.теңге бөлінді, медициналық техникамен жабдықтау 86% – дан 90% – ға дейін ұлғаятын болады.

Ағымдағы жылы білім беру саласын қаржыландыру көлемі 149,1 млрд.теңгені құрады, бұл 2021 жылдан 17,3% – ға артық. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында жалпы сомасы 5,9 млрд.теңгеге 2 200 орындық 3 мектептің құрылысы жүргізілуде.

Спикер облыста апатты және үш ауысымды мектептер жоқ екенін атап өтті. 78 білім беру нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда.

«Халықты жұмыспен қамтудың маңызды факторы жұмыс орындарын құру болып табылады. 2022 жылы 27 мың адам жұмыспен қамтылды, алдағы уақытта шамамен 18 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның 10 мыңы – тұрақты жұмыс орындары», – деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.

Спикер жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 10 мыңнан астам адам қамтылғанын, 8,4 мың жұмыс орны құрылғанын, оның 4,9 мыңы тұрақты жұмыс орны екенін хабарлады.

Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шаралар қабылдау нәтижесінде облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8% деңгейінде сақталады деп күтілуде.

Архимед Бегежанұлы қазақтың көрнекті ағартушысы, өңір тумасы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шараларға жеке тоқталып өтті.

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған жоспарға сәйкес Жангелдин ауданы тұрғындарының тұрмысын және әл-ауқатын жақсарту бағытында инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.

Мысалы, жуырда ғана Ақкөл, А. Байтұрсынов ауылдары мобильдік интернет желісіне қосылды. Бұл – мерейтойға әзірлік барысында жергілікті халықтың сұраған негізгі өтініштерінің бірі болатын.

Жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша А. Байтұрсынұлы ауылына апаратын жолдың және Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, А. Байтұрсынұлы ауылына жаңадан медициналық пункт салынып, Ақкөлдегі ауылдық амбулатория жөндеуден өткізіледі.

Жоспар аясында Торғай ауылындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейіне» жөндеу және реэкспозиция жұмыстары жүргізілуде.

Сарытүбек қонысындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» салу жұмыстары да қатаң бақылауға алынды. Қазіргі таңда жаңа нысанның жобалық сметалық құжаттамасы сараптамадан өткізілуде. Құрылыс жұмыстарына облыс бюджеті есебінен қосымша қаражат бөлінетін болады. Конкурстық рәсім нәтижесі бойынша жауапты мердігер табылса, үйдің құрылысын қыркүйекке дейін аяқтауды көздеп отырмыз.

Бүгінгі күні жергілікті халық, кәсіпкерлердің демеушілігімен Байтұрсын әулетінің қорымы жанынан кесене салынып, Торғай ауылында Ахмет мен Міржақып бабаларымыздың құрметіне жаңа ескерткіш орнату мәселесі пысықталуда.

Бұдан бөлек мәдени, ғылыми, танымдық шаралар ұйымдастырылып жатыр. Спектакльдер қойылып, ғылыми экспедиция өз жұмысын бастады. Негізгі мерейтойлық шаралар 3–5 қыркүйек аралығына жоспарланған.

«Атап айтсақ, ағартушының туған ауылына апаратын жол жөнделеді. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары мобильді интернет желісіне қосылған. Бұл мерейтойға дайындық барысында жергілікті халықтың негізгі өтініштерінің бірі болды. Сондай-ақ А. Байтұрсынов ауылында жаңа медициналық пункт салынып, ауылдық амбулатория жөнделеді. Сонымен қатар, Торғай ауылындағы Ахмет Байтұрсынов музейіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – деді Архимед Мұхамбетов.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор