Қостанай облысының әкімі ҚР бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне арналған медиафорумға қатысып, өңірлік медиасфераны дамыту мәселелерін талқылады. Іс-шара барысында республикалық және жергілікті газеттердің редакторлары, белгілі публицистер, журналистер мен блогерлер сөз сөйледі.
Сондай-ақ, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері, ардагерлер мен жас журналистер марапатталды. Іс-шара барысында өңір басшысы Архимед Мұхамбетов сөз сөйлеп, журналистерді құттықтады.
-Айта кету керек, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өте жоғары. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында осы салаға ерекше назар аударды. Ашық ақпараттық кеңістік құру міндеті қойылды.
Азаматтық ұстаным мен кәсіби табандылықтың арқасында біздің ортақ міндетіміз – еліміздің Президенті бастамашылық еткен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы табысты іске асырылуда деп санаймын. Дәл осы БАҚ арқылы жергілікті қоғамдастық үшін өзекті мәселелер көтеріледі, оларды шешу бойынша мемлекеттік органдардың шараларын талқылауға бастамашылық жасалады. Осындай көптеген мысалдарды келтіруге болады: абаттандыру, жолдардың, инфрақұрылымның жай-күйі, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және т. б. мәселелер. Аймақтық БАҚ-ты тұрғындар ақпарат көзі ретінде ғана емес, қоғамдық пікірді білдіру құралы, халықтың қажеттіліктеріне жауап беретін әлеуметтік басқару органы ретінде қабылдайды,-деп атап өтті өңір басшысы.
Қазақ баспасөзінің тарихында тұңғыш рет «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін ашқан көрнекті қаламгер Мұхамеджан Сералин мен Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы Тобыл-Торғай өңірінің тумалары екенін біз ерекше мақтанышпен айтамыз.
Бүгінде шыққанына 100 жыл толып отырған «Қостанай таңы» газетінің «Ауыл» деген атпен шығуы да Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлиндердің есімімен тығыз байланысты.
Осы жылы Қарасу ауданының «Қарасу өңірі» газеті өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтуде. Сондай-ақ, Сарыкөл ауданының «Сарыкөл» басылымына да 90 жыл толып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары арасында өз орны бар бұл екі басылым да еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде болып жатқан оқиғаларды халыққа шынайы түрде жеткізіп отырады.
Әлеуметтік зерттеу нәтижелері БАҚ-тың өңірде жоғары сенім кредитін сақтап отырғанын айғақтайды. Бұл көрсеткіш 87% құрайды.
Біздің облыс тұрғындары бірінші кезекте Қостанай журналистикасына ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жария етуде сенім білдіреді.
Сондықтан пандемия, қаңтар оқиғалары, кейінгі реформалар кезеңінде біз тиімді ынтымақтастықты құруға көп көңіл бөлдік.
Арнайы ақпараттық чат жұмыс істейді, Мемлекеттік органдардың көпшілігінде баспасөзбен өзара іс-қимыл бойынша жауапты қызметкерлер анықталды, әлеуметтік желілерде аккаунттар ашылды, Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифингтер өткізіледі. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Нәтижелі өзара іс-қимылдың, үйлесімді жұмыстың арқасында біз үрейлі көңіл-күй мен жалған жаңалықтардың таралуына жол бермедік. Әр редакция аймақ тұрғындарына шынайы және толық ақпарат берді.
Сөз соңында облыс әкімі жиналған журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады.
-Құрметті журналистер!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен тағы да құттықтаймын! Сала ардагерлеріне өз кәсібіне адалдығы, отандық журналистиканың қалыптасуы мен дамуына қосқан қомақты үлесі үшін алғысымды білдіремін Баршаңызға денсаулық, отбасылық амандық, шығармашылық табыс тілеймін!-деді облыс әкімі.
Медиафорум тәжірибе алмасу сағаттарымен және дәрістермен жалғасты.