Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Бас мүфти Қостанай облысындағы жаңа мешіт құрылысының жобасымен танысып, оның іргетасын қалады. ҚМДБ төрағасы мешіт рухани басқарма бекіткен мешіт құрылысы ережелеріне сәйкес қазақ стилінде салынатынын атап өтті. Айта кету керек, жаңа мешіт 1500 адамға арналған. Мешіттің құрылысын 2024 жылы аяқтау жоспарланған. Сондай — ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігінің «Бейбітшілік және келісім-қасиетті ұйым» тақырыбында конференциясы өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігі көп балалы және көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдемдесу жағынан аз істер атқарып жатқан жоқ.
Тек биылғы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында облысымыз бойынша 600-ге жуық шара ұйымдастырылып, 62100-ден астам отбасыға 134 миллионға жуық теңгенің көмегі көрсетілді. Өңірімізге келген сапарына орай ҚМДБ Төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 20 мұқтаж отбасыға 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық табыстады. 2019 жылы басталған «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша аймағымызда 17 жанұя баспаналы болып жатыр. Соның бесеуінің кілтін өңіріміздің имамдары Мүфти хазіреттің қолынан алды. Ал қашаннан аймағымыздағы рухани өмірге жаршы болып келе жатқан жорналшылар қауымы қандай құрметке де лайық. Рухани саланың әрбір жақсылық істерін халыққа таратып отырған тілшілер марапатсыз қалған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында өңіріміздің 5 қаламгері ҚМДБ Төрағасының атынан сыйақыға ие болды. Марапатталған БАҚ өкілдерінің қатарында облыстық “Қостанай таңы” газетінің фототілші Бағдат Ахметбеков пен журналист Қыдырбек Қиысхан да бар. Сондай-ақ, Бас мүфти облыстық «Аймағанбет қажы» мешітінде «Taza bulaq» медиа орталығының тұсауын кесті. Мұндай бастама ҚМДБ Төрағасының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатыр. Атауы ұлтымыздың ұлағатты ұстазы Ыбырай Алтынсариннің шығармасына негіз болған студиядан діни танымдық, салт-дәстүрді дәріптейтін бағдарламалар көрерменге жол тартпақ. Қазір «Ютуб» видеохостингінде «Taza bulaq» арнасы ашылған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігі «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы аясында «Бейбітшілік пен келісім – қастерлі ұғым» конференциясын ұйымдастырды. Келелі жиынға ҚМДБ Төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Тобыл-Торғай ежелден дінімізді берік ұстанып, салт-дәстүрімізді көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан қасиетті өңір. Жаугершілік замандарда, патшаның отарлау саясаты үдеген кезде, кешегі кеңестік үркін-қорқын, қуғын-сүргін жылдарында асыл дінімізден айырылып қала жаздасақ та, ескіні білетін, кәрі тауарихты тарқата алатын көнекөз қарияларымыз ішінде сақталған рухани мұраны бізге жеткізіп отыр.
Конференцияның әлқиссасы қасиетті Кәлам-шарифтен басталды. Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы Әлішер Ертай қажыұлы Балахмет Құран оқып, батасын Мүфти хазірет берді.
Алқалы жиында баяндама жасаған Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазіргі әлемдегі күн сайын құбылған ұстанымдар мен тұрақсыздық қазақ халқының «Күшенген жеңбейді, күші көп жеңеді» деген мақалының өміршеңдігін дәлелдеді. Расында, халқымыз айтқандай, «бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас». Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Бүгінде «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» деген мақалдың мәнін терең түсінетін кез жетті», – деді.
Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов достық пен сыйластық қарым-қатынастар басты мақтанышымыз әрі ортақ игілігіміз екенін жеткізіп, оны әрдайым қорғау керектігімізді айтты. Әсіресе, бүгінгі таңда еліміздегі мұсылман жамағаты ауырбірлік пен ынтымақтың бекем болуына айтарлық тай қызмет етіп отырғанын атап өтті. «Қостанай облысында 25 мешіт жұмыс істейді. Олар өңірдегі 13 мыңнан астам дінге сенушілердің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыратын орын болып табылады. Жыл сайын ғибадат үйлерін жөндеу, салу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда Қостанай ауданының Заречный кенті мен Әулиекөл ауданында екі мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Ал облыс мешіттері халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары мен мұқтаж адамдарға қайырымдылық көрсету жағынан айтарлықтай белсенді. Өткен жылы аймақ мешіттерінен 9 мыңнан астам адам 78 миллион теңгенің көмегін алды», – деді Арман Әбенов. Конференцияда А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары мен ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің осы осы өңірдегі мүшелері татулық жайлы тағылымды баяндамалар жасады.