Astana Opera театры еліміздің ірі өндіріс орталықтарын аралап жүр. Бұған дейін Павлодар, Екібастұз және Қарағанды қалаларында өнер көрсеткен театр труппасы кезекті қойылымын Рудный кеншілеріне тарту етті.
Театрдың гастрольдік репертуарында ересек көрермендермен қатар, балаларға арналған қойылымдар да бар. Кеншілер қаласындағы кішкентай көрермендерге арналған «Музыка әлемі» атты интерактивті кеш барысында театр музыканттары скрипка мен үрмелі аспаптарда ойнаудан шеберлік сыныптарын өткізіп, сопрано мен бас аралығындағы дауыс ерекшеліктерін түсіндірді.
Жалпы, көрерменге арналған «Жібек саты» опералық драматургиясы Италия тілінде қойылғанына қарамастан, көпшілік шығармаға терең бойлап, опера кейіпкерлерімен бірге қайғырып, бірге қуанып отырды. Театр репертуарына 2019 жылы қосылған Дж.Россинидің бұл туындысы өнер сыншылары тарапынан да жоғары бағаланыпты. Опералық шығармадағы бас партияны театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Бақтай орындады.
– Рудный көрермендерінің алдына алғаш шығып отырмыз. «Жібек саты» операсы камералық залға арналған. Яғни қойылымға шағын сахна қажет. Туынды шағын, гастрольдерге ыңғайлы болғанымен, мазмұны бай. Әрі көрермен де оны жылы қабылдап, көпке дейін есінде сақтайды. Бізге осындай түрлі сахналарда өнер көрсетіп, көрерменнің көңілінен шығудың өзі бір ғанибет, – дейді Жанат Бақтай.
Аталған спектакльдегі өзге партияларды опера майталмандары мен халықаралық Astana Opera академиясында тәлім алып жүрген талантты жастар шырқады. Мәселен, Дорвильдті Артур Габдиев, Дормонтты Рамзат Балакшиев орындаса, Джермано бейнесін Алтынбек Әбілда сомдап шықты. Бланзак пен Лючилла партияларын опера театрының солистері Евгений Чайников пен Татьяна Вицинскаялар шырқады. Спектакльді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Astana Opera театрының Абзал Мұхитдин жетекшілік ететін камералық оркестрі сүйемелдеді.
Театрдың гастрольдік сапары осы айдың соңында Ақтөбе қаласында түйінделеді.