Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жомарт жүрек

Қазақстан іскер әйелдер Ассоциациясы алғашқы күннен-ақ қайырымдылық шараларына аса көңіл бөліп келеді. Әрине, тоқсаныншы жылдар еліміз үшін ең ауыр кезең болды. Қарт адамдарға, мектеп-интернаттарға, балалар үйлеріне, жұмыссыз қалған әйелдерге көп қол ұшын берді. Қауымдастық сол уақытта барлық мұқтаж жандарға айтарлықтай көмек көрсеткенін айтуымыз керек.

Қайырымдылыққа үлесін қосу сол кезеңнен бастап нәзік жандылардың өмірінің бір бөлшегіне айналды десек болады. Сол үрдісті әлі күнге жалғастыруда.

Бұдан бөлек, осыдан үш жыл бұрын Римма Бектұрғанованың бастамасымен қайырымдылық концерттері ұйымдастырылып келеді, онда өңірдің белсенді қыз-келіншектер сахнаға шығып, ән айтып, өнерлерін көрсетуде. Бұл жолы «Мен бақытты баламын» қайырымдылық концерті Лисаков қаласындағы «Мирас» мәдениет үйінде өтті. Шара Балалар жылына орай Қостанай облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырылды.

«Уақыт жылжып жатыр, бүгінгі таңда қайырымдылықтың жаңа мәдениетін қалыптастырып отырмыз. Қазір сауапты істі өзіміз ғана емес, аймақ тұрғындарын тарту арқылы өткізудеміз. Сол үшін «Қайырымдылық керуені» конкурсын ұйымдастырып келеміз. Бұл байқау қиын жағдайға тап болғандарды, айрықша іс көрсеткендерді анықтау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Кез келген бала болсын, бұл сынақта өзін көрсете алады. Айталық, адамдарды оттан, судан құтқару, қарияларға жәрдем беру қатарлы өнегесімен көзге түскендер. Бұл жолы көпке үлгі болып, мыңнан суырылып шыққан жерлестерімізді марапаттап отырмыз. Мұндай шараға бей-жай қарамаған облыс тұрғындары басы 50 мың, аяғы 2 мың теңгеге билеттер сатып алу арқылы өз үлестерін қосты. Көмек көрсетушілердің арасында өңірімізге танымал кәсіпкерлер, облыстық мәслихат депутаттары да бар. Билеттен жиналған 3 миллионға жуық қаражатты үш науқас баланың ата-анасына табыстадық», – деді Қазақстан әйелдер күші Альянсының төрайымы Римма Бектұрғанова. 

Мерекелік шара өңірдің  белсенді нәзік жандылары ұйымдастырған тамаша концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада  өнер көрсеткен өңірге танымал бизнес-ханымдар, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері. Әуелете ән шырқап, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ, қайырымдылық концертінде  көрермендердің көзайымына айналған өңірдің үздік әртістері мен ұжымдары («ARTIST» шығармашылық мектебі, «Зарянка» ансамблі, «Бабочка» мектебі, «Ақ дариға» халық хоры) өнер көрсетті. Тобылдық таланттар халық сүйсініп тыңдайтын танымал әуендерді орындады.  Айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын ҚІӘҚ қайырымдылық концертінде қостанайлықтар 1 миллион теңге жинап, Полина Ордуханянға есту аппараттары сатып әперді. Былтыр өткен концертте Заречныйдан келген Ясмин Кабановаға 2 миллион 119 мың теңге жинап берді. Екі жеткіншек те «Жизнь на ладони» жобасының балалары болатын.