Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Үш күнде 400 шақырым

22 июля 2022 16:30 • 588 просмотров

Ахмет Байтұрсын­ұлының 150 жылдығына орай, Қостанай велосипед қауымдастығы ұйымдастырған үш күндік веломарафон өз мәресіне жетті. Алдымен ұлт ұстазының Қостанайдағы ескерткішіне тағзым еткен велошабандоздар Әулиекөл асып, Шолақсайдан кері қайтты.

Велосипедшілер аспанды төңкеріп жерге түсірердей жанып тұрған аптап ыстыққа қарамастан, арғы-бергі жолды қосып есептегенде, ұзындығы 400 шақырымды жүріп өтті. Ахмет ескерткішінің басында өткен сәт сапар жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Ақышев спортшыларға ақ жол тілеп, аталған іс-шара Ахаңның аласапыран ғұмыры мен өлмес мұрасын дәріптеудегі, сондай-ақ бұқаралық спортты насихаттаудағы маңызын атап өткен.

Ал облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев велошеруді ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, ұлт ұстазына арналған ұлағатты бастамалар жыл бойы жалғасатынын тілге тиек етті.

Мерейтойлық марафонға жиырмадан астам кәсіби велошабандоз қатысты. Оларды 76 жастағы әуесқой велошабандоз, ардагер спортшы, ғалым-ұстаз Қалқаман Жақып аға бастаған әуесқой велосипедшілер 20 шақырымға дейін ұзатып салды.

— Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани көсемі. Біздің мақсат – жастарға ұлы тұлғаның өмірі мен елге сіңірген қызметін, баға жетпес асыл мұрасын насихаттау, – деді спорт ардагері.

Велошеруге қатысушылардың арасында үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі Павел Бабенконың да болғанын айта кеткен жөн. Велоспортқа бала кезінен әуестенгенімен, Павел өзінің сүйікті спортымен шындап айналыса бастағанына екі-ақ жыл болыпты.

— Сол аяғым протез. Бірақ соған қарамастан былтыр бірінші рет 200 шақырымды бағындырдым. Енді, міне, 400 шақырымға жетемін деп отырмын. Меніңше, қимыл-қозғалыс – белсенді өмір сүрудің көрінісі ғана емес, сонымен қатар осы арқылы көптеген адаммен танысып, араласып-құраласып, жаңа дос табасың. Өмірге деген құштарлығың артады, – дейді П. Бабенко.

Спортшылар Әулиекөлде бір түнеп, жұма күні Шолақсай елді мекеніне жетті. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университеттің оқытушылары ауыл мектебінің жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағыт-бағдар беру және тұлғалық өсу жөнінен тренингтер өткізді. Сондай-ақ асық ату және шахмат ойындарынан жарыс ұйымдастырылып, спорттық іс-шараның соңы концертке ұласты.

«Қостанай велосипед қауымдастығы» ҚБ төрағасы Бауыржан Тебеевтің айтуынша, Қостанайда ұлы тұлғалардың мерейтойына арналған велошерулер дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Мәселен, 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175, былтыр Ы. Алтынсариннің 180 жылдығына орай ауқымды веломарафондар ұйымдастырылды.в

Велошабандоздар Қостанайға 16 шілдеде бесін ауа қайта оралды.