Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында

29 июля 2022 14:26 • 875 просмотров

Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев брифинг өткізіп, онда республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бірінші кезекте қажетті азық-түлік бағасын ұстап тұру мәселелері қалай шешіліп жатқанын айтып берді.

Министрдің айтуынша, көкөністердің ішінде пияздың бағасы өсті.

«Ағымдағы жылы қажетті өнім көлемінің болуына және ішкі нарықта тапшылықтың болмауына қарамастан, қант пен көкөніс өнімдері бағасының өсуі байқалды. Көкөніс өнімдері арасында пияздың бағасы өсті. Осы орайда, ішкі нарықта пияздың қоры жеткілікті екенін атап өткім келеді. Мәселен, ай сайынғы қажеттілік 25,9 мың тонна болса, бүгінгі күні пияз қоры 34,4 мың тоннаны құрайды», – деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, маусым айынан бастап ерте пияз жиналуда. Жалпы көлемі 90 мың тоннадан асады деп күтіліп отыр.

«Соңғы уақытта пиязды шығаруға шектеу шараларын енгізу мәселесі талқыланып жатқанын, алайда министрлік бұл мәселені қолдамайтынын атап өткім келеді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта министрлік Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, пияз өндірушілер мен өзге облыстар, қалалар әкімдіктері арасында келісімшарттар жасасу жұмыстарын жүргізуде. Кездесу қорытындысы бойынша пиязды сату бағасы 220 теңгеден 110 теңге/кг-ға дейін төмендеді», деп қосты ол.

Сонымен қатар, қыркүйектен бастап 1 млн.тоннадан астам көлемде күзгі пиязды жинау басталады және ол ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етеді.

«Картопқа келетін болсақ, ішкі нарықтың айлық қажеттілігі 152,7 мың тоннаны құрайды. Әкімдіктердің ақпараты бойынша бүгінгі күні картоп қоры 124,9 мың тоннаны құрайды. Маусым айынан бастап ерте картоп жиналуда. Ерте пісетін картоптың жалпы өнімі бүгінде 270,9 мың тоннаны құрайды. Тамыздың бірінші жартысында 7,8 мың тонна жинау жоспарланған», деді министр.

Сонымен бірге, ол картоп өнімінің жиналуы ішкі нарықты толықтыруға және картоп бағасының тұрақтануына ықпал еткенін атап өтті. Мәселен, осы айдың басынан бері картоптың бағасы 5%-ға төмендеді.

«Қыркүйектен бастап күзгі картопты жинау басталады, оның көлемі

4 млн тоннадан асады, бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді және белгілі бір көлемді экспортқа жөнелтуге мүмкіндік береді. Қырыққабат пен сәбіз бойынша да жағдай тұрақты», деді Е. Қарашөкеев.

Бұған қоса, ведомство басшысы қант нарығындағы жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында өз өндірісі есебінен қамтамасыз етілу деңгейі бір жыл ішінде 139-дан 227 мың тоннаға дейін немесе 17% – ға өскенін атап өткім келеді. Ағымдағы жылы шамамен 44 мың тонна қызылша қантының және 225 мың тонна құрақ қантының өндірісі күтілуде. Осылайша, отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету деңгейі 49% болады деп болжанып отыр», деді министр.

Қазіргі уақытта елімізде жалпы тәуліктік қуаты қант құрағы бойынша

2,4 мың тонна және қант қызылшасы бойынша 8,7 мың тонна болатын 4 қант зауыты жұмыс істейді. Бұл ретте шикізаттың жеткіліксіздігіне байланысты зауыттардың жүктемесі төмен деңгейде қалып отыр.

Сала басшысы қант қызылшасы түсімінің төмендеуінің негізгі себебі егіс алқаптарының қысқаруы болып табылатыны атап өтті. Мәселен, егер кеңестік кезеңде қант қызылшасының алаңы 85 мың га құраса, 2014 жылға қарай елдегі қант қызылшасының егіс алаңы күрт 1,2 мың гектарға дейін қысқарды.

«Бұл қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруашылықтардың ұсақ болуына, жоғары шығындылыққа, су ресурстарының тапшылығына, суару желілерінің тозуына және басқа да факторларға байланысты. Сондай-ақ, басқа дақылдармен салыстырғанда қант қызылшасын өндіру рентабельділігінің төмендігі байқалады. Осы себепті шаруалар үшін қант қызышасына қарағанда басқа дақылдарды өсіру пайдалы. Өзіндік құнды талдау нәтижесі субсидиясыз қант қызылшасын өндіру тиімсіз болып табылатынын, ал қант қызылшасын өндірудің рентабельділігі қолданыстағы субсидиялардың арқасында ғана қамтамасыз етілетінін көрсетті», деп толықтырды Қарашөкеев.

Сонымен қатар, бағаны тұрақтандыру жөніндегі шаралар шеңберінде өңірлердің тұрақтандыру қорлары қантты төмен бағамен сатуды жүзеге асырады, бұл қанттың айналасында дүрбелең мен жоғары сұраныстың туындауына алып келеді. Бұл ретте, қант сату көлемінің аздығын ескере отырып, «болмашы» нарықтық құнынан төмен баға бойынша өңірлердің ӘКК-лерін сату көлемі байқалады.

«Әкімдіктер тарапынан осы іс-әрекеттер дүрлікпе сұраныс пен әлеуметтік шиеленістің туындауына әкеп соқтыруда. Бұл ретте ішкі нарықта нарықтық экономика жағдайында сатылатын коммерциялық қанттың жеткілікті көлемі бар екенін атап өткім келеді», деп қосты министр.

«Тағы да ішкі нарықта азық-түлік тауарлары тапшылығының жоқтығын және халықтың қажеттілігін жабу үшін қажетті азық-түлік қорларының бар екендігін тағы да атап өткім келеді. Министрлік азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін тұрақты бақылауында ұстап отыр», деп қорытындылады Ербол Қарашөкеев.