Тобыл өңіріндегі «Қазақ тұлпары» серіктестігінің егін алқабында ұйымдастырылған ауқымды агрокөрмеге ауылшаруашылық техникаларын құрастыратын кәсіпорындар мен егін егіп, мал баққан шаруашылық басшылары қатысты. Көрме барысында Қазақстанда құрастырылған ауылшаруашылық техникалары, асыл тұқымды Қостанай жылқылары, түрлі дәнді дақылдардың сұрыптары, агрохимиялық өнімдер мен элиталы астық тұқымдары көпшілік шаруалар назарына ұсынылды.
Іс-шараға қатысушылар алдымен егін алқаптарын аралап, биылғы астықтың жай-күйімен танысты. Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының басқарма төрағасы Дәмір Қалдыбаев меймандарға астықты аймақта өсетін жергілікті ауа райына бейімделген дақылдардың ерекшелігін сипаттап берді.
– Қарабалық тәжірибе стансасында мол өнімге кепіл болатын бидай тұқымының 52 түрі өседі. Соның ішінде ең мол түсім беріп келе жатқан қуаңшылыққа төзімді сұрыптың бірі – «Айна» деп аталады. Сондықтан бұл сұрыпқа деген сұраныс жоғары. Мен рекордшылар жайында бір-екі ауыз айта кетейін, мысалы, Меңдіқарадағы «Тимотин» шаруа қожалығы осы бидайды егіп көріп, былтырғы құрғақшылық кезінде гектарына 51 центнерден өнім алды. Бұл – былтырғы екі ай құрғақшылықтан кейін шілде айында бір-ақ рет жауған жаңбырдан соң алған өнімі. Алтынсарин ауданындағы «Ай-Дала» шаруашылығы әр гектардан 44 центнер астық түсірді. Былтыр еліміз бойынша 150 мың гектар алқапта осы тұқым себілді. Биыл 300 мың гектардан кем түспеуге тиіс. Бұл сұрыпқа деген сұраныс жыл санап артып келеді, – дейді Д.Қалдыбаев.
Кейінгі жылдары аптапты жаздың жиілеп кетуіне байланысты диқандардың дені құрғақшылық пен ыстыққа төзімді сұрыптарды көбейтуге ден қойып отыр. Мәселен, қостанайлық диқан Нұркелген Өтеулин бидай тұқымын жергілікті ауа райы мен жердің жағдайына қарай таңдау керегін айтады.
– Ерте пісетін, жаздың ортасынан ауа және күзге қарай, кеш пісетін дақылдар болады. Өзіме «Қазақ тұлпары» серіктестігінің алқабындағы сұрыптардан «Кудесница» дегені ұнады. Алдағы жылдары егіп көру керек деп отырмын. Мына жерден-ақ гектарына 30-35 центнер беретіні көрініп тұр. Өнімнің жақсы шығуы тұқымға байланысты. Күтім де керек. Жерге инвестиция салмасаң, қандай элиталы тұқым сепсең де дұрыс өнім ала алмайсың, – дейді диқан.
Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламалары аясында астық тұқымының сапасын арттырып, жоғары өнім беретін сұрыпты еселей түсуге үлкен көңіл бөліп отыр. Бұл туралы «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» ҰАҚ басқарма төрағасы Дархан Балпанов баяндады. Оның айтуынша, шаруаларға жүктеліп отырған басты міндет – ғылыми технологияның жетістіктеріне иек арта отырып, құрғақшылыққа төзімді сұрыптарды көбейту, оларды тиімді пайдалана білу. Ал мемлекет өз кезегінде тұқым саласын дамытуды қолға алады.
– Әрине, бұл саланы бизнеспен бірлесе отырып дамытуымыз керек. Мәселен, тоқсаныншы жылдары елде тұқым сапасын арттырумен айналысатын қырықтан аса тәжірибе стансасы болса, қазір соның 18-і ғана жұмыс істеп тұр. Бірақ мұның сыртында, бізде элиталы тұқым өсіретін 150 жеке меншік станса мен жеке шаруашылық бар. Оларды да осы маңызды шаруаға тартуымыз керек. Бүгінде 2,5 млн гектар жерге біздің отандық сорттар егілді. Алайда мұнымен шектеліп қалуға болмайды, біздің әлеуетіміз 4,5-5 млн гектарға дейін жетеді деп ойлаймын. Бұдан былай тәжірибелі стансаларды жаңғырту жұмысы жаңа доктрина аясында жүзеге асады. Басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан осы бір аптаның көлемінде шаруалардың ұсыныстарын күтеміз. Соның бәрін талқылап, кәдеге жарайтынын ескере отырып, ортақ тұжырымға келетін боламыз. Президент осындай тапсырма беріп отыр. Тағы бір айта кететін мәселе, қазіргі жағдайда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін импорт көлемін бірте-бірте азайта беруіміз керек, – деді Д.Балпанов.
Диқандар мен мамандардың ұсынысы талқыланған соң, арнайы стратегиялық бағдарлама қабылдануға тиіс. Елордадан келген өкіл мұны да тілге тиек ете кетті.
Көрмеге қойылған отандық комбайн, шөп дестелейтін, тұқым себетін, жер өңдейтін агрегаттар да көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Тіпті табан астында су жаңа техника сатып алып жатқандар да кездесіп жатты.
– Серіктестерімізбен әрі клиенттерімізбен бетпе-бет жүздесіп, алдағы жоспарларымызды талқылауға мүмкіндік алып отырмыз. 2021 жылы біздің компания 400 К-700 «Кировец» тракторын, 650 LOVOL және 420 «Есіл» комбайнын шығарды. Зауыт биыл да осы межеден көрінетін болады. Соңғы жылдары диқаншылықпен және мал басын көбейтумен айналысатын шаруашылықтардың отандық техникаға деген сұранысы артып келеді. Мысалы, былтыр біздің зауыттан шыққан техниканың 90 пайызға жуығы жергілікті шаруашылықтарға сатылды. Мемлекет отандық техниканы жасап шығарушыға да, оны сататын дилерлер мен сатып алатын диқан-фермерлерге де үлкен қолдау көрсетіп, көптеген жеңілдік жасап отыр, – дейді «Агромашхолдинг кz» компаниясының президенті Динара Шөкежанова.
Көрменің соңы «Агроөнеркәсіпті онлайн-сервис басқару» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік жиынға ұласты.