Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Газ құбырлары жаңартылады

6 августа 2022 12:00 • 838 просмотров

«ҚазТрансГаз» АҚ «Бұқара-Орал» газ құ­бы­­ры магистралының Қар­талыдан Рудныйға дейінгі 170 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүр­гізе бастады. Осы­ған орай, 3 тамыз­дан бастап өңірдің барлық деңгейдегі тұтыну­шы­ла­рына көгілдір отын беру бірнеше аптаға тоқ­та­ды. Құбыр ауыстыру жұмыстары барысында Жітіқара, Қарабалық, Қамысты аудандары мен Рудный қаласы ғана газдан ажыратылмайды.

«ҚазТрансГаз» АҚ Қос­та­най филиалының мә­лі­ме­тінше, ұзындығы 170 ша­қы­рымға жуық газ құбыры 60 жылға жақын жөндеуден өтпе­ген. Компания мамандары биыл дефектоскопиялық талдау жұмыстарын жүргізу барысында тот басып жұқара бастаған құбырда қауіпті ақаулардың шамадан тыс көбейіп кеткенін анықтап, күн суытпай тұрып тозған құбырды ауыстырып тастау туралы шешімге келіп отыр. Олай болмаған жағдайда, жылу маусымы басталған соң төтенше апат орын алып, елді мекендер мен өндіріс орындары, балабақша, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар қыстың қақаған аязында жылусыз қалуы ықтимал дейді мамандар.

Құбыр жөндеуге байланыс­ты газдың тоқтатылуы өңір тұрғындары мен өндіріс барысында көгілдір отын пайдаланатын кәсіпорындарға қиындық туғызайын деп тұр. Бұл туралы таяуда қалалық әкімдікте өткен жиында да сөз болды. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Илона Тимошенконың айтуынша, тамыз айында Қостанайдың өзінде өндірісі көгілдір отынға тәуелді сегіз кәсіпорын жұ­мы­сын тоқтатады. Олардың ішінде құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар бар.

– Қостанайда құрылыс са­ла­сына жыл сайын 95 миллион кірпіш пайдаланылады. Газдың болмауына байланыс­ты, «Қостанай-МБИ», «Ро­мана» және «БК-бетон» се­рік­тестіктері сияқты темір бе­­тонды өнімдер шығаратын зауыт­­тардың өнім көлемі үш есеге дейін қысқаруы мүмкін. Сондықтан мемлекеттен тапсырыс алған мердігерлердің өздеріне қажет кірпіш және темір-бетон өнімдерін Ресей мен іргелес облыстардағы зауыттардан әкеліп алғаны жөн. Қаладағы өндіріс ошақ­та­рының көгілдір отынсыз қалуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсет­кіш­теріне де кері әсерін тигіз­гелі отыр. Мәселен, «Сарыар­қаАвтоПром» ЖШС, «Боль­ше­вичка» тігін фабрикасы, «Дормаш» ЖШС сияқты кәсіп­орындар өндірісте таби­ғи газ пайдаланбайды. Ал «Агромаш Холдинг КЗ» АҚ, «Қостанай трактор зауыты» және бірқатар ұн тар­татын кәсіпорын қыз­метін ішінара тоқтатады. «Евраз­КаспианСталь» ЖШС, «Қостанай ұн комби­на­ты» АҚ және Юрченко ЖК нан зауыты өз қызметін толы­ғы­мен тоқтатады. «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының дизель отынына көшетін мүм­кін­дігі бар. Алайда мұның шығыны көп болғандықтан, кәсіпорын тамыз айында жөн­деу жұмыстарын жүргізеді. Кірпіш зауыттарының қызметі толығымен тоқтатылды, – дейді И.Тимошенко.

Облыс тұрғындары та­мыз­­дың ортасына дейін электр қуатымен амалдап ас-суын қамдай тұрар. Газ­дың жоқтығы, әсіресе, нау­бай­­ханаларға ауыр тиген сияқты. Қалалық әкімдіктің мәлі­метінше, 1 тамыздан бастап облыс орталығын ыстық нанмен қамтып отыр­ған «Сухин», «Юрченко С.В.» жеке кәсіпкерлік ны­сан­дары мен «Сузан А», «Ал­тын-Нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұ­мы­сын тоқ­татты. Олардың міндет­т­емелерін тәулігіне 4 жарым мың бөлке нан пісіретін «Баг­дасарян» және күніне 2 жарым мың әлеуметтік нан шығаратын «Астықжан Қостанай» жеке кәсіпкерлік нысандары атқаратын болады. Әйтеуір, қалалық әкімдік тамызда нан тапшылығы туындамайды дегенді айтып отыр.

Қалалық тұрғын үй шаруа­шы­­лығы бөлімінің басшысы Асылхан Хәкімовтың сөзінше, облыс орталығында ұзын саны 1 мың 332 өндірістік кәсіпорын және жол жөндеумен айналысатын мердігер ұйымдарға тиесілі асфальт зауыттары, сондай-ақ 1 мың 15 ком­му­налдық-тұрмыстық тұты­ну­шы көгілдір отыннан уақытша ажыратылады.

Бұған дейін газ жағып келген «Арвис» асфальт-бетон зауыты дизельді отынға көшті. «Арасан», «Милх», «ДЕП» тәрізді ірі серіктестіктер де электр пеш жағатын болады.

Көгілдір отынсыз кезең­де көпқабатты тұрғын үй­лер­де газ бал­лондарын пай­да­­­лануға тыйым салынды. Қа­­лалық тұрмыстық қа­ты­нас­тар бөлімінің мамандары тұрғындарға бойлер мен электр пешін пайдалануды кеңес етіп отыр.

Газ құбырын жөндеу жұ­мыстары әуелде тамыздың 1-інен 25-іне дейін созылады деп жоспарланған. Шілденің 31-інде «ҚазТрансГаз» Ресей аумағында «Бұқара – Орал» газ магистралының 1 832,5 шақырымындағы құбырдың тесілуіне байланысты Қоста­най облысындағы құбыр жөн­деу жұмыстары 3 тамызға ше­ге­рілетінін хабарлады.

Ал бұдан бұрынырақ өңір басшысы Архимед Мұхам­бе­товтың облыс әкім­ді­гі мен «ҚазТрансГаз» АҚ арасында жөндеу мерзі­мін қысқарту туралы уағдалас­тық­қа қол жеткенін мәлімдеген. Облыс әкімі «Келісім бо­йынша газ құбырын жөндеу жұмыстарын 12-14 күннің ішінде аяқтау жос­парланды. Жұмысты тезі­рек бітіру үшін өзге облыстардан мобильді топтар көмекке келеді», деп еді, енді жөндеу жұмыстары кейінге ше­геріл­ген­діктен, тұты­ну­шылар та­мыз­дың жиырма­сына дейін газсыз амалдай тұрады.

Өңірде табиғи газды 90 мың 613 тұрғын тұтынып отыр. Олардың 72 129-ы көпқабатты тұрғын үйлерде, ал 17 152-сі жеке үйлерде тұрады.

Қостанай электр орталы­ғы­ның мамандары газсыз күндері тоқ көзін тұтынушылар кө­бе­йе­­тіндіктен, электр желі­ле­ріне артық күш түсетінін, сон­дықтан үйдегі электр құ­рыл­­ғыларын бір мезгілде бір­дей пайдалануға болмайтынын ес­ке­ртіп отыр.

Көгілдір отынсыз кезеңде орын алуы мүмкін тосын оқи­ға­­лардың алдын алу мақса­тында «ЭПК-forfait» серік­тес­ті­гінің апатты жою бригадалары кезекшілік атқаратын болады. «ҚазТрансГаз» АҚ газ құбы­рын жөндеу жұмыстарын 15 тамызға дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Одан кейін тұты­ну­шылар бірте-бірте газға қосыла бастайды.