Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өңірде өсім бар

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қоғамдық кеңес пен облыстық мәслихат депутаттарының алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы баяндады. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір басшысының айтуынша, Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне, оның ішінде облыс халқының табысы мен өмір сүру сапасына оң әсер етуде.

Әкімнің айтуынша, 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты оң динамика тіркелген. Өңдеу өнеркәсібінде, атап айтқанда машина жасауда айтарлықтай өсім байқалады, онда жеңіл автомобильдердің шығарылатын модельдерінің желісі үнемі ұлғайып келеді. Мәселен, 6 айда 31,0 мың автокөлік құрастырылса, оның 1,2 мың бірлігі экспортқа жіберілді.

— Айта кету керек, республикада құрастырылған автомобильдердің 62%-ы біздің облыс зауыттарына тиесілі. Инвестициялық жобаларды іске асыру ерекше бақылауымда, өйткені инвестициялар тарту – бұл ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Бүгінгі таңда облыс аумағында 1,8 трлн теңгеден астам сомаға 52 жобадан тұратын пул құрылды. Оларда 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады, – деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.

«Kamlit KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Индустриялық аймақтың аумағында құны 160,7 млрд теңге жүк техникасына арналған автоқұрамдауыштар шығаратын екі ірі зауыт: шойын құю зауыты және жүк техникасына арналған жетекші белдіктерінің басты берілістерін шығаратын зауыт салынуда. Аталған зауыттардың іске қосылуының арқасында алдағы екі жылда 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, үшінші жобаны іске асыру – жетекші белдіктер балкаларының өндірісі пысықталуда.

Зауыттардың өнімдері ТМД елдері үшін бірегей болады. Оның көп бөлігін экспортқа жіберу жоспарланып отыр, бұл облыс пен республиканың халықаралық саудадағы позицияларын күшейтетін болады. «Евраз Каспиан Сталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 60,0 млрд теңге болат дайындамаларын өндіру бойынша зауыт салуды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта ішкі нарықта да, экспорттық бағыттарда да автомобильдерге тапшылық байқалады. Қостанайлық автоқұрастырушы автомобильдердің модельдер қатарын кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту мәселені қарастыруда, оның ішінде жақын шетелдің қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін.

Сөйтіп, ұсақ торапты әдіспен КИА, Шевролет Оникс, Лада автокөліктердің өндірісін жолға қою, катафорездік астарлауды пайдаланып бояу цехын кеңейту, «Беларус» тракторларына арналған кабиналар өндірісін жолға қою жоспарлануда.

Тау-кен-өндіру секторында да облыстың оңтүстік өңірлерінде тау-кен-байыту кешендері, алтын өндіру фабрикасы сияқты жобалар қатарын іске асыру жоспарланған, Қашар карьерінде «Ақылды фабрика» жобасы іске асырылуда.

Бұдан басқа, агроөнеркәсіп кешені саласында сүт бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін 12,4 мың ірі қара мал басына 9 сүт-тауарлық ферманы, ірімшік шығару комбинатын, өсімдік май зауытын, бройлер еті өндірісін, ет өнімдерін ала отырып, ірі ақара мал мен жылқы өсіру жөніндегі мал шаруашылығы кешенін салу жоспарланған.

Инвестициялық жобаларды іске асыру өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 1,3 трлн теңгеге дейін ұлғайтып, сол арқылы оның өнеркәсіп құрылымындағы үлесін көбейтуге ықпал етеді. Шикізаттық емес сектор экспортының көлемін ұлғайту күтілуде, себебі іске асырылып жатқан жобалар экспортқа бағдарланған.

Бұдан басқа, жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ке дейін төмендейді.

–»Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 2021 жылы 9,3 млрд.теңге сомасына 60 жоба қаржыландырылды. Ағымдағы жылы 4,9 млрд.теңгеге 13 жоба мақұлданды. Торғай өңірінде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. 22,4 млн. теңгеге гранттық қаржыландыру бөлінді. «Қостанай облысының оңтүстік өңірлерінің инвестициялық картасы» әзірлену сатысында гранттық қаржыландыруға қосымша қаражат бөлетін боламыз,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

2022 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 101,2 млрд теңге қарастырылған. Биылғы жаздық егіс 4,8 млн га құрады, оның ішінде 3,9 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, оның ішінде бидай 3,5 млн га.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы елді мекендердің 550 шақырымнан астам жолдары мен 224 көшесін жөндеу жоспарлануда. Осы жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімдігі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 78% – дан 85% – ға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.

– 2022 жылға «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және «Ауыл Ел бесігі» жобасы аясында сумен жабдықтау және су бұру бойынша 48 жобаны іске асыруға 20,5 млрд.теңге бөлінді, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы білім беру саласын қаржыландыру 149,1 млрд.теңгені құрады. 5,5 млрд теңгеге 3 мектептің құрылысы жалғасуда. 105 білім беру ұйымдарында 6,7 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін биыл «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп «Жас шаңырақ»жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз.Бағдарламаны іске асырудың басында 700 млн.теңге бөлінді. Бірінші транш есебінен 150-ге жуық адам қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілетін болады.

Несиенің негізгі шарттары: 10% бастапқы жарнасымен 5%-дан басталатын кредиттеу мөлшерлемесі бойынша 19 жылға дейінгі мерзімге 15 млн.теңгеге дейінгі сома.

Жалпы іске асырылып жатқан ұлттық жобалар, жеке бастамалар шеңберінде ағымдағы жылы 18 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Кемінде 27 мың азаматқа жұмыспен қамту бойынша көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 13,3 мыңнан астам адам қамтылды, 11,3 мың жұмыс орны ашылды.

Бүгінгі күннің өзекті бағыты азаматтарымыздың әл-ауқатының деңгейін арттыру болып қала береді. «2025 жылға дейін Халықтың табысын арттыру бағдарламасы» шеңберінде облысымыз көшбасшылар қатарында. Қазіргі таңда облыста халықтың жан басына шаққандағы табыс 256,8 мың теңге құрайды. Облыс бойынша жылдық табыстың өсімі барлығы 20,0%-ті құрады, бұл ретте инфляция деңгейі 5,1% болды.

— Біздің негізгі мақсатымыз– халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосу, сондай-ақ өңірдің маңызды мәселелерін шешуге жәрдемдесу. Алға қойылған барлық мақсаттар мен міндеттерді шешу және іске асыру Қостанай облысының дамуына үлкен серпін беретініне сенімдімін, – деп қорытындылады сөзін Арихмед Мұхамбетов.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор