Қостанайда 2020-2025 жылдарға арналған индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 179 млрд теңгеден асатын бес бірдей ірі жоба жүзеге асырылады. Машина жасау саласына соны серпін беретін ауқымды жобалардың нәтижесінде осы жылдың өзінде мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарланып отыр.
Мәселен, қалалық экономика және бюджет жоспарлау бөлімінің басшысы Наталья Тұрлыбекованың айтуынша, 2022 жылдың соңына таман екі ірі зауыт іске қосылады.
– Қазір екі ғимараттың да құрылысы аяқталып қалды. Олардың біріне «Белорус» тракторларының «МТЗ-Қазақстан» машина жасау зауыты» ЖШС орналасады. Құны 8,3 млрд теңге болатын бұл кәсіпорын жылына 10 мың кабина жасап шығарады. Зауыт 150 адамды жұмыспен қамтиды. Жыл аяғына дейін іске қосылатын тағы бір зауыт – «Тehnopark KZ» ЖШС. Осы жылдың өзінде кәсіпорын 600-дей шанақ және коммуналдық техникаға арналған қондырма құрылғылар шығаруды көздеп отыр. Аталған нысан құрылысының құны – 2,9 млрд теңге, 180 жұмыс орны құрылады, – дейді Наталья Тұрлыбекова.
Қалған 3 жоба 2024 жылы іске қосылады. Соның бірі – «KamLitKZ» ЖШС-ның құрылысы 2019 жылы басталған. Құрылыс жұмыстары мен зауыттың өндіріске қажет құрал-жабдықтарын орнату 5 жыл ішінде аяқталуға тиіс. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 45 мың тоннаға дейін цилиндр блоктарын, қозғалтқыш бастиектерін, картерлер мен жүк көлік белдемесінің редукторларын құйып шығарады. Зауыт құрылысына 78,2 млрд теңге қарастырылған.
2020 жылы «KamLitKZ» ЖШС тағы бір ауқымды жобаны қолға алған. Құны 82,5 млрд теңге тұратын аса қымбат жоба Қостанайда «Камаз» арнайы техникасына арналған жылына 74 мың жетекші белдеме редукторлары мен қозғалыс ауыстырғыштарын құюды көздейді.
Екі жылдан кейін іске қосылатын «Deutz-Fahr» тракторларын құрастыруды ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету жөніндегі сервистік орталық пен логистикалық терминал салу жобасын «Агромаш Холдинг KZ» АҚ компаниясы жүзеге асырады. Жобаның құны – 4,5 млрд теңге.
– Қостанайда Индустрияландыру картасынан тыс машина жасау саласы мен агроөнеркәсіп кешенінде, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, жаңартылатын энергия көздері мен металлургия салаларында жалпы құны 327 млрд теңге болатын 19 жоба іске асырылып жатыр. 2022-2025 жылдар аралығында іске қосылатын ілкімді жобалардың нәтижесінде 3 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, – дейді Наталья Тұрлыбекова.