Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Көмек кімдерге тиесілі

20 августа 2022 14:19 • 670 просмотров

Балалар жылында Оқу-ағарту министрлігі «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында оқушыларға көрсетілетін материалдық көмек ережелеріне өзгерістер енгізді. Осының нәтижесінде әлеуметтік осал санатында жататын балаларды мектепке дайындау үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді.

«Бұған дейін арнайы санаттағы балаларды мектепке дайындау үшін мемлекет есебінен бөлінетін қаражат мөлшері 17–40 мың теңге аралығында болатын. Таяуда бұл нормаға министрлік ұсынысы бойынша өзгерістер енгізілді. Енді ең төменгі көмек – 37 389 теңге болады. Бірақ Қостанай облысы бойынша дөңгелектеп 38 000 деп бекіттік. Бұл бір ғана оқушының қажеттілігіне бөлініп отыр. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгерістер енгізілді. Енді ақша ата-аналардың шотына тікелей аударылады. Бұған дейін қажетті заттарды мемлекеттік тапсырыспен сатып алатын. Сондықтан да тауардың көлеміне, сапасына байланысты ата-аналар тарапынан мәселелер туындайтын. Бір жағы білім бөлімдеріне қиындық тудыратын. Мемлекеттік тапсырыс алушылардың кейбіреуі жауапсыздық танытса, екіншісі мерзімінен кешіктіріп жататын», – дейді Зәуре Байменова тілші сауалына орай.

Зәуре Әнуарбекқызының мәліметінше, биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және төтенше жағдайға тап оқушыларға да материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді. Яғни, бес жікке бөлінген.

«Қазір аита-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ата-ананың есеп-шотына қаржы түскеннен кейін 15 күннің ішінде қажетті заттар алынуы тиіс. Және қаражатқа не алынды, түбіртегі, фотосы қоса салынып, есеп берілетін болады», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Егер көпбалалы отбасының балалары бола тұрып, әлеуметтік жағдайы бар болса, мұндай көмек көрсетілмейді.

«Жыл басынан бері біздің басқармаға материалдық көмек сұрап өтініш білдірген ата-аналар бар. Жаңа оқу жылында білім бөлімдері 200 баланы киіндіріп үлгерді. Кеше ғана Қарабалық ауданында қысқы киімдер, канц тауарлармен қамтылды. Қалған отбасыларға енген өзгерістерге сай қаржылай көмек көрсетілетін болады», – деп түйіндеді Зәуре Әнуарбекқызы.

Айта кету керек, енген өзгерістерге Оқу-ағарту министрлігі 8 тамыз күні қол қойды. Құжатқа он күннен кейін заңды күшіне енеді.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор