Қазақстан нарықтық экономикалы ел дегенімен, мемлекет бәрібір баға саясатына араласуға мәжбүр. Жақында мемлекет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) бөлшек сауда бағаларын бақылауды енгізді. Оның мақсаты – әділ және болжамды баға белгілеуді қамтамасыз ету.
Алдымен ӘМАТ тізімін атап өтейік. Олар – 1-сұрыпты ұн, 1-сұрыпты ұннан жасалған нан, түтік кеспе (өлшеніп сатылатын), қарақұмық (өлшеніп сатылатын), күріш (өлшеніп сатылатын), картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, құмшекер, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйектері бар жауырын-төс бөлігі), тауық еті (сан және жіліншік сүйегі), жұмсақ қаптамадағы сүт (майлылығы 2,5%), жұмсақ қаптамадағы айран (майлылығы 2,5%), сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%), тауық жұмыртқасы (I санаты), ас тұзы («Экстра»-дан басқа) және сүзбе (майлылығы 5–9%).
Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, шекті сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшері өндірушінің сату бағасының немесе көтерме сауда жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-ынан аспайды. 15%-дан асып кетсе, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204–4-бабы негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
ӘМАТ бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Сауда комитеті «үй жанындағы» дүкендердегі сауда үстемесін бақылау бойынша әкімдіктерді үйлестіруді жүзеге асырмақ. Кейінгі аптада жүргізілген рейд кезінде 40,3 мың «үй жанындағы» дүкен қамтылып, онда 734 сауда үстемесін бұзушылық анықталған.
«Ең көп бұзушылық Нұр-Сұлтан қаласында (278) және Шығыс Қазақстан облысында (80) анықталды. Одан әрі Түркістан облысында (38), Батыс Қазақстан облысында (33), Қостанай облысында және Маңғыстау облысында (32-ден), Жетісу облысында (30) бағаны негізсіз өсірген. Түсіндіру жүргізу нәтижесінде сауда объектілері ӘМАТ-қа сауда үстемелерін 5–15%-ға дейін төмендетті. Бұл ретте сауда үстемесін асыра пайдаланғаны үшін әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды, ішкі сауда субъектілеріне қатысты ескерту түрінде 126 әкімшілік хаттама толтырылды, 1 айыппұл салынды», делінген сауда комитетінің хабарламасында.
Сауда комитетінде атап өткендей, тексерістер ірі қалалар мен облыс орталықтары, сондай-ақ аудан орталықтарында да жүргізілмек. Мониторингтік топтардың құрамына қоғамдық ұйымдар мен партиялардың өкілдері де кіреді.