Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Шөп тапшылығы болмайды

21 августа 2022 14:00 • 4 185 просмотров

Жаздың басы шөп нағыз жетілетін кезде жерге ылғал мол түскенімен, шілдеге дейін түн салқын болды. Осының салдарынан, бірқатар ауданда шабындық шөп шаруалар күткендей бойлап өсе алмай қалды. Алайда былтырғы қуаңшылыққа қарағанда, биылғы шөптің шығымы едәуір жақсы дейді мамандар.

150 мың тоннадан аса мал азығын дайындамақ

Жергілікті шаруашылықтар бүгінге дейін 1 млн тоннаға жуық шөп жинап алды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі шабындықтардың орташа өнімділігі бес центнерден асады. Дегенмен бірқатар ауданда көрсеткіш бұдан да жоғары. Шөбі шүйгін шыққан өңірлердің қатарында Федоров, Қостанай, Сарыкөл, Аманкелді аудандары бар.

Ала жаздай шабындық басынан шықпаған пішеншілер биыл мал азығын молынан әзірлеп алмақшы. Мәселен, аманкелділіктер 107 мың тонна шөп әзірлеуді межелесе, торғайлықтар 109 мың тоннадан астам пішен дайындауды міндеттеріне алған. Бұл екі аудандағы шөбі белуардан келетін кей жерлер бір гектардан 7–8 центнерге дейін өнім береді. Сарыкөл ауданының шаруалары да қалысар емес. Мұнда, тіпті, гектар берекелілігі тоғыз центнерден айналады. Фермерлер пішендемені де молынан әзірлеп алды. Биыл аудан шөпшілері 153 мың тоннадан астам мал азығын дайындауды жоспарлапты. 10 мың тоннаға жуық пішендеме салған федоровтықтар да жақсы көрсеткішке ие. Былтырғы құрғақшылықтан сабақ алған облыс шаруашылықтары бұл жолы қысқа мықты дайындықпен кіруді көздеп отыр.

Ақкөл мен Ахмет ауылдары алаңдаулы

Дегенмен бірнеше жылдап құрғақшылықтың зардабын тартып отырған ауылдар бар. Мысалы, өзіміз таяуда ғана барып қайтқан Жангелдин ауданына қарасты Ақкөл, Ахмет Байтұрсынов ауылының тұрғындары былтырғы құрғақшылық биыл да қайталануы мүмкін деген алаң көңілмен отыр. Баяғыда теңіз боп толысып жататын Ақкөлдің суы жыл санап азайып, тартылып, жағадан ұзап барады. Бұл өңірдегі қолында техникасы бар бірді-екілі шаруалар ауылдан 60, тіпті 110 шақырым жерде шөп шауып жатыр.

— Біздің осы Ахмет Байтұрсынов пен мынау көрші Ақкөл ауылы қуаңшылыққа тап болғалы бірнеше жыл болды. 3–4 жылдан бері шөп шықпай қалды. 35–40 шақырым жердегі қауларды қырып шабамыз. Қазір ауылда дұрыс техника жоқ, бәрі тозған, баяғы Кеңес Одағынан қалған тракторлар ғой. Техникасы жоқтарға тіпті қиын. Сатып алады, оның сыртында тракторға майын құяды, шөп тиеушілерді жалдайды. Басқа жақтан тасиық десек, жақын жерде шөп жоқ. Көрші ауылда өзіміз сияқты күнкөріс. Сол Ақкөлде Нұрғожа есімді фермеріміз бар, қайта сол көмектеседі. Өзіміздің ауылдағы жігіттер де шамалары жеткенше қолұшын беріп жатыр. Ағайын-туыс әйтеуір бір-бірімен ептесіп-септесіп күн көріп жатқан жайымыз бар. Бұрын бір бидайықтан шапқан шөп 2–3 отарға жететін. Қазір бір үйге жетпей қалып жатыр. Қырып алғанның өзінде 5–6 тіркеме шөп шығады. Өңірден мал кеткеннен кейін, осы шөптің тұқымы да кетіп қалды ма деген ой келеді. Бұрын шөп бітік шығатын бидайықтар қазір тақыр болып қалды. Бұрынғы бидайық жоқ, орнына көбіне ащы, ақбас шөптер шығып кетті. Әсіресе жанармай қымбат, әкелу қиын. Қазір жанармай бекеттерінде дизельді отынның бағасы 220 теңге болса, бізге одан да қымбат бағамен әкеледі. Оның өзі болса болады, болмаса, жоқ. Шөп мәселесіне келгенде, жағдайымыз өте қиын. Шөп болмаған соң, мал арық. Дұрыс бағаға ет алатын адамдар да жоқ. Ауыл тұрғындарының дені айлық алмайды, малмен күн көріп отыр. Сыртта балалар оқиды, оларға да ақша керек. Малымыз арзанға кетіп жатыр. Қазір көбіне Қызылорда жақтан келген жігіттер әкетіп жатыр. Басқа қайда апарасың? Қостанай жағынан келіп ешкім мал алып жатқан жоқ. Дегенмен жоқ деп қол қусырып отырған жоқпыз. Сол барын әр жерден қырып, аз болса да, бейнеттеніп қыс азығын дайындап жатырмыз. Көк шөбіміз жоқ. Сол былтыр, алдыңғы жылы бидайықта шабылмай қалған әр жердегі қауларды шауып жатырмыз. Бірақ биыл жайылым жақсы. Қыста жылқы тебінде жүре береді, қолға ұстамаймыз. Мұнда қой мен сиыр ғой қолға қарап қалатын. Сиыр қардың қалың-жұқа түсуіне байланысты желтоқсан-қаңтарға дейін қырда жүре береді. Біз сол 2 айға жететін шөп жинап алсақ, қыстан қысылмай шығар едік. Былтырғы құрғақшылықта бір тіркеме шөптің бағасы 35–40 мың теңгеге дейін барды. Биыл шөп сататын адам болмай қалуы мүмкін, – дейді ауыл тұрғыны Нағашыбай ақсақал.

Ал ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Иманғалиевтің айтуынша, биыл жалпы аудандағы шөптің шығымы былтырғыдан әлдеқайда жақсы.

— Ауданда жоспарланған шөп көлемінің 80 пайыздайы дайындалды. Қазір фермерлердің көбі шөптерін тасып алып жатыр. Былтырға қарағанда, шөптің шығымы жақсы. Бірақ рас, Ақкөл, Ахмет Байтұрсынов ауылының тұрғындары шөптен қысылып отыр. Бұл жылда қайталанып келе жатқан нәрсе. Басқа жерлерде былтырға қарағанда едәуір жақсы. Сондықтан биыл ел шөптен қысылмайды. Ауданда тіркелген 194 шаруа қожалығы бар. Олардың бәрі өздеріне жететін шөп дайындап алды. Қазір шауып жатқан шөптерін таяу күндері сата бастайды. Былтыр бір орамның бағасы 6 мың теңге болған. Биыл 5 мың теңгеден деп есептеп отырмыз. Одан да арзанға қоюға болатын еді, бірақ қазір қосалқы бөлшектің бағасы 2–3 есе қымбаттап кетті, ал техника сынбай тұрмайды. Әйтпесе, біз шөпшілерді жинап кездесу өткізгенімізде, шалғышылар шөпті одан да арзан сатуға келіскен. Қазір енді бір тонна шөптің бағасы 12,5 мың теңге деп отырмыз. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге сәл төмен бағамен сатылатын болады. Бұл ойдың шөбі, трактор тіркемесіне тиелген 2 тонна қырдың шөбінің бағасы 30 мың теңгеге дейін барады. Өйткені қырдың шөбінің түсімі аз, шығыны көп болады, – дейді Жангелдин аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Екпе шөп алқабы екі есеге ұлғайды

Облыстағы кейбір шаруашылықтар ауа райына тәуелді болмас үшін суармалы тәсілге көше бастағанын айта кету керек. Осының нәтижесінде, облыста екпе шөп алқабының көлемі екі есе ұлғайды. Өткен жылы халық шөп жетпегендіктен мал басын едәуір қысқартқан еді. Мәселен, Жітіқара ауданында өткен жылы 20 мың қара мал болса, биыл 4 мыңға азайған. Жергілікті шаруалар екі-үш жыл қатарынан құрғақшылықтың зардабын тартты. Оның үстіне мал азығының бағасы шарықтап кетті. Сондықтан облыс аудандары көптеп-көлемдеп көмектесіп, қыстан малдарын әупірімдеп әрең алып шыққан-ды. Биыл жағдай басқаша. Шаруалар былтыр 1,5 центнерден шөп жинаса, биыл кемі 5 центнерден өнім жинап аламыз деп алақанын ысқылап отыр. Бұған, әрине, көпжылдық екпе шөптің тигізер пайдасы зор.

Мысалы, Арқалық қаласының маңайындағы Восточный ауылында биыл 1 мың гектар шабындыққа судан шөбінің тұқымы егілді. Жергілікті шаруа қожалығының басшысы орылған мал азығының тоннасын 10 мың теңгеден сатуды көздеп отыр. Кейін шабылған аумақ жайылым ретінде кәдеге асады.

— Судан – жемдік дақыл. Қоректік заттарға бай. Ылғал болса жазда екі-үш рет шауып алуға болады. Шығыны аз, алынатын өнімі мол. Шамамен әр гектардан 6–7 центнер өнім беріп жатыр. Бұл Восточный тұрғындарын қолжетімді шөппен қамтамасыз етуге жетеді. Фурманов, Үштөбе ауылдарын да арзан шөппен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Себебі өңірде құрғақшылық жиілеп кетті. Төрт түлікке азық таппаған соң, жұрт қолдағы бар малын біртіндеп сатып жатыр. Сондықтан мал басының күрт азайып кетуіне жол бермеу жағын қарастырып, шөпті арзанға саудалап жатырмыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы Иван Попович.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Федоров, Ұзынкөл, Әулиекөл аудандары қазірдің өзінде алдағы қысқа жетерлік шөп қорын қамдап алған.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор