Қостанайдың іргесінде жатқан Заречный ауылындағы «Арғымақ» ипподромында ұлттық ат спортынан ел чемпионатының аймақтық іріктеу жарысы өтті. Дүбірлі додада Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен қатар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Абай облыстарынан келген сәйгүліктер бәйгеге түсті.
Республикалық «Бәйге» федерациясы мен Қостанайдағы ұлттық ат спорты федерациясы ұйымдастырған айтулы спорт шарасында қазақтың ежелден келе жатқан қыз қуу, теңге алу, аударыспақ, көкпар ойындары мен аламан, құнан жарыстары ұйымдастырылды. Бәйге десе «ішкен асын жерге қоятын» көпшілік жанкүйердің делебесін қоздырған шашасына шаң жұқпас жүйріктердің жүлде қорын «Olimpbet» букмекерлік кеңсесі тағайындады. Бәйгенің жалпы жүлде қоры – 16 млн теңге, жарыс нәтижесінде, бес бірдей жүлделі орынға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Тұлпарлар тізгін жібермес бұрын жиналған спортсүйер көпшілікті облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қайыржан Есімтаев, өңірдегі ат спорты федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдірахманов, Ұлттық ат спорты түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай құттықтап, аталған шараның басты мақсаты Қостанай жылқысын насихаттау екенін, бүгінде осы тұқымды көбейту жолдары қарастырылып жатқанын айтты.
— Биыл елімізде ат спортына, соның ішінде бәйгеге ерекше көңіл бөлініп отырғаны қуантады. Бұған дейін бәйгеден ел чемпионаты мен кубогы бір мезетте өтіп келді. Одан кейін шағын бәйгелер болмаса, ірі жарыстар өте қоймайтын. Ал ұлттық спорттың дамуына соны серпін беретін мұндай іс-шаралар бір демеушінің қолдауымен жан-жақты ұйымдастырылғанын бұрын-соңды көре алмай келдік. Мұны атбегілер мен ат иелері де айтып, ризашылықтарын білдіріп жатыр, – деді облыстық ат спорты федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдірахманов.
Сонымен 10 шақырымда сынға түскен 19 құнан арасынан Қарағанды облысынан келген Жандос Ырзықбаевтың үкілеп қосқан жүйрігі Тайфун атты арғымақ қатарынан қара үзіп, жеңімпаз атанды. Тайфунның Қостанай тұқымы екенін естіген жұрт «Ой, пәлі!» десіп, сүйсінісіп жатты. Ал он алты шақырымдық топ бәйгеде 20 жүйріктен суырылып алға шыққан алматылық Телқоңырға талайлар таңдай қағып жатты.
Бәйгенің ең шешуші кезеңі жиырма екі шақырымға кететін аламанда 22 жүйріктің арасынан суырылып шыққан Абай облысынан келген Жарқын Темірбаевтың Нарқызылы мәрені бірінші кесіп өтті. Аламан басталғанда бірнеше айналым бойы Алматы қаласының сәйгүлігі Забалетто алдына қара түсірмей келіп еді, бірақ «Бақ шаба ма, бап шаба ма, ат шаба ма» демекші, мәре жақындағанда Нарқызыл басып озып, 4 млн теңгенің бас бәйгесін қанжығасына байлады.
Тобыл төрін дүбірлеткен дүлдүлдерді тізгіндеген шабандоздардың да еңбегі ерекше екенін айта кеткен жөн. Мысалы, Қарағанды облысынан келген Мирлан Нұрболат тақымындағы тұлпарының тынысын тақымымен сезетін тәжірибелі шабандоздың өзі екен. Шынашақтай болса да, бұған дейін де талай дүбірлі бәсекелерде тұлпар мініп, топ жарған Мирлан Қостанайда да өз биігінен көрініп, аралас тұқымды бәйгеде де, аламанда да екінші орынға ие болды.
— Менің жалпы атқа деген қызығушылығым сол сәби кезімнен-ақ басталды. 9 жастан бері тұлпар тізгіндеп, шабандоз болып келем. Ең бастысы, мұндай үлкен аламандарда астыңдағы аттың күшін сарқып алмау керек, – дейді жас шабондоз.
Өкінішке қарай, бабы кем болды ма, әйтеуір бір айналымнан, екі айналымнан кейін жарыс жолынан шығып қалып жатқан аттар болды.
— Бұл енді үлкен аламан болғаннан кейін атқа да, аттың иесіне де обал. Енді алдағы бәйгелерге жақсы дайындықпен келген дұрыс, – дейді бастан-аяқ іс-шараны жүргізіп, ұйымдастыру шараларының басы-қасында жүрген ұлттық өнер жанашыры Қыдырбек Қиысхан.
Жалпы, бәйге өте жоғары деңгейде өтті. Бір ерекшелігі, өзге өңірлерден арнайы келген жанкүйерлер көп болды. Солардың бірі – Атырау қаласынан келген белгілі атбегі Шаңырақ Ермекбаев ағамыз көпшілікке батасын беріп, сәйгүліктердің сүрінбей шабуына тілектестік білдірді.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта өңірде Қостанай тұқымды арғымақтар мен Қостанай будандарына ғана арналған 20 шақты бәйге өткізу жоспарланған. Ал ел чемпионатының ендігі кезеңдері Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтіп, соңы қазан айында Алматы қаласында қорытындыланады.