Жастар сарайында Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетовтың төрағалығымен «Білім берудің басты құндылықтары: тәрбие мен оқытудағы адамгершілік бағыттар» атты Қостанай облысы білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті.
Конференцияда өткен оқу жылы қорытындыланып, облыстың білім беру жүйесін дамыту бойынша стратегиялық мақсаттар мен міндеттер қойылды. Алқалы жиынға Қостанай облысы аудандары мен қалалары әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, әдістемелік кабинеттердің меңгерушілері, облыстық білім беру ұйымдарының директорлары, қамқоршылық кеңестердің, қалалар мен аудандардың ата-аналар комитеттерінің төрағалары, педагогтері қатысты шақырылды.
Қостанай облысы білім басқармасының басшысы Зәуре Байменованың айтуынша, биыл облыстың білім беру саласының бюджеті 149 млрд.теңгені құрайды. Бүгінгі таңда өңірдің 782 білім беру ұйымында 166 мыңға жуық оқиды және 36 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жергілікті жерлерде сапалы білім беру ортасын құру үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов атап өткендей, өңірде инфрақұрылымдық мәселелер қарқынды шешіліп келеді.
— Жаңа оқу жылында Қарабалық ауданында 320 орындық мемлекеттік тілде оқытатын мектеп пайдалануға беріледі, сондай-ақ Қостанай қаласында «Береке», «Қонай» шағын аудандарында тағы 2 мектеп салынуда. Жалпы, 2025 жылға дейін облыста 9 120 орындық 14 жаңа мектеп ашылады, – деді өңір басшысы.
Оқу мен тәрбиеге қолайлы жағдай жасау үшін жыл сайын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, биыл 108 білім беру нысанын жөндеуге 7 млрд.теңге бөлінді.
Айта кету керек, жекеменшік мектептер жүйесі де кеңеюде. Жыл соңына дейін Қостанай қаласында пәндік олимпиадаларға дайындалуға бағдарланған қазақ тілін тереңдетіп оқытатын «QAZBILIM» лицейі және KAZGUU SCHOOL ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын кәсіпкерлік мектебі ашылады. Яғни, білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша мемлекет пен бизнес тарапынан нақты шаралар қабылдануда.
— Балалар жылында негізгі міндеттердің бірі – әр баланың өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту. Дәл осы жылы облыс орталығында 2 ауысымда 1 200 баланы қамтитын заманауи Смарт-орталықтың құрылысы басталады, онда модельдеу, робототехника, виртуалды шындық үйірмелері, сондай-ақ химия-технологиялық зертхана және басқа да көптеген үйірмелер жұмыс істейтін болады, – деді облыс әкімі АРхимед Мұхамбетов.
— Бүгінгі таңда облысымыздың 782 білім беру ұйымында 166 мыңға жуық бала оқиды және 36 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Білім мен тәрбиенің бастауы болып табылатын мектепке дейінгі біліммен 3 пен 6 жас аралықтағы балалардың 99,9%-ы қамтылған. Дегенменмен, білім сапасын арттыру мәселесі де аса маңызды. Осыған байланысты ҚР Оқу-ағарту министрлігі баланы дамытудың жаңа моделін енгізуде, оған сәйкес балаларды тәрбиелеу және оқыту ойын арқылы өтеді. Бүгінгі таңда балаларды геймификациялау, дизайн-ойлау, ерте кәсіби бағдарлау бойынша біздің инновациялық алаңдарымыз жинақтаған тәжірибе бүкіл облыс бойынша белсенді түрде таратылуға тиіс, – дейді Зәуре Әнуарбекқызы.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі ұйымдар педагогтарының мәртебесін арттыру бойынша шаралар кешенін қабылдауда: біліктілікті арттыру курстарының саны 3 есеге артуда. Бұл курстарды мемлекеттік және жеке ұйымдардың педагогтары да өте аладыы. Жалақыны арттыру мәселелері қарастырылудаБүгінде тәрбиешілердің жалақысы басқа білім беру деңгейіндегі мұғалімдерге қарағанда төмен. Бұдан басқа, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс сапасына сыртқы бағалауды енгізу жоспарлануда. 2024 жылдан бастап балабақшаларды кезең-кезеңімен лицензиялау басталады.
Бірінші кезекте, жаңадан ашылған балалар ұйымдары лицензияланатын болады. Екінші кезекте, қайта мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген балабақшалар. Осы шаралардың барлығы білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға және баланы маңызды кезең – мектепте оқуға сәтті дайындауға мүмкіндік береді. Осы мәселе де тамыз кеңесінде қозғалды.
«Орта білім беру деңгейінде ең алдымен өткен оқу жылының кейбір нәтижелеріне тоқтап өтейін. Ұлттық біріңғай тестілеуге 3 мыңнан астам 11-сынып түлектері қатысты, оның 90%-ы шекті балл жинады, ал 39% грант иегері атанды. ҰБТ-ның орташа балл өткен жылдың деңгейінде, Республикалық көрсеткіштен 7 баллға (66 б.) жоғары. Дегенмен «Үздік 100 мектеп» қатарына облыстың 2 мектебі енді. Олар: Қостанай қаласының № 1 мектеп-лицейі мен «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты. Әрине, білім беру нәтижесі тек білім сапасының көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар оқушының өзі де жетістіктері де жеткілікті. Өткен оқу жылында облыс мектептерінің оқушылары республикалық ғылыми жобалар байқауларында 13 жүлделі орынға ие болды, оның ішінде 4 бірінші, 2 екінші және 7 үшінші орын. Ең көп медальдарды физика-математика лицейінің (4), Қостанай қаласының М. Горький атындағы гимназиясының (3) және «Озат» лицейінің (3) оқушылары алды. Олимпиаданың республикалық кезеңінде жалпы білім беретін пәндер бойынша 29 жүлделі орынға ие болды. Халықаралық деңгейде оқушылар 29 медаль жеңіп алды (2020–21 оқу жылында-11). Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын даярлауда сөзсіз көшбасшы «Білім-инновация» лицейі болып табылады. Бұған бірнеше рет беделді марапаттарға ие болған Жан Даутов пен Арсений Самойленколар үлкен үлес қосты. Халықаралық ғылыми конкурстардың жүлдегерлерін дайындауда «Озат» лицейі (зерттеу жұмыстары конкурсында 4 алтын) көш бастап келеді», – деді Зәуре Байменова.
Ағылшын және орыс тілін оқымайды Жаңа оқу жылында білім беру саласында бірқатар жаңалықтар енгізілуде. Бұл 112 мыңнан астам оқушыны қамтиды (112 778, оның ішінде 11 734 бірінші сынып оқушысы). Мемлекеттік тілде оқытатын бірінші сынып оқушылары орыс және ағылшын тілдерін оқымайды. Орыс тілін үйрену 2-сыныптан, ағылшын тілін 3-сыныптан басталады. Ал орыс тілінде оқитын бірінші сынып оқушылары ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап оқиды. Балаларды ерте кәсіби бағдарлау мақсатында 1-сыныпта «көркем еңбек» екі пәнге бөлінген «еңбекке баулу» және «бейнелеу өнері».
Сондай-ақ, мектептерде оқушылармен мақсатты түрде «кәсіптік бағдар беруші-педагог» жұмыс істейді. 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін екінші жыл өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту бойынша «Жаһандық құзыреттер» курсы жүргізілетін болады. Аталған курсқа сабақтарды әзірлеуге біздің облысымыздан 23 педагог белсенді қатысты. Сонымен қатар, жаңалықтар оқу жылының ұзақтығына да әсер етті, ол 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады. Жалпы, балалар 173 күн оқиды, ал 192 күн демалады. Мектептерде 5 күндік жұмыс аптасы сақталады.
«Жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында педагогтерді конкурстық іріктеу жүйесі және директорларды ротациялау енгізілді. Бүгінде 42 басшы ротацияланып, 50 мұғалім жұмысқа қабылданды. Әлі де өңірде мектеп директорлығы лауазымына мамандар жетіспейді. Көбісі басшылық қызметке келгісі келмейді, өйткені жалақысы қатардағы мұғалімнен аз, жүктелетін жауапкершілік мол, – дейді Зәуре Әнуарбекқызы.
Бүгінгі таңда балалардың әлеуетін дамытуға назар аударылған. Ол үшін облыста қосымша білім беру табысты іске асырылуда, ол оқушылардың 82%-ын (90 364) қамтиды. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқасында (400 млн тг шығармашылық дамытуға, 500 млн тг) 17 мыңға жуық бала (16 526) тегін үйірмелер мен секцияларға барып жүр. Тәрбие мен білім – егіз Көрнекті ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің: «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар. Балаларды тәрбиелеуде отбасы мен мектептің ынтымақтастығы маңызды рөл атқарады. Отбасы мен мектептің өзара іс-қимылының жаңа форматы бойынша «Үндестік» жобасы дәл осы бағытта. Оған педагогикалық консилиумдар, Директорлар сағаттары, тренингтер форматындағы ата-аналар жиналыстары және басқа да жұмыс түрлері енген.
Мәселен, Рудный қаласының № 3 мектебінде педагогикалық консилиумдарда мұғалімдер ата-аналарымен бірге әрбір оқушының жеке мүмкіндіктерін анықтап, олардың қабілеттерін атап көрсетеді. Б. Майлин ауданының № 2 Тобыл мектебінде тимбилдинг және басқа да бейресми кездесулер өткізеді.
«Бұл мұғалімдер мен ата-аналарға балалармен сенімді қарым-қатынас орнату, оларды жетістікке ынталандыру бойынша идеялар мен тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндік береді. Ал Қарабалық ауданының Тоғызақ мектебінде педагогикалық жасақ белсенділері «Отбасылық кемпинг» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда. «Үндестік» жобасын іске асырудың мұндай тәсілі әрбір мектеп директоры мен педагогта болуы тиіс. Бұл отбасымен байланысты нығайтуға және, ең алдымен, балаларда оң мақсатты көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік береді», дейді өңірдің бас ұстазы.
Психологиялық қызметтердің жұмысы да осыған бағытталған. Республикада алғаш рет біздің облыс «Желілік үйлестірушілер» жобасын бастады. Оның қатысушылары мектептердің психологтарымен, сынып жетекшілерімен және әлеуметтік педагогтарымен жүйелі жұмыс жүргізуде.
«Тәрбие жұмысы тақырыбын жалғастыра отырып, адамның дүниетанымын қалыптастырудың ең жақсы құралы әрқашан кітап оқу болғанын атап өтемін. Сондықтан екінші жыл «оқитын мектеп – оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында қазақстандық, әлемдік классиктер мен замандастардың 300 млн теңгеге жуық көркем туындылары сатып алынды, 140 млн теңгеге 82 кітапхана жаңғыртылды, coworking-орталықтар ашылуда. Аманкелді ауданының Аманкелді мектебінде, Жітіқара ауданының № 12 мектебінде, Қарасу ауданының Павлов мектебінде, Қостанай қаласының № 27 мектебінде кітапханашылардың жұмысының арқасында балалардың оқуға деген қызығушылығы артуда. Жаңа оқу жылынан бастап бұл жоба колледждерде де іске қосылады», – дейді Зәуре Байменова.
Аймақ басшысы жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарында балалардың шахмат қозғалысын жандандыру, театр және музыка өнерін дамыту, әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдер арасында суйцидтің алдын алу мәселесіне айырықша тоқталды. Тағы бір мәселе, білім беру мекемелерінде білікті басшылар жетіспейді.
«Білім беру жүйесін балабақшадан бастау керек. Қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелерді лицензиялауды қолға алған жөн. Бұл бастаманы қолдаймын. Лицензиялау 2024 жылдан басталады. Қала мен ауыл мектептерінің арақашықтығы алшақтап кеткен. Сондықтан аудан-қала әкімдеріне селолық өңірлерге білікті мамандарды тартуды тапсырамын. Білім басқармасы мектептерді жаңғырту жұмыстарын жалғастыра беруі керек. Себебі, биылғы күрделі жөндеуден өткен 20 мектептің 16-сы ауылдық жерлерге тиесілі. Қостанай өңірінде 3000 бала орталықтандырылған мектептерде оқыту үшін автобустармен жеткізіліп жүр. Мектеп жанындағы интернаттарға жөндеу жүргізілген. Білім ошақтарында әлі патриоттық тәрбиені нығайтуды тапсырамын», – деді А. Мұхамбетов.
Үздіктер марапатталған күн жиын соңында аймақ басшысы бірқатар үздік педагогтерді марапаттады. Дильнара Сапанова, Ольга Нуштаева, Қымбат Жүнісоваға «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі тапсырылды. Орынша Мәрденова, Гүлсара Ержанова, Надежда Аслиева, Раушан Байсарина, Ермек Шалтеев, Сәуле Сейдағалеева, Сандуғаш Алматова «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. «Мейірім-әлемге махаббатпен» медалімен Лидия Сапожникова, Алена Гайт марапатталды. «Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының» Жітіқара ауданы білім бөлімінің Жітіқара № 12 жалпы білім беретін мектебі» КММ«Үздік білім беру ұйымы», Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Б.Майлин ауданының білім бөлімі» ММ «Үздік аудандық білім бөлімі», Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Лисаков қаласының білім бөлімі» ММ «Үздік қалалық білім бөлімі» атанды. Бұлардан бөлек, бірқатар ұстаздарға Облыс әкімінің грамотасы, педагогикалық еңбек ардагерлерінің гравертондары табысталды.