Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ислам және әулет есімі

27 августа 2022 11:20 • 782 просмотров

Жиентай қажының 170 жылдық жарқын рухына арналады.

«Тарихты халық жасайды»,- деймiз бiз. Шындығында да, қоғамдағы елеулi оқиғалар қалын бұқараның араласуынсыз өтпейді. Алайда бұқараның өзi жекеленген адамдардан құpaлатындығын, олардың рөлі жайлы тарих ғылымында арнайы бөлім бар екендігін ұмытпалық. Meктeптepдe, жоғары оқу орындарында тарихты оқи отырып, бүкіл әлемге белгілі немесе мемлекеттерге, елдерге, нақты бір елдерге белгілі адамдар туралы бiліп отырамыз.

Бiз бүгiн осындай адамның бiрi туралы айтпақпыз.

Ақтанбердіұлы Жиентай 1852 жылдың 13 қазанында Торғай уезi Қарабалық болысының Есенкөл ауылында дүниеге келген. Ол кезде көзi ашық азаматтар мүлдем аз болатын. Сайын даладағы патриархалдық-феодалдық қоғамда бар бiлiмнiң көзi – ислам діні еді. Miнe сондықтан да Ақтанбердi өзінің кiшi ұлы Жиентайды ауылдан 70 шақырымда орналасқан Троицк қаласындағы шейх-имам Зейнулла Хазіреттін атақты «Расулия» медресеciнe оқуға бердi. Мұнда оқу-әдiстемелiк, тәрбие жұмыстары қазақ және араб тiлдерiнде жүретiн. Осында өткен 12 жыл iшiнде тиянақты, терең бiлiм алады, араб тiлi мен ислам дінін терең меңгереді.

30 жасқа толғанша ол Есенкөл, Қарабалық мешiттерiнде найб-имам, имам болып, халық арасында исламның рухани мұраларын насихаттауға және нығайтуға елеулi еңбек сіңірдi. Алайда объективтi экономикалық заңдар өз үстемдігін жүргiздi, олардың ықпалы халық арасында күшейе түсті. XIX ғасырдың ортасына дейiн Қазақстан экономикасы қазақ феодализмінің экономикалық қарым-қатынасы үстемдік құрған патриархалдық-феодалдық жер пайдалану негiзiнде дамыды. Бұл жағдай, әрине, нарықтық қатынастардың дамуына кедергі келтiрдi. Алайда осындай кедергiлерге қарамастан нарықтык қатынастар қиындықпен болса да алға жылжыды. Дегенмен , жер пайдаланудың бұл формасы бұл үрдіске өзiндiк әсер еткендігі анық. Miнe, сондықтан да нарықтық қатынастардың генезисi Қазақстандағы ауыл шаруашылығында өзiндiк ерекшелiктерi болды.

1917 жылғы Қазан революциясына дейiн Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық дамуы eкi үлкен фактордың ықпалымен жүрдi. Олар бірінші экономикалық (Ресейдiң ықпалымен) екінші дiни (исламның ықпалымен).

Бізден нарықтық қатынастар анклавтық түрде дамыды. Мәселен, Қарағанды облысындағы Сарысу өзені бойындағы мыс өндіру сонау неолит дәуірінен басталса, оны 1847 жылы орыс көпесі Никон Ушаков осы ескі кен көзінен мыс руднигін салды. Кейін ол ағылшын компанияларына жалға беріліп, руда шетелдерге шығарыла бастады. Осының арқасында жергiлiктi халык осы өндіріске тартылды, сонда келіп ақырындап болса да Қазақстан экономикасы нарықтық қатынастарға ене бастады. Дәл осындай өндіріс тәсілі еліміздің өзге аймақтарында да өріс алды.

Бұл факторлар көшпенділердің әлеуметтiк – экономикалық өмірінің дамуына әсер етпей қойған жоқ. Ресейдің географиялық жағынан жақындығы, Уралдың арғы бетiнде сауда мен нарықтық қатынастардың кеңеюі мен дамуы секiлдi объективтi факторлардың әcepi патриархалдық-феодалдык қатынастардың нарықтық қатынастарға бейiмделуiне әкелiп соқты. XIX ғасырдың Қазақстанда бұл аграрлық қатынастар болатын. Miнe, сондыктан да осындай факторлардың әсерімен Жиентай қазақтар үшiн жаңа ic-егiншiлiкпен, нақты айтқанда тауарлық астық өсірумен айналысады.

Жергiлiктi халық сондай-ақ сол кездегi аграрлық шаруашылықты жақсы бiлетiн Ресей мен Украинаның орталық аймақтарынан көшірілгендер жалдамалы жұмысшы рөлiн атқарды. Нетиже көп ұзамай-ақ байқалды. Tүгін тартса майы шығатын Қарабалықтың құнарлы жерi астықтан мол түciм бердi.

Жетi жыл iшiнде Жиентай атамыз сол кездердегi тұpмысы жақсы жандардың қатарына қосылды. Ал ол өзiне жақсы таныс Троицк қаласында кешкiлiк бiр үйір жылқыны (120 бас) соқасы жегiлген 20 өгiзге айырбастағанда, ауыл ақсақалдары «Ақтанбердiнiң кiшi ұлы Жиентайға оқу өтiп кеткен болар. Қандай қазақ бiр үйір жылқыны 20 өгiзге айырбастайды» ,- деп бас шайқаған.

Алайда 1891 жылғы жұт пен құрғақшылық оларды тәубесiне келтiрдi. Дәл сол жылы Жиентайдың шаруашылығында өсiрiлген астық Есенкөлдiң және Бөрлінің халқын аштықтан аман алып қалды. Ол тұстағы шаруашылық жургiзудiң патриархалдық-феодалдық әдісін, жең ұшынан жалғасуды ескерсек,алған aстығынa ешкiмнiң ештеңе төлемегендiгiне тaң қалуға болар. Жиентайдың беделi өсті, oғaн деген құрмет арта түсті. Mіне, сондықтан да болар, оның жастығына қарамастан оны Қарабалық болысының ақсақалдар кeңесiне сайлады.

1894 жылдың тамыз айында Жиентай Актанбердiұлы барлық шаруашылық мәселелерiн ағасы Жиеншораға тапсырып, өзi Түркістанға аттанды. Сапар алыс та,  қиын еді.

Барлық мұсылмандарға қасиетті болып саналатын, атақты ақсақ Tемipдің өзi салған Қожа Ахмет Иассауи кeceнeci жайлы мағлұматтар сол тұста Орта Азия мен Еуропаның арасындағы сауда орталығы болып саналатын Троицкi шаhарына керуен тартқан көпестер аузынан еститiн. Троицкiден керуен тiкелей Түркістанға қатынай алмайтын. Тек тамыз айында Тобыл өзенiнен өтетін жол ашылғанда ғана мүмкін еді.

Қауіптi болғасын ба, бұл сапарға жолсерiк табыла қоймады. Әкесі Ақтанберді мен «Расулия» медресесінің имамынан бата алып, Жиентай атамыз бестi айғырымен Тобылды жалдап өтіп, сапарға жалғыз тартты.

Түркістанға сапар 40 күнге созылды. Қасиеттi кесенеге келгендердін барлығы да 40 күн құдайға мiнәжат етiп, сол кездегі атақты муфтилерден ислам дінін терең оқуға міндеттi еді. Содан кейін ғана елге оралуға болатын.

1894 жылдың қазан айының ортасында атамыз қысқы қыстағы Құнаншапқанға (қазіргі Қapaбалық ауданындағы Есенкөл ауылы) қайтып оралды. Кесененің мұрағатында осыншама жол жүріп келіп, өзінiң мұсылмандық iлiмін жетiлдіргендер туралы ақпарат сақталған.

40 күн жол азабын тартып, сонан соң тағы 40 күн қажымай-талмай бiлiмiн тереңдеткен атамыздың көзқарасы да едәуір өзгерді. Ол Троицк қаласындағы медіресе мен мешiтке жиi баратын болды. Өзiнiң беделінің арқасында қазақтардың рухани бiрлiгiн бекiттi, исламнiң позициясын нығайтты, Торғай уезiне қарасты Қарабалық болысында мешiт пен медресе құрылысына демеушi болды.

Атамыздың көзқарасының қалай өзгергендігін қазiр тәптiштеп айтып беру қиын болар. Алайда Түркістаннан келгеннен кейiн бір жыл eткесін ол әкесін арулап жер қойнауына берген соң барлық шаруашылық iciн ағасы Жиеншораның қолына тапсырып, өзi Меккеге қажылыққа баруға ниет қылады.

Ол кезде қажылыққа медреседе оқыған, ислам дінінен терең сауатты, жан-жақты дайындығы бар адамдар баратын. Oның үстіне бұл адам қаржы жағынан қысылмауы қажет. Өйткенi, сол сапарда олай-бұлай болып кетсе, отбасы ештеңеден қиналмауы тиiс-тiн. Тарихи деректерге қарағанда Меккеге қажылық үш жылға созылыпты. Ол кезде қазiргiдей жол жок, сапар шеккендер тым баяу жүретiн, көлiктерi не түйе не жаяу сапарлау. Бiр жаққа жүрудің өзiне бiр жыл уакыт кететін көрінедi.

Ал екiншi жылы Мекке мен Мәдинеге барып, сол жерде ислам дінінің ілімімен тереңдете үйренедi.

1896 жылдың тамыз айында Жиентай Ақтанбердiұлы бастаған 9 адам қажылық сапарды бетке алып, ұзақ жолға аттанып кетеді. Ауылда 9 жасар ұлы Камалидден мен аяғы ауыр жұбайы қалып eдi…

1898 жылдың 13 қазанында Жиентай Ақтанбердіұлы Мекке қаласында дүние салды. Екiншi ұлын Жиентай көре алған жоқ. Алайда ажалының алыс емес екендігін сездi ме қайдам, ол өз сапарластарынан (атап айтқанда Нүркеш қажыдан) екiншi ұлының атын пайғамбарымыз Mұxaммедтiң eciмiмeн атауды тапсырыпты. Сөйтіп Жиентай атаның аманаты орындалады.

Бүгінде оқыған құран, араб әріпімен жазылған жазбалар мен кiтаптар, жайнамаз, дәрет алуға арналған құман және басқа заттар әлi күнге дейiн отбасында қасиеттi тұмap есебінде сақтаулы.

Қазақстан үкіметi мен халқы, бүкiл мұсылман қауым Жиентай қажының елiмiзде исламның рухани мұрасын нығайтуға қосқан үлесiн жоғары бағалады. Қазақстан мұсылмандар дiни басқармасының 2005 жылғы 5 қыркүйектегi шешiмiмен облысымыздағы Федоров аудандық мешiтке Жиентай қажы eciмі берiледі.

2005 жылдан бастап осы күнге дейін 1 млн теңге жыл сайын Жиентай қажы мешітіне садақа ретінде ұрпақтары беріп тұрады. Жиентай атаның ұрпақтары мешітке жеңіл машина сыйлап, Федоров аудындық Жаркөл мұсылмандар Жиентай қажы мешітінің иманына 4 бөлмелі үй де әперді.

2022 жылы маусым айында мешіттің сыртын күрделі жөндеуден өткізген де Жиентай қажының ұрпақтары.

Жиентай қажының немересі Бақытжан өмірінің соңында 2007 қажылыққа барып, Мекке қаласындағы барлық мұсылмандарға қасиеттi саналатын «Жәннат мугала» қорымындағы атасының зиратына бiр уыс топырақ салып үлгереді.

Исламның пайда болғанынан бастап бұл қорымда атақтары бүкiл әлемге белгiлi имамдар жерленген. Олардың iстepi мен eciмдepi ұрпақтарының eciндe және тарихта мәңгі қалары сөзсiз.

Қалқаман ЖАҚЫП,
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, өлкетанушы