Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Аграрлық несие несібесі

2 сентября 2022 12:20 • 2 083 просмотров

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Аграрлық несие корпорациясының желісі бойынша 7 900-ден астам жобаны қаржыландыруға 182,5 млрд теңге бөлінді. Жалпы биыл агробизнесті дамытудың басым бағыттары бойынша 330 млрд теңгенің несиесін беру көзделген.

Несиелеу «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» атты үш бағдарлама бойынша жүргізілетіні мәлім. Алғашқысы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына бағытталған. Биылғы жартыжылдықта аталған бағдарлама аясында 2,5 мыңнан астам диқанға жалпы сомасы 70 млрд теңге бөлініп, 3,7 млн гектардан астам егістік алқап игерілді. Бұған қоса, 70 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылданғаны есімізде. Корпорация шотқа ақша түскенге дейін көктемгі егіс және күзгі жиын-терін науқанына несиені өз қаражатынан берді. Бұл мақсатқа 18,8 млрд теңгеге тең 609 несие ұсынылды. Кейін бұл несие бюджет қаржысымен алмастырылады. Жалпы, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 140 млрд теңге бөлініп отыр.

Корпорацияда құрал-жабдыққа, оны жаңартуға, құрылыс-монтаж жұмыстары мен айналым қаражатын толтыруға арналған әмбебап «Агробизнес» бағдарламасы жұмыс істейді. Аталған бағдарлама бойынша биылғы 6 айдың ішінде 2 900 шаруаға 98,1 млрд теңгенің несиесі берілген (оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген қаражат та бар). Бұл қаржыға 19,2 мың ірі қара, 70,5 мың бас ұсақ мал, 34 мың жылқы және 1 766 дана агротехника мен құрал-жабдық сатып алынған.

Ісін жаңадан бастаушы кәсіпкерлерді, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Іскер» бағдарламасы аясында 861 жобаны жүзеге асыруға 5,6 млрд теңге бөлініпті.

— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі түбегейлі шешуді және көктемгі егіс науқанын қатаң бақылауда ұстауды тапсырған еді. Біз бұл бағытта талмай еңбек етіп келеміз. 2022 жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс пен күзгі жиын-терінге 88,8 млрд теңге бөлінген. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл қаржыландыру сомасы екі есе өсті, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Қарыз алушы корпорацияның аймақтық филиалдарына немесе орталық аппараттағы менеджерлердің кеңесіне жүгінуі керек. Егер клиент несие алуға шешім қабылдаса, несие менеджері қажетті құжаттар тізімін жинап, өтініш қабылдайды. Несие алуға өтінімді қабылдау мерзімі – 30 күн.

Несие мал шаруашылығына, егіншілікті дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларына беріледі. Несиелеудің бір бағыты – тауарлы-сүт фермасын құру және жаңғырту. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданындағы «Рулиха» ЖШС дәнді дақылмен бірге, ірі қара малын өсіруге басымдық беріп отыр. 2004 жылы құрылған қожалық малды жыл он екі ай бойы ұстайтын бірегей кешен саналады. 2017 жылы тауарлы-сүт фермасын қайта құруды бастады. Аграрлық несие корпорациясының қаржысына тауарлы-сүт фермасына қажетті қондырғылар мен голштино-фриз тұқымды сиыр сатып алған. Бүгінде сүтті бағыттағы ірі қара саны 600-ге жетті, ферма иесі мал басын 1 800-ге дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл нысанның жобалық қуаты – жылына 3 600 тонна сүт өндіру.

Ірі жобалармен қатар, корпорация шағын және орта бизнеске де несие береді. Мысалы, Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Үштөбе ауылындағы «Úshtóbe Qus’ ЖШС айналым қаражатын толтыруға қаржы алған. 2021 жылы ашылған кәсіпорын күніне 7 мың бройлер сояды. Әзірге жергілікті нарыққа салқындатылған құс етін шығарып отыр.

Сол секілді атыраулық Байғали Сақып корпорация қаржысына ауданы 600 шаршы метр шағын жылыжай салуға арналған құрал-жабдықты және тамшылатып суару жүйесін сатып алды. Бүгінде «Ақниет» жеке кәсіпкерлігі қала тұрғындарын қиярмен қамтамасыз етуде.

— Жалпы, тікелей несие беру арқылы іске асырылатын несиелеу бағдарламалары шеңберінде 57,9 млрд теңге, қаржы институттарын қорландыру арқылы (несие серіктестіктері, шағын қаржы ұйымдары, екінші деңгейлі банктер мен лизингтік компаниялар) 124,6 млрд теңге берілді. 2022 жылдың алғашқы жарты жылында ең көп несие алған өңірлер – Ақмола (36 млрд теңге), Қостанай (31,2 млрд теңге) және Солтүстік Қазақстан (25,3 млрд теңге) облыстары, – дейді А. Әшірбеков.

Сонымен қатар 2020 жылғы желтоқсан айынан бастап корпорация АӨК саласында агросақтандыру бойынша агенттік қызметті атқаруда. Соңғы 3 жылда агросақтандыруға деген қызығушылық артқан. Мәселен, 2020 жылы 93 келісім жасалса, биылғы жарты жылда 184 сақтандыру келісіміне қол қойылды. Осылайша, небәрі 6 айда 308 мың гектар алқап пен 60 мыңнан астам төрт түлік сақтандырылды. Әрі биылғы жарты жылда төленген субсидия көлемі 500 млн теңгеден асты. Бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, сақтандыру шартын Qoldau.kz платформасы арқылы онлайн жасауға болады.