Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұлы ғұлама – ұлт ұстазы

4 сентября 2022 12:14 • 5 646 просмотров

Біз, өкінішке қарай, Ахмет Байтұрсынұлының есіміне бала кезімізден көзіміз қанығып, құлаққа сіңіріп өскен жоқпыз.

Газет-журнал, кітап оқуға әуестігіміз ояна бастағанда, әредікте ғана ол кісінің есімін әртүрлі еңбектерден, көркем шығармалардан, ғылыми зерттеулерден кездестіріп қалып, оқи жүргенде, тек жағымсыз тұрғыдан Алаш қайраткерлері Әлихан, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектермен қатар оқып танып, абыройлы атағымен емес, «халық жаулары» санатында жазаға іліккендер деген ұғым әбден санамызға сіңіп, қалыптасып қалған болатын.

Оларға қосақталып айтылатын «ұлтшылдар», «байшыл-буржуазияшылдар» деген анықтамалардың өзі құлаққа түрпідей тиіп, оқып отырғанда, біртүрлі суық ызғардың лебі есетіндей болғандығы рас. Сөйтсек, мұның бәрі санамызды улап тастаған коммунистік идеологиялық тәрбиенің әсері екен. Алаш арыстарының «ұлтшылдығы» ел шошитындай трагедиялық ахуал емес, болмаса, тіпті халқына жеккөрініш сезімін тудыратындай жат ниетті, теріс адамдық қыры емес, керісінше, ұлтын жан-тәнімен сүйген, жолына бастарын құрбан қылуға дайын қаһармандық қасиет болып шықты! Кеңестік идеологияның ұрпақ санасын қалайша теріс бағытта тәрбиелеп, «ұлтшылдық» деп аталатын қасиетті ұғымның өңін айналдырып жібергендігін тәуелсіздік лебімен бірге сезіне бастадық. Ұлтшылдық емес, ұлтсыздықтың қасиетсіздік екенін ұққанда, қайран Алаш арыстарының неге халық мүддесі үшін ғазиз жандарын құрбан қылған қадірлерін танып, бойлай түстік, асыл мұраттарының алдында басымызды идік. Дана Абай айтқан, нағыз «сүйінуге жарар, сүйер ұлдарың», осы Алаш ерлері екен!

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтына қалай қызмет етудің жарқын үлгісін танытып өткен дара ұлдарымыздың бірі. Алаш тарихын парақтап отырғанда, ең алдымен көзіміз жететіні, оның есімі ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлымен қатар аталады. Яғни Ахмет те – өзінің сан қилы қызметімен ұлтының көсемі атанып дараланған Алаш қайраткері. Сонымен бірге педагогтік-ағартушылық, ғалымдық қызметімен ұлт ұстазы ретінде ардақталған тұлға. Сондықтан да біз, ең алдыменен, шамамыз жеткенінше, оның Алаш көсемі деңгейіндегі дара биігіне, ұлтына ұстаздыққа жараған оқшау қасиеттеріне бойлауға тырысқанымыз жөн сияқты.

Ал Алаш қайраткерлері бұл, күші басым, зорлықшыл империямен қолға қару алып күресудің тиімсіздігін түсініп, туған халқының көзін ашып, оятып, сілкіндіріп, оқу-білім алу жолымен алға басуды мұрат тұтып, баспасөзді дамытып, газет-журналдар аша бастағанда, Алаш жұртының көсемі, ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханұлының шақыруына алғаш үн қатқан, ортақ мүдде үшін бірге күресуге ниет қылған, белсене атсалысқан тағы да Торғай топырағының перзенттері болатын. Солардың ішінде мойны озық тұратын екі тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының жөні бөлек еді. Олар атқарған іс-әрекеттерімен де, қалам белсенділігімен де, жалпы ұлтының сол тұстағы ең ауқымды, ең маңызды мәселелерін көтере білуімен де өз тұрғыластарының ішінен дара танылды, жұртын соңдарынан тартып, ерте білді. Оларды барша қазақ, ардақты ел ағалары ретінде қадірлеп, төбелеріне көтеріп, «Ақаң мен Жақаң» деп қастерлеп, қосарлап, құрметпен атайтын болған. Шынында да, ұлтының қос арысы ел мүддесі жолында жұптары жазылмаған қалпы бірге қызмет етті, елін сүйген ардың өзіндей таза, пәк жандары да қатар қиылды. Бірі халқын «маса» болып ызыңдап оятып, оқу-білім алуға, сілкініп, серпіліп, алға ұмтылуға шақырса, екіншісі қостай кетіп: «Оян, қазақ!» деп жар салды. Олардың өмірлік мүддесі де, ұлтының болашағы жолындағы мұрат-мақсаттары да, шығармашылық ізденіс, идеялары да бір болды.

Әрине, жиырмасыншы жылдардың басындағы қазақ жұртының көгіне, Сұлтанмахмұт ақын айтқандай, «өрмелеп шығып, күн болуға ұмтылған» ерлердің ішінде Ахмет Байтұрсынұлының қызметі мен еңбегі айрықша аталады, бұл тұрғыдан келгенде, ол Әлиханның қатарында тұратын ел көсемі. Олар ұлттық мұрат-мүдделерді көздеуден туған «Алашорда» партиясының ұйымдастырушылары болды. Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі әйгілі патшалық столыпиндік реформадан кейін, орыс переселендері қазақ жеріне өңмеңдей еніп, ежелден жұртымыз қоныстанып келген жайлау-жайылымдарымызды иелене бастағанда, Әлиханның жанынан табылып, Ресей патшалығының далалық генерал-губернаторына жер жөнінде наразылық петициясына қол қойған санаулылардың бірі тағы да Ахмет еді. Қысқаша айтқанда, сол замандарда қандай да бір қазақтың мүддесі қорғалған мәселелерден оның тыс қалған кезі болмапты, керісінше, үнемі басында, ұйтқысы да, ұйымдастырушы да өзі болып жүрген. Ал Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқы алдындағы ағартушылық-педагогтік, ғалымдық, тіл білімі мен әдебиеттану салаларының негізін қалаған еңбектері оның тұлғасын өзгелерден даралап, оқшау танытады. Яғни әркімді өз орнымен, өз жөнімен атайтын болсақ, бұл тұрғыдан оның тұлғасы айрықша еңселі. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы деген анықтамаға әбден лайықты, бірегей тұлға. Мұндай атақпен ілгеріде жұртымыз өзінің өсиеттей тәмсіл өлең-жырларымен, тұнып тұрған ғақлия қарасөздерімен өлмес мұра қалдырған данышпан Абайды атап келген болатын. Енді, міне, арыстарымыз ақталғаннан кейін Ахметтің көл-көсір мұраларымен қауышқан жұрт, ғұламаның аса құнды еңбектерінің де, оған ұлт ұстазы атағын беруге әбден лайықты екендігіне көздері айқын жетті.

Сол аяулы әке ел-жұртының қамы үшін құрбан болғанда, сол кездегі жасөспірім бала Ахметтің қандай жолға түсетіні айқындалған сияқты, ол жоғарыдағы өлеңінде әке аруағының алдында, «адамнан туып, адамдық жолына қалай түспеймін?!» деп өзіне серт бергендей. Және соны барша өмір жолымен дәлелдеп өтті. Әкеден ерте айырылған Ахмет оның інісі Ерғазының қолында тәрбиеленеді. Ол кісі бала Ахметтің оқу-білімге құмартқан талабын байқап, әуелі атақты Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған бастауыш қазақ мектебіне береді, 1891 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне, ал 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебіне түсіп, білімін жетілдіре береді. Бұл сол заманның баласы үшін өте биік жетістік болатын. Әрине, әкеден жастай жетім қалған бала үшін, жағдайлы туыстар қамқорлығы болмаса, осылайша ізденіс жолына түсу қиын болары сөзсіз. Осыған қарағанда, жақын туыстары да оның үлкен болашағын көре біліп, соған ықпал жасап отырған сияқты. Қазақ даласында онда Ахмет сияқты білім дәрежесіне жеткен мұғалімдердің жетіспейтін, қат уақыты, сөйтіп, әрі қарай ол ұстаздық жолына түсіп, 1896–1907 жылдар аралығында әуелі Ақтөбеде, одан Қостанай, Қарқаралы жерлерінде уездік, ауылдық, болыстық мектептерінде кезегімен сабақ бере бастайды.

Бұл Ахметтің өте жемісті болған, тәжірибе жинақтаған жылдары еді. Кейін ол бұл туралы ақындық шығармашылығында әрі қазақ баспасөздерінің ашылуына мұрындық болып, публицистік, журналистік жолға түсе бастағанда, өзекті мақалаларын жариялай бастайды. Өйткені ол ізденгіш, аса сауатты мұғалім болғандықтан, жоғарыда аталған елді мекендерді аралап, сабақ бере жүріп, қазақ даласына не жетіспейтінін жақсы зерттеп, біле бастайды. Білім беру жүйесіндегі кемшіліктерді көзімен көреді, бұл саладағы қажеттіліктер туралы ой түйеді. Яғни оның әрі қарайғы ғалымдық ізденісіне осы ұстаздық қызмет еткен жылдары көп түрткі болған. Ахмет, әсіресе сол кезде туған тілінің жағдайын жақсы түсінді, оны ғылыми түрде жүйелеп, бір ізге салмайынша, жалпы жұртымызда білім мен ғылым салаларының кенжелеп қала беретініне көзі жетті. Тез арада оқу құралдарын жазуды қолға алу қажеттігін ұқты. Оның осы мұрат-мүдделері тіл білімі мен әдебиеттану салалары бойынша теориялық еңбектер жазу ойларына ұласқан. Ахметтің «Тіл танытқыш», «Тіл- құрал», «Әдебиет танытқыш» деген теориялық еңбектері – бұл салалар бойынша алғашқы қарлығаштар еді. Содан бері бұл салалар бойынша жүздеген еңбек жазылды, қаншама тілтану, әдебиеттану саласы бойынша академиктер шықты, докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды, солардың бәрінің де негізі осы еңбектерде қаланды десек, ешкімнің тауын аласартпаспыз. Және солақай саясат ыңғайымен дәл уақытында Ахметтің нақты лайықты орны айқындалмағанымен, уақыт бәріне таразы – қатал сыншы болып шықты, оның асыл мұрасы да, өзінің абыройлы атағы да жұртына қайтарылып, әділет салтанат құрғанына халқымыз куә болды.

Әрине, сонымен бірге ел ортасында қызмет қыла жүріп, қайраткерлік деңгейде жұртының қамын жеуі де, бұл үшін өзі сияқты көзі қарақты елдік мұңын көздеген азаматтармен бірігіп, ынтымақтаса қимылдау ойлары да осы кездерде пайда бола бастағандай.

Жалпы, Ахмет ел мүддесін әуел бастан қарақан басынан жоғары қойған, өзінің жеке өмірін екінші кезекке қойғандығы туралы, тіпті оған бас ауыртпағандығы туралы замандастары аңыз қылып айтып жүргендігі туралы естеліктер баршылық. Ағайын-туыстары, дос-жолдастары бірігіп, бас қосқанда, оның ел-жұртының қамына бел шешіп, кірісіп кеткенде, оған қызмет қылар жарының жоқтығын уайым қылып, елдің бір таңдаулы қызын қосуды ойластырғанда, Ахмет бұдан саналы түрде бас тартқан екен, жанашыр жақындары қайта-қайта бұл мәселені қозғап, қоймаған соң, тіпті ашуланып, беттерін қайтарып тастаған. Бірақ келе-келе қызмет ауқымы ұлғая бастаған сайын, жанашырларына ғана емес, оның өзіне де, түбі бір, тамағын, киімін дайындап, әзірлеп отырар көмекші серік адамның керектігі көріне бастаған. Міне, ерлі-зайыпты Ахмет-Бадрисафа тарихы осыдан басталады. Екеуінің жұп құрау тарихы да қызықты. Бұл туралы оның жақын туысы, біздің замандасымыз Ілияс Байтұрсынның 1998 жылы Қостанайдан шыққан «Алтын бесік» атты естелік кітабында жақсы баяндалған.

Ахмет Байтұрсынұлының жолына жанын құрбан еткен халқының алдындағы, тарих алдындағы ұлы істерінің алғашқы қатарында оның қазақ баспасөзіне сіңірген өлшеусіз еңбегін атаймыз. Әсіресе сол кезең үшін, халықтың сана-сезімін оятып, намыс-жігерін сілкіндіріп, оқу-білім алуға шақыруда, жалпы саясат ісінде, ел мен жер мәселелерін шешуде баспасөздің рөлі күшті екендігін ол қызметке араласқан кездерінен жақсы түсініп, өзінің алдына қойған зор мүдделерінің біріне айналдырған болатын. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқапқа» шықпай жатып, үкіметтің қудалауымен іле-шала жабылып қалып отырған бірлі-жарым газеттерге ел үшін зор маңызы бар мақалаларын жариялай отырып, қаншама қоғамдық істі мойнына жүктеп, елдік ауқымды жұмыстарға басшылық жасай жүрсе де, ол енді, бел шешіп, өз газетін шығаруды қолға алды. Осылайша, Ахметтің ұлы мүдделерінің жаршысындай болып, атақты «Қазақ» газеті өмірге келді.

Ахмет Байтұрсынұлының халқы алдындағы ұлы еңбектері санатына қазақша тұңғыш әліппе құрастырып, шығарғандығын баса көрсетуге тиіспіз. Яғни ол қазақ баласының алғашқы сауат ашу жүйесінің де негізін қалады, араб алфавитінің негізінде ұлттық әліпбиге реформа жасады. Сонымен бірге қазақ тіл білімін жүйелеп, бір ізге түсірді, қазақша терминдер құрастырып шығарды, дыбыс жүйесі – фонетика, сөз жүйесі – морфология, сөйлем жүйесі – грамматика салаларының негізін қалап, терең зерттеп, бірнеше арнайы оқулық жазуы – тұңғыштығы өз алдына, қазақ тілінің қадір-қасиетін айқындаған, жоғары сапалық деңгейін әлемге танытқан тарих алдындағы ұлы еңбектері болатын. «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш» еңбектері тіл мен әдебиет ғылымдарының негізін қалады әрі бұл салалардың өрістеп, қанат жаюына жол ашты. Өзге еңбектерін атамағанның өзінде осы еңбектері – Ахмет Байтұрсынұлының туған халқына қаншалықты биік, қадір-қасиетінің қымбаттығының дәлелі бола алса керек. Оның қысқа ғұмыры ұлтына беріле қызмет етудің, халқын адал сүюдің нағыз жарқын мысалы екендігі сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлының есімі енді мәңгілік өшпестей болып қауышуы – ұлтының асқан бақыты деп ұғамыз.

Досжан ӘМІРҰЛЫ