Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ахаңның мерейтойы астанада аталып өтті

8 сентября 2022 14:28 • 7 956 просмотров

Ел астанасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай және Тіл мерекесі аясында «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және Әділетті Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Тарихи тұлғаның дәл туған күнінде ұйымдастырылған алқалы жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, сондай-ақ зиялы қауым мен әдебиетшілер қатысты.

Ұлт руханияты жолында орасан еңбек етіп, мол мұра қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының тағылымы қашанда өзекті. Мерейтой қарсаңындағы айтулы іс-шара да ғалымның мұрасын жаңа Қазақстанда мемлекетшіл, идеологиялық, ғылыми интеллектуалдық, мәдени танымдық ізденісін, тәжірибесін, әлеуетін танымал ете түсуді мақсат етіп отыр. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың модераторлығымен өткен ғылыми конференцияға АҚШ, Мажарстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан мен Ресейден ғалымдар атсалысты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, елімізде гуманитарлық ғылымдар саласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалады. Одан бөлек ағартушы атындағы төсбелгі әзірленеді.

«Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасын табады. Бірқатар ауқымды жоба іске асып жатыр. Бүгінде ағартушының құрметіне арналған мерейтойлық марка, монета шығарылып қолданысқа енді. Енді, Үкімет тарапынан «Ахмет Байтұрсынұлы төсбелгісі» жыл соңына дейін әзір болады. Одан бөлек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылым саласы бойынша мемлекеттік сыйлық тағайындалады. Ұлт ұстазының ғылыми шығармаларын халықаралық деңгейде дәріптеу мақсатында таңдамалы еңбектері орыс, ағылшын, түрік тілдеріне аударылып, жыл соңына дейін шығады», деді министр.

Сондай-ақ ол Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына орай Парижде конференция өткізу жоспарда бар екенін хабарлады.

«Сонымен қатар Ыстанбұлда да конференция өтпек. Одан бөлек Анкара қаласында ұлт ұстазына ескерткіш қою мәселесі оң шешімін тауып отыр. Жыл соңына дейін ресми түрде ашылады деп отырмыз», деді С. Нұрбек.

Ал Мәдениет және спорт министрлігі мерейтойға орай 12 томдық толық шығармалар жинағын басып шығармақ. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Дәурен Абаев айтты.

«Ұлы ағартушының 12 томдық толық шығармалар жинағы республикалық, облыстық мемлекеттік кітапханаларға таратылады. Алдағы уақытта тұсаукесер рәсімін өткізу жоспарда бар. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі туралы толықметражды көркем фильм түсіріліп, ол да таныстырылатын болады.

Ахаңның есімі республика көлемінде 1 ауылға, 200-ден астам көше мен 39 мектепке, 1 әуежайға, 1 музейге берілген. Жыл басынан бері тұлғаның есімі Жамбыл облысының Қордай ауданы білім бөлімінің № 51 орта мектебіне және Шу ауданы білім бөлімінің Жамбыл атындағы гимназиясына, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының № 9 орта мектебіне, Ақтөбе қаласындағы № 24 лингвистикалық мектеп-гимназияға және Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданындағы көшеге, сонымен қатар Қостанай халықаралық әуежайына берілді», деді министр.

Сондай-ақ ол осы айда ұлт ұстазының мұрасын жас мамандарға насихаттау, кітапхана мәртебесін көтеру мақсатында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының өкілдері мен Ахмет Байтұрсынұлын зерттеуші ғалымдар бас қосатын дәстүрлі республикалық «Жас кітапханашылар IV слеті» өткізілетінін атап өтті.

Одан бөлек, биылғы «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысын да Ахмет Байтұрсынұлына арнап өткізу жоспарланып отыр. Ал Алматы қаласында орналасқан музей-үйінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуде.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ұлт тұлғасының мерейтойы қай салада да ой таразылайтын уақыт екенін атап өтті.

«Егер Абай адамзат ақыл-ойының алыбы, Алаштың абызы болса, Ахаң ұлттық рухтың сардары. Сондықтан бүгін – ұлттық рухтың, Алаш аманатының тойы. Ахмет Байтұрсынұлын, жалпы Алаш ардақтыларын ұлықтауда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көптеген іргелі іс атқарылып жатыр. Ақпарат саласы да Ахаңның мерейтойы қарсаңында бірқатар жоба бастады. Деректі фильмдер түсірілді, баспасөз беттерінде де зерттеу мақалалар жазылуда. Мәселен, бір ғана «Egemen Qazaqstan» газетінде Ахмет Байтұрсынұлына арналған 40-тан аса материал жарық көрген. Жалпы, барлық газет-журнал осы жылды Ахаңа арнады. Алда өтетін Astana media week халықаралық жиынында да ұлт ұстазына арналған тақырып ұйымдастырамыз. «Үркер» шығармашылық байқауының үлкен аталымы да Ахмет Байтұрсынұлының атымен атау жоспарланып отыр. Бұл – ойдың тойы. Ахаңның еңбегі мен мұрасы – біздің, әсіресе қалам ұстаған қауымға үлкен тағылым болуға тиіс. Мемлекет басшысы да биылғы Жолдауында журналистер өз елі мен азаматтарына шынайы жанашыр болу керектігін айтты. Бүгінгі алқалы жиынға үш бірдей ведомствоның басшысы қатысып отыр. Ал Ахаң еліміздің тұңғыш министрлерінің бірі, бірақ ол министр болғаны үшін тарихта қалған жоқ. Ахаң саналы ғұмырын ұлтқа арнағаны үшін, Алашқа қалтқысыз қызмет еткені үшін, жұрттың жолында жанын құрбан еткені үшін тарихта қалды. Сондықтан ойдың тойында Ахаңның аманатын тағы бір ой таразысына салайық», деді министр.

Рухани іс-шара барысында ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» ғылыми-танымдық кітабы таныстырылды. Жаңа жинақ «Художественная литература» баспасынан 3 000 данамен жарық көрді. Яғни барлық өңірлік кітапхана мен университет қорын толықтыруға бағытталып отыр. Сондай-ақ кітапты қазақ, ағылшын және түрік тілдерінде аударып, басып шығару жоспарлануда. Айта кетейік, философиялық сұхбат стилінде жазылған еңбек жуырда ғана ресейлік көрмеге қойылған.

Ғылыми конференцияда баяндама жасаған М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов мерейтой қарсаңында Ахаңның бес томдық академиялық толық жинағы дайын екенін айтып, сүйіншіледі.

«Біз бұған дейін де Абай, Жамбыл шығармаларының үш томдық академиялық басылымын дайындаған едік. Олар институттың сайтындағы электронды кітапханаға жинақталды. Ал биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай, қаламгер шығармаларының терең текстологиялық саралаудан өткен, ғылыми түсініктермен жарақталған бес томдық академиялық толық жинағын оқырманға сүйіншілеп ұсынып отыр. Мұнда ғалымның ХХ ғасыр басында араб әрпінде жарық көрген кітаптары мен баспасөз материалдары, архив құжаттары мен тәуелсіздік кезеңінде әлденеше мәрте басылып шыққан жинақтарындағы шығармалары өзара жолма-жол салыстырылып, алғаш рет жүйелі текстологиялық саралаудан өткізілді. Аталған жарияланымдарда әрқилы себептермен өзгертілген, алынып тасталған мәтіндік айырымдар толықтай дерлік қалпына келтірілді. Бес томдық академиялық басылымды әзірлеу барысында Ахмет Байтұрсынұлының осы уақытқа дейінгі жинақтарына енбеген оқу құралдары мен мақалалары, кейбір архив құжаттары жинаққа тыңнан қосылды», деді институт директоры.

Сондай-ақ ол академиялық басылымның басты жаңалығы ретінде бұрынғы жинақтарда жарық көрмеген «Шаруалық өзгерісі» (көлемі 107 беттен тұратын қолжазба), «Жазу мәселесі» (Шәкәрім ақсақалға жауап), «Алаш азаматтарына», «Көңіл айту», «Шорай ислам», «Алаш азаматтарына» (босқын қырғыздарға жәрдем беру туралы), «Дәйекші», «Өрбу», «Қазақ халқына», «Еркін дала», «Тағы да жер жайынан», «Аз уақытта көп білу жолының басы», «Мұсылмандар үшін Петербурда болатын кеңес жиылысы», «Торғай һәм Ырғыз үйезінің халқына», «Азамат серіктігінің жалпы жиылысы», «Заявление т. Ахмета Байтурсунова», сондай-ақ Қызылорда мұрағатынан табылған «А.Байтұрсынұлының арызы» сынды әр тақырыпта жазылған мақалалары, үндеу хаттары, арыз-шағымдары табылып, алғаш рет осы жинақта жарияланып отырғанын айтты.

«Алайда бұл жинақтың электронды нұсқасы ғана әзірленді. Баспадан шығару ісі әлі шешімін таппай отыр. Екі жыл бойы айтып келе жатсақ та, басылуына қолдау көрсететін тарап табылған жоқ», дейді К. Матыжанов.

Айта кетейік, мерейлі күнде Қаламгерлер аллеясындағы «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталған жиын А. Байтұрсынұлы атындағы № 48 мектеп-лицейдегі ұлт ұстазы музейіне барып, көрме тамашалаумен жалғасты.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор