Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұлт ұстазының ауылына мешіт

8 сентября 2022 16:29 • 8 478 просмотров

Ахмет Байтұрсынұлы­ның 150 жылдық меретойы қарсаңында ұлы ағартушының туған жерінде мешіт салу құрылысы басталды. Оны осы ауылдың тұрғындары қолға алған болатын. Құрылысқа қаржы жинау осы жылдың сәуір айында басталған еді.

Тәуелсіздік алғалы ауылда мешіт болған жоқ, жалпы бұл ауылда жүз жылдың көлемінде мешіт болған емес. Кеңес үкіметі тұсында өзен бойындағы мешіт бұзылған дейді ауыл тұрғындары.

Сәуір айының 20 күні болашақ мешіт бой көтеретін орын таңдалып, ауыл азаматтары игі істі бастап кетті. Жұмыс көп күттірген жоқ. Алыс-жақындағы ағайын-туыс, ауыл-аймақ болып, ертеде туған жерден түлеп кеткен жастар қосылып, алғашқы қаржы түсе бастады. Сосын биылғы қасиетті Құрбан айттың үшінші күні, яғни шілде айының11 жұлдызында Ахаң ауылындағы мешіттің іргетасы қаланды. Жоспар бойынша бұл мешітте бір мезетте 150 адам иық тірестіріп, намаз оқи алады. Қазан айының аяғында құрылыс жұмыстары толық аяқталуы тиіс.

Құрылыс жоспарына сәйкес үлкен бөлмесі намаз оқуға арналған. Сондай-ақ, имамның жұмыс бөлмесі және қойма мен дәретхана қарастырылған.

— Бұл мешітіміз ауылдың әр жылғы адамдарының және де Қазақстанның түпкір-түпкірінен естіген басқа да қайырымды жандардың жіберген ақшасына салынып жатыр. Сондай-ақ, облыс әкімі де демеушілік жасап, қолдады. Міне, сол жиналған қаражатқа материал алынды, көліктер жалдадық. Астанамыздан, Қостанайдан, Арқалықтан, Торғайдан материал сатып алынды және де жұмыс істеп жатқан құрылысшылардың еңбегі бар, осының бәрі жиналған ақшаның күшімен істеліп жатыр, – дейді құрылысты ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Мейрам Әбдіков. — Сонымен қатар, ауылдың жастары да көп көмек көрсетті. Әкелген материалдарды түсіргенде, фундаментін құйғанда, қабырғасын қалағанда жастар жанымыздан табыла білді, — деп мәлімдейді белсенді.

Оның ішінде, осы ауылдың 1980 жылы дүниеге келген азаматтардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

— Біздің құрдастар мешіттің фундаментін, қабырғасын құйып көтерді. Ауылда тұратын құрдастардың да көп көмегі болды. Келген материалдарды күн демей, түн демей күтіп алып, түсіріп алып отырды. Нұр-Сұлтан, Арқалық, Қостанай қалаларында тұратын құрдастарымыз жұмыстарынан бір аптаға сұранып келіп, құрылыс жұмыстарына көмегін тигізді, – дейді белсенділер тобының мүшесі Рүстем Орынбаев.

Арнайы техниканың тапшы­лығынан, жігіттер білектерін сыбап алып, құрылысты өз күштерімен салуға ынталанды. Әсіресе, биіктігі сегіз метрден асатын мұнараның кірпішін қалайтын кезде ауыл тұрғыны Асқарбек Қайырбеков маңдай терін төгіп, көп еңбек етті. Мұнараның биіктігі сегіз метрден асады. Жоғарыға көтерілу үшін ағаштан баспалдақ жасап, сол баспалдақпен мініп қалады. Көтерілген кезде біраз қиыншылыққа душар болды. Кірпіш ауыр, газоблокты арқанмен бір-бірлеп байлап шығарды. Ағашты бір-біріне жалғап қағып, биікке солай шығып қалады. Мұнараның күмбезін қойған кезде кран іздегенбіз, бірақ кран болмады. Оны жалдаймыз деп ойладық, қатты уайым болды. Арқалықтан төрт жүз шақырым жерге кран жалдау көп қаражат қажет етеді. Мұнара күмбезінің салмағы 40 келіден асатын шығар. Оны биікке майыстырмай сызбай қою керек. Екі жағынан баспалдақ қойып, оны арқанмен байлап қозғалтпай Асқарбек өзі жоғарыда тұрып, арқанмен жоғарыдан тартып , жарты сағат әурелеп, аяқ-қолы дірілдеп, әзер дегенде төбесіне қойды. Көтерген кезде мұнараның жиегіндегі кірпіштер құлап, ол кірпіштерді қайтып қалауға тура келген екен.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлі де қаржы жинау жұмыстары жүріп жатыр. Қазан айының аяғына дейін құрылыс толықтай аяқталуы тиіс дейді белсенділер.

— Қазақ халқының ұлы ағартушысы, қасық қаны қалғанша халқы үшін жұмыс істеп, сол жолда жанын құрбан еткен Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылында мешіт болуы керек. Бұл еш даусыз орындалуы қажет жұмыс деп ойлаймын. Бүгін еліміздің әрбір азаматы өз үлесін қосып, бабамыздың рухына осылай құрмет көрсетсе деймін. Алда қытымыр қыс келе жатыр. Сол себепті, осы бастаған ісімізді ертерек бітіріп, ауыл жамағатының игілігіне беру – басты мақсатымыз, – дейді Рүстем Орынбаев.

Бақыт ТҰРАШ