Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мұхамеджан Сералин атындағы мектеп ашылды

15 сентября 2022 12:14 • 8 759 просмотров

Жаңа оқу жылында Қарабалық ауданының Қарабалық ауылында 320 орындық Мұхамеджан Сералин атындағы мемлекеттік тілде оқытатын жаңа орта мектеп ашылды. Ең заманауи талаптарға жауап беретін мектептің құрылысына шамамен 1,6 млрд.теңге жұмсалды.

Жаңа мектептің ашылуы балалар үшін де, педагогтар мен ата-аналар, жалпы ауыл тұрғындары үшін де көптен күткен қуаныш.

Мектепте сапалы білім беру процесі үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалған: интерактивті жабдықтары бар кабинеттер, екі компьютерлік сыныптар, ыңғайлы шеберхана, заманауи жаңғыртылған кітапхана, толық жабдықталған асхана және спорт залы бар.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру стандартына сәйкес жеке кіретін есігі бар, толық күндік 40 орындық жабдықталған шағын орталық ашылды.

— Биыл Қостанай облысында 455 мектепте 113 мыңға жуық оқушы білім алады, оның ішінде бірінші сыныпта 12 мыңдай бала оқиды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» – деп, білім саласына ерекше көңіл бөлді. Ұлы жерлесіміз, биыл 150 жылдығы атап өтіліп жатқан педагог және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Халықты ағарту баладан, мектептен бастау алады» – деп, білімнің тірегі мектеп екенін айрықша атап өткен. Осы орайда биыл Балалар жылында облысымызда сапалы білім беру ортасын құру үшін барлық қажетті шаралар қабылданып, заманауи мектептердің құрылысы жалғасуда: Қостанай қаласының «Береке», «Қонай» шағын аудандарында 2 мектеп салынуда, ал Қостанай ауданының Еңбек ауылы, Қарабалық ауданының Гурьянов ауылында биыл мектеп құрылысы басталады, – деп атап өтті өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.

Жалпы 2025 жылға дейін облысымыздың Қостанай, Арқалық, Рудный, Тобыл қалаларында және Әулиекөл, Жітіқара, Қарабалық, Қостанай аудандарында 9 мыңнан астам орынға арналған 14 жаңа мемлекеттік мектеп ашылатын болады.

Мектептерді жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту ісі де жалғасып жатыр. Осылайша мектептерге спорттық жабдықтар, оқушы жиһазы, жаңа модификациялық үлгідегі оқу кабинеттері мен STEM зертханалары сатып алынды, жылдың аяғына дейін ауыл мектептерінің автобус паркі 30 жаңа автобуспен толықтырылатын болады. Оның ішінде Қарабалық ауданының мектептеріне 5 жаңа автобус беріледі.

Ал бүгін Қарабалық ауылының жас тұрғындарына осы елді мекеннің тумасы, белгілі қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералин атындағы мемлекеттік тілде оқытатын 320 орындық жаңа мектеп өз есіктерін ашып отыр, оның құрылысына 1,6 млрд.теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Енді мектептің 180-нен астам оқушысы және 30-ға жуық мұғалімдері жаңа ғимаратта, ыңғайлы сынып бөлмелерiнде өз бiлiмдерiн жетiлдiруде.

Мектеп соңғы үлгідегі технологиялармен, интерактивті жабдықтармен, шеберханалармен қамтылған. Жаңадан салынған кітапхана, заманауи спорт алаңы, шахмат ойынына арналған алаң, акт залы түрлі үйірмелердің ашылуына мүмкіндік береді. Ерекше оқыту қажеттілігі бар балалар үшін пандус, кең есіктер орнатылған, жабдықталған санитарлық тораптар да бар.

Яғни балаларымыздың сапалы және қолжетімді білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор