Архимед Мұхамбетов Аманқарағай ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Кездесу барысында өңір басшысы зардап шеккендерді мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен көмек шаралары туралы хабардар етті. Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті.
Баршаңызға белгілі, баспанасынан айырылған тұрғындар үшін 91 үй салу туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 13 мердігерлік ұйым айналысып жатыр.
— Жаңа үйлер салу орны ретінде Әулиекөл ауылындағы жер учаскесі анықталды. Әулиекөл ауылының бас жоспарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына жалпы ауданы 53 га жер учаскесі бар. Осы учаскеден 10 сотық учаскеде әрқайсысының ауданы 100 ш. м. тұрғын үй салу үшін 12 га бөлінді. Жер учаскелері қажетті инфрақұрылыммен: су, газ, электр энергиясымен, сондай-ақ кірме жолдармен қамтамасыз етілетін болады. Құрылыс жұмыстары менің жеке бақылауыммен, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаумен жүзеге асырылады, – деп атап өтті облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Айта кету керек, жаңа үйлер өрт салдарынан зардап шеккен азаматтардың меншік құқығына берілетін болады.
Сондай-ақ, үй жануарларының қырылуына байланысты залал өтелетін болады. Ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залалды өтеу Әулиекөл ауданының әкімдігіне жүгінген кезде жергілікті бюджет және «Қайырымдылық КZ» қоғамдық қоры қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Тұрғындардан басқа 14 кәсіпкерлік субъектісі де зардап шекті. Барлық зардап шеккен нысандар кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу жұмыстары жүргізілуде. Шығынды өтеу келтірілген залалды бағалағаннан кейін және кәсіпкердің тиісті құжаттары болған жағдайда ғана беріледі.
Өрт кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін облыста «Қайырымдылық КZ» бірыңғай қоғамдық қоры іске қосылған. Қор қаражатынан барлық зардап шеккен отбасыларға 1 млн теңгеден төлеу туралы шешім қабылданды. Құжаттары толық көлемде ұсынылған алғашқы 48 отбасы 1 млн теңгеден алды.
Сонымен қатар, Әулиекөл ауданына еліміздің ірі бизнес өкілдері демеушілік көмек көрсетуде.
Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор