Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өмірі тұнған өнеге

19 сентября 2022 11:16 • 473 просмотров

Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлы – қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданы Қарасу ауылындағы Жасбуын орта мектебінің алғаш болып іргетасын қалаған, сол білім ордасының алғашқы директоры болған тұлға.

Мектеп сол кісінің жобасы негізінде 1936 жылы салынса, оқу ордасының құрылысын жүргізуге жергілікті халықтың жекеменшік күш көлігі пайдаланылыпты.

1920–1930 жылдары ауылдан оқу іздеп, әуелі Қостанайдан мұғалімдік курсты, іле Қызылордадағы педагогикалық техникумды тәмамдаған ол «Қызыл мұғалім» атанып туған жеріне оралады, сол жерде еңбек жолын бастайды. 1942 жылдың 5 мамырында өзі тіленіп майданға аттанып, ерліктің ерен үлгісін көрсетеді. Жеңіспен Берлинге жетіп, Бранденбург қақпасына аты-жөнін жазып қалдырады.

Қазақ, орыс, араб тілдеріне өте жетік болған ағамыздың майдан даласында, госпитальда жазған естелік өлеңдері қым-қиғаш жорық оқиғаларына толы. Оның Рейхстагта түскен суреті мен «Майдан күнделігі» дәптері бүгінде Арқалық қаласының мұражайында сақтаулы тұр. Қан кешіп жүріп соғысқан жауынгердің «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері мен басқа да марапаттары мұражайдан орын алған.

Бейбіт өмірге оралған Ғабдол-Ғазиз ағамыз ұстаздық жолын қайта жалғастырады. Еңбек ете жүріп, Қызылорда қаласындағы пединститутты сырттай оқып бітіреді. Жерлестері оны омырауы орден, медальға толы майдангер ғана емес, сонымен қатар аудан, облыс, республикалық басылымдарда өлең-жырлары жиі жарық көретін ақын ретінде де құрметтеп, бағалайды. Табиғатынан тума талант иесі айтыс ақыны ретінде де жақсы танылған. «Халыққа білім беру ісінің үздігі» деген атаққа да алғашқылардың бірі қатарында ие болды.

Соғыста алған ауыр жарақатының салдарынан 55 жасында қос құлағынан айырылып, мүгедек болып қалса да ол он екі мүшесі сау адамдай алдағы күнге иек арта, үмітпен, арманды тілекпен үн қатудан жалықпады. 31 жыл тағдыр тартқызған теперішке қасқая қарсы тұрып, рухын түсірмей, туған еліне қызмет етті. Бүгінде өмірін, өмірлік дағды-мұратын ұрпаққа өнеге ғып таратса, кәне! Ал осынау кемеңгер адамның атында не бір көше, не бір мектеп жоқ. Бұл – елге сын, елді басқарған ерге сын.