Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Торғайды түлететін жобалар

7 октября 2022 14:30 • 3 701 просмотров

Инвестициялық форумда Қостанай облысының оңтүстік аудандары­ның экономикалық әлеуеті жоғары екені айтылды. Сондықтан Арқалық қаласы мен Торғайдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашатын жаңа жобалар мен тың тәсілдерді қарастыру қажет. Ең тиімдісі – өңірде өнеркәсіпті өркендетуге жол ашатын өміршең жобаларға инвестиция тарту.

Форум барысында инвесторлар тау-кен металлургия кешені, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және экономиканың басқа да салаларына қатысты жобаларымен таныстырды.

Облыстық кәсіпкерлік және ин­дуст­риялық-инновациялық бас­қар­масының басшысы Аслан Жаныс­паевтың айтуынша, алдағы уақытта Арқалық қаласы мен Амангелді және Жангелдин аудандарында жалпы сомасы 465 млрд теңгеге жуықтайтын 35-тен астам жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Аталған жобалар іске қосылса, 4 жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспар­ланып отыр.

Мысалы, 2027 жылға қарай «Қос­танай тау-кен металлургия корпора­циясы» ЖШС Арқалық қаласының маңында инвестициялық құны 315 млрд теңге болатын тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастамақ. Корпорацияның бас директоры Сергей Кряжевскихтің сөзіне қарағанда, жаңа комбинат 1 200-ге жуық адамды тұ­рақ­ты жұмыспен қамтиды.

Ауқымды шара барысында «SRS Holding LTD» холдингі Арқалық қала­сында және Амангелді мен Жангел­дин аудандарында құрамында алтын бар полиметалды кенді қайта өңдейтін үш фабрика салатынын жария етті. Алпауыт компания бұл кәсіпорындардың құрылысына 49 млрд теңгеден асып жығылатын қар­жы салуды жоспарлап қойған.

Сонымен қатар форумда жаңар­тылған энергия көздері секторын­дағы жаңа жобалар жөнінде айтылды. Мәселен, таяу жылдары қуаты 48 МВт болатын «Арқалық» жел электр стансасын салу жоспарлануда. Бұл жо­баның құны 24 млрд теңгеден асады.

Агроөнеркәсіп саласында да бір­қатар игі жоба жүзеге асырыл­мақ. Мысалы, «Алюминий құрылыс» ком­­паниясы ауыл шаруашылығы өнім­дерін қайта өңдейтін кластерлік құрылым қалыптастыруды жоспарлап отыр. Аталған компания бірнеше жыл бұрын 5 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын ашқан. Оның жанынан құрама жем шығаратын зауыт пен элеватор іске қосылды. Осылайша, бордақылау алаңы бүгінде Арқалықтағы ет өңдеу зауытын шикі­затпен қамтамасыз етіп отыр.

Мұның сыртында, алдағы уақытта Арқалықта жылына 18 мың тонна ұн шығаратын диірмен кешені, жылына 100 мың тонна мақсары майлы тұқымын қайта өңдейтін зауыт салынбақ. Сондай-ақ 2,5 мың басқа арналған асыл тұқымды репродуктор салу жоспарда тұр. Бұл нысандарға 3 млрд теңгеден астам инвестиция салынып, 145 жұмыс орны ашылмақ.

Целинное ауылында «Ұрпақ Агро» ЖШС 10 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба бо­йынша инвестиция көлемі 4,5 млрд теңге шамасында болады, 50 адам жұмыспен қамтылады.

Форумда Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандарында шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы туралы көбірек сөз болды. Арқалықтағы Торғай боксит кен басқармасы жабылып қал­ған­нан кейін, өңір экономикасын әрта­рап­тандыру бағытындағы жұмыс жос­парлы, жүйелі түрде ілгері­леп келеді. Бұған мысал ретінде жоғары сапалы былғары шығаратын «Үміт» тері өңдеу зауытын айтуға болады. 2021 жылы облыс әкімдігі «Тобыл» ӘКК» АҚ-мен бірлесе отырып, кәсіпорынды қаржылық сауықтыруға жәрдем көрсетті. Бұл 10 жыл бойы тоқтап тұрған зауыттың қайта жандануына мүмкіндік берді. Мұның сыртында, кәсіпорынға тігін және сервистік-дайындау цехтарын іске қосу үшін грант түрінде бірнеше ғимарат, оған қоса қомақты қаржы бөлінді. Биыл тері өңдеу зауытының жанынан қайыс ер-тоқым және былғары галантерея өнімдері мен балаларға арналған ортопедиялық аяқ киім шығаратын 2 жоба іске қосылды. Бұл өндіріс ошақ­тарының әрқайсысына 5 млн тең­геден грант берілді. Осылай­ша, былғары зауытының айналасында шағын бизнес нысандары шоғырланып, шикізат өңдеуден дайын тауар шығаруға де­йін­гі өндіріс өріс алды.

Мамандар аталған инвестициялық жобалар Арқалық, Торғай өңіріне ғана емес, бүкіл ел экономикасының бір­қа­тар саласын тұтас дамытуға айтар­лық­тай серпін беретінін айтады. Ең басты­сы, бұл өңірлердің ресурстық қоры мен инвестиция тарту әлеуеті жоғары.

Торғай өңірі бірегей табиғи ресурс­тарға және өзіндік мәдениетке ие бола отырып, өңірлік және халық­ара­лық нарықтарда туризмді дамыту үшін іске асырылмаған зор әлеуетке ие. Өңірде туристік саланы дамыту халық­тың жұмыспен қамтылуы мен табы­сының тұрақты өсуін, туризммен сабақтас салалардың дамуын ынта­лан­дыруды және экономикаға инвес­ти­циялар ағынын ұлғайтуды қамтамасыз етеді.

Торғай даласының тылсым таби­ғаты, шежірелі өлкеде сақталған мәде­ни-тарихи мұралардың, көне ескерт­к­іштер­дің молдығы, сондай-ақ әлі игеріл­мей жатқан емдік қасиеті бар табиғи нысандар бұл өңірде таным­дық, меди­циналық туризмді дамытуға тиек бола алады.

Форумда сөз алған облыстық мәде­ниет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов Торғайда туристік сала­ны дамыту халықтың жұмыспен қамты­луына, жергілікті тұрғындар табы­сын арттыруға, сондай-ақ туризм­мен сабақтас салалардың өркен жаюына жә­не инвестициялар ағынын ұлғай­туға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Облыс аумағында жергілікті ма­ңызы бар 467 тарихи және мәдени ес­керт­кіш орналасқан. Соның 453-і – ар­хе­ологиялық ескерткіш. Торғай өңі­рінде 19 киелі нысан бар. Оның 12-сі өңірлік, 7-еуі жалпыұлттық маңыз­ға ие. Мысал ретінде, Кейкі батыр кесе­несін, Амангелдінің жерленген жерін­дегі ескерткішті, Алаш арысы Мір­жа­қып Дулатұлы мен Әбдіғаппар ханның, Жәуке батырдың кесенелерін, VІІ-ІХ ғасырлардан жеткен «Екідің» ескерт­кіштерін, әлем ғалымдарын қызық­­тырып отырған Торғай геоглиф­терін айта кеткен жөн. Мұның сыртын­да, Амангелді ауданындағы «Құм­кешу», Жангелдин ауданында жатқан Қаратұз, Тентек­сайдағы ыстық су көзі бұл өңір­де туристік кластер құруға мүм­кіндік береді, – деді басқарма басшысы.

Басқасын айтпағанда, бір ғана Торғай геоглифтерінің өзі халықара­лық туризмді дамытуға сұранып тұр. Бұл табиғи өрнек-бедерлер үлкен аумақты алып жатыр. Жай көзбен толық қамтып көру мүмкін емес. Сон­дықтан геометриялық өрнек тек ғарыштан спутникпен қараған кезде ғана тұтас әрі анық көрінеді. Археологтердің болжамы бойынша бүгінде «Үштоғай төрттағаны» және «Торғай свастикасы» деген атпен белгілі алып геоглифтердің тарихы шамамен біздің жыл санауымыздан бұрынғы II-X мыңжылдықтарға барып тіреледі. Үштоғай төрттағаны Қостанай облысы Амангелді ауданы­ның Үштоғай кентінің шығысына қарай 15 шақырым жерде орналасқан. Торғай свастикасы – Амангелді ауданындағы Үрпек кентінің түкпірінде.

Қазір Амангелді ауылында құны 2,8 млрд теңге болатын көпфунк­ционалды туристік кешен құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан пайдалануға берілсе, облыстың оңтүстік өңіріне сапарлап баратын туристердің де көбейе түсетіні сөзсіз.