Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Астық ору аяқталды

13 октября 2022 15:30 • 508 просмотров

Осы жылдың тоғыз айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 6,9%-ға ұлғайып, 6,8 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Бұл өсім өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің 11%-ға және мал шаруашылығы өнімінің 1,1%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді», деп түсіндірді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, бүгінде дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталу сатысында (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында аяқталды).

«10 қазандағы жағдай бойынша облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне қарағанда, 15,9 млн га астық жиналды немесе барлық астық алқабының 99,5%, орташа өнімділігі 13,5 ц/га бункерлік салмақта 21,6 млн тонна астық бастырылды», деп нақтылады Е. Қарашөкеев.

Биыл өңірде өткен жылғы көрсеткіштен 2 млн тоннадан артық астық жиналды. Былтыр шығым аз, шығын көп болған еді. Диқандар осы жылы мықтағанда 1 млн тонна артық өнім аламыз деп болжаған. Нәтиже жорамалды межеден әлдеқайда асып түсті. Оған жауын-шашынның көп түсуі себеп болып отыр.

«Биылғы орақ маусымында 3,957 млн гектар алқаптан 5 млн 21 мың тонна астық жиналды. 2021 жылы қамбаға 3,16 млн тонна бидай бастырылған еді. Орта есеппен, әр гектардан 11,7 центнер өнім алынды. Былтыр ол 7,5 центнерден аспаған болатын», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.

Диқандардың ендігі мәселесі – өнімді өткізу. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ 2022 жылғы астық сатып алу бағасын жария етті.

«Баға нарықтағы қазіргі жағдайға байланысты әділ түрде белгіленді. 3-сұрыпты бидай құны – қосымша құн салығымен бірге есептегенде, желімтек сапасына қарай 121–125 мың теңге аралығында. 4-сұрыпты өнім – 115 мың, 5-дәрежелі бидай бағасы – 98 мың теңге. Ал арпа – 95 мың, сұлы – 90 мың, қарақұмық 170 мың теңгеден», – делінеді компания хабарламасында.

Айта кетейік, облыста майлы дақылдар жиын-терімі әлі жалғасып жатыр. Осы жылы небары 514 мың гектар жерге ғана егілген. Бүгінге дейін жалпы алқаптың 70 пайыздайы ғана орылған. Майлы дақылдарды сатып алу құны кейінірек жарияланбақ.