Франция астанасы Парижде, UNESCO-ның штаб-пәтерінде ХХ ғасырдың бас ширегінде әлемдік мәдени серпілуге өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның біртуар тұлғасы, тіл білімі, әдебиеттану, журналистика, педагогика, көркем және деректі аударма, өнертану, т. б. салаларға түрен салып, баға жетпес мұра қалдырған ғұлама, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтой шаралары басталды.
Мәдени белес тұрғысынан әр жылдың өзіндік ерекшелігі бар. Биыл – талай мықтыларымыздың айтулы межелері. Тірі мен бақиға озғандардың арасын жалғаған мерейтойлар.
Біз азаттық жолында күрес, тәуелсіздікті баянды ету сабақтары, Әділетті Қазақстан деп таразы басына бар мен жоқты қатар қойсақ, темірқазық қағидатқа жарар бір тұлғаның бәсі биік тұрады. Ол – Ахмет Байтұрсынұлы.
Сондықтан осы жылғы тұлғалар мерейтойы мен тарихи даталарды Ақаң парасатымен, Ақаң өлшемімен қарауға пейілдіміз. Ол парасат – мемлекетшілдік, ол өлшем – кәсібилік.
Көп замандас, тіпті білім мен мәдениет саласында жүрген кейбір азамат Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Оқулық жазған, өлең кітап жариялаған, газет шығарған, жауапты қызмет істеген, 30-жылдары репрессияланған» деген тақ-тұқ хрестоматиялық ақпаратпен ғана шектеледі. Ақиқатына келсек, қазақта аталған төрт кәсіпті атқарған адам аз ба? Сол сияқты білікті оқығанның 99 пайызы саяси қуғын-сүргінге ұшырағаны да шындық қой. Бұл жағдай бәрімізден парықты нақтылауды талап етеді.
Дәл осы тұста ахметтануға қойылатын ғылыми-тәжірибелік талап нақтыланғаны дұрыс. А. Байтұрсынұлы – еуропалық бағдардағы Алаш ұранды елі үшін сан салада «тұңғыш».
Ол – ұлттың рухани әлеуетін жүйелеуші, жинаушы. Ол – білім мен ғылым саласында барды ұқсатушы, үзілгенді жалғаушы. Атап айтсақ, ана тіліміздің табиғи заңдылығына негізделген алғашқы оқулық иесі, ұлтты ояту мен ұлыс бірлігіне шақырған ағартушылық өлең-аудармалардың авторы, халықтың атқарушы билігі миссиясын орындаған «Қазақ» газетінің редакторы, түрлі саяси һәм қоғамдық қызметін елдің қажетіне құрбан еткен қайраткер. Бұл бағалауда идеализациялаудың нышаны да жоқ. Мұны «бүгінгі қайраткер қандай болу керек?» сұрағының жауабы деп ұғыңыздар.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет тәуелсіздік жағдайында ұлттық сананы қайта жаңғыртуға және жаһандану өзгерістеріне бейімдеуге жалпыұлттық тұрғыдан басымдық беріп отыр» дегенін жақсы білесіздер. Ұлттық сананы жаңғырту мен жаһандануға болмысты сақтап бейімделуде Ахмет Байтұрсынұлының тарихи қызметі мен мұрасының маңызы орасан. Жалпы, Ақаңды – тұтастай ұлт иммунитеті десек, қисынға келеді.
Ұлт ұстазының 150 жылдық межесі елімізде және шетелде кеңінен аталып өтіп жатыр. Бұл ретте осы мерейтойды дайындау мен өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Халықаралық Түркі академиясы, Ақаңның музей-үйі, отандық ұлттық, мемлекеттік, жекеменшік университеттер, Қостанай-Торғай мәдени-ағарту мекемелері іс-шараларын ілтипатпен атап өткіміз келеді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде А. Байтұрсынұлының көптомдықтары даярланып, тұлғатану экспедициялары ұйымдастырылып, зерттеулер жазылып, деректі фильмдер түсіріліп, ағартушы дүниеге келген мекенде тарихи нысан мен кесене бой көтерді. Жауапты орындар мен білікті азаматтарымыз Мемлекет басшысы айқындаған: «Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиіс!» ұстанымды басшылыққа алды. Атқарылған және атқарылатын «жұрт жұмысын» (Ақаң сөзі) 1 қазанда ұлт ұстазының туған жерінде өткен елдік шараларда Парламент Сенатының төрағасы М. С. Әшімбаев қадап айтты.
Кезінде «Egemen Qazaqstan» газеті сүйіншілеп жеткізген ахметтану жылының тағы бір жаңалығын естеріңізге сала кеткіміз келеді. Ол – Ахмет Байтұрсынұлы 150 жылдығының UNESCO ұйымы атаулы мерейтойлар тізіміне енгені. Бұл – жаңа Қазақстанның абыройы. Бұл – ұлт білім-ғылымы мен мәдениетінің елеулі биігі.
Әлем деңгейінде ұлысаралық үйлесім мен мәдени-зияткерлік ықпалдастықты жүйелеп, дамытатын аталған ұйым аясында Ақаң мерейтойы Парижде, Анкарада және басқа да шетел қалаларында атап өтіледі.
Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойын Франция елордасында конференция, шеберлік сыныптары, түрлі мәдени-ғылыми орталықтармен, ғылыми-зиялы қауыммен, диаспора өкілдерімен кездесу, сұхбаттасу форматында өткізу үшін Қазақстан делегациясы UNESCO-ның штаб пәтеріне ат басын тіреді. Делегация құрамына Мемлекеттік комиссия мүшелері – Ұлттық ғылым академиясының академиктері Мәмбет Қойгелдиев, Зейнеп Базарбаева және осы жазбаның авторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов, Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Ақаң музейінің басшысы Райхан Имаханбет, «Тіл-қазына» орталығының бас директоры Ербол Тілешов, комиссия жұмыс тобына атсалысып жүрген профессорлар Өмірхан Әбдіманұлы, Бағдан Момынова, Жамал Мәнкеева, Алаш ұрпағы Қайырбек Кемеңгер, Қостанайдағы Ахмет-Міржақып музейінің директоры Гүлбану Сәрсекеева, шет мемлекет профессорлары Хулия Ченгел (Түркия), Әбділқайым Кесіжі (Германия), Элчин Ибрахимов (Әзербайжан) – жалпы 15 ғалым енген. Сонымен бірге Қазақстанның арнайы делегациясын Ғылым және жоғары білім министрлігі атынан вице-министр Талғат Ешенқұлов басқарып, іссапарды Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаев, Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Гүлфариза Мұқан үйлестіргенін айта кеткіміз келеді.
UNESCO-ның штаб пәтерінің салтанатты залында өткен «Ахмет Байтұрсынұлы және ренессанстық өркениет» конференциясына вице-министр, PhD-профессор Т. І. Ешенқұлов модераторлық етті.
Жиынның басында «Қазақ өркениеті және Ахмет Байтұрсынұлы» атты бейне-ролик көрсетілді.
Ғылыми форум ашыларда Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың құттықтауын еліміздің UNESCO жанындағы тұрақты өкілі, Француз Республикасы мен Монако Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елші Гүлсара Арыстанқұлова оқып берді. Мұнан кейін UNESCO бас директорының орынбасары Син Цюй мінберге көтеріліп, Қазақстан басшылығы мен халқын, сондай-ақ конференцияға қатысушыларды құттықтады. Мұнан кейін сөйлеген Иран Ислам Республикасының UNESCO-дағы өкілі Ахмад Пакатчи А. Байтұрсынұлының Азия тіл біліміндегі орны мен әліпбиінің ерекшелігіне тоқталды.
Пленарлық мәжілісте Абай университетінің профессоры, академик М. Қ. Қойгелдиевтің – «А.Байтұрсынұлы. Қиянатқа қарсылық», Әзербайжан Тілдер университетінің профессоры Э. Ә. Ибрахимовтің – «Ахмет Байтұрсынұлының Баку Түркология конгресіндегі баяндамасы», Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, академик З. М. Базарбаеваның – «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы феномені», Тарих және этнология институтының директоры З. Е. Қабылдиновтың – «А.Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси қызметі және көзқарасы», саясаттану докторы Ә. Кесіжінің – «Қазақ ұлтын әлемдік картаға орналастырудағы А. Байтұрсынұлы еңбегі», осы жолдар авторының – «Алаш мемлекеттілігі және Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасы», Қажы Байрам Вели университетінің профессоры Х. Х. Ченгелдің – «Ахмет Байтұрсынұлы: қазақ авторлары қашан және қалай пайда болды?», Е. Е. Тілешовтің – «А.Байтұрсынұлы мен М. Әуезовтің ғылыми танымы: сабақтастық пен ұқсастық» баяндамалары тыңдалды.
Ғылыми шара қорытындысында қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдеріндегі «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» атты жинақтың тұсауы кесілді.
Француз және басқа да Еуропа елдері зиялыларымен кездесу, сұхбаттасу барысында Қазақстан ғалымдары мен қайраткерлері елдегі ғылым мен білім саласындағы ізденістерді, мұратануға байланысты елеулі жобаларды, тіл білімі, әдебиеттану, тарихи әдіснама жаңалықтарын таныстырды. Ой бөлісіп, пікір алмасты. Ғылыми ықпалдастықтың өткір мәселелері шеберлік сыныптарында талқыланды.
Ақаңды Франциямен байланыстыратын арналар аз емес. Біріншіден, ғалым тілдік материалды салыстырғанда, «пырансоз тілі» деп дәйектеп отырады. Екіншіден, қаламгер «Қазақ» газетінде Бірінші дүниежүзілік соғыс туралы бірнеше мақала жазған. Сонда Францияның саяси ұстанымына баға береді. Үшіншіден, ғұлама мәдениет пен әдебиет құбылысын байыптағанда әлемдік өркениеттегі Франция тәжірибесін тілге тиек етеді. Төртіншіден, әдістеме және педагогика саласындағы мақалаларында, аудармаларында «пырансоз әдісін» ауызға алады. Бесіншіден, 1992 жылы біз НКВД архивінен тауып, аударып, ғылыми айналымға енгізген Ә. Бөкейхан-А.Байтұрсынұлы жауаптасу хаттарында Әміре Қашаубайұлын Париж сапарына даярлау мәселесі сөз болады. Айтқандайын, 1964 жылы Сорбонна университеті баспасынан шыққан А. Беннингсен мен Ш. Лемарсье-Келькежейдің «1920 жылға дейінгі Ресей мұсылмандарының баспасөзі және ұлттық қозғалысы» атты кітабында Алаш зиялылары, соның ішінде Ақаң еңбегі байыпталған.
Сөз жоқ, мұның бәрі – өз зерттеушісін күтіп тұрған пайымды тақырыптар.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Ғылым мен өнер елсізді – елдіге, жоқты – барға теңгереді» деп жазған еді. Бұл жерде ағартушы «өнер» деп сол кездегі техника мен технологияны меңзеп тұр. «Қазақ» газеті логотипіндегі түндігі батыстан ашылған киіз үйді яки Алаш арманын – бүгінгі азат, жаңарған Қазақстанның моделі ретінде де қарауға болады.
Жөн-жоба, Ақаңша айтсақ, жосық жақсы, бірақ біз қиындықтан сабақ алған еліміздің мазмұнын қалайша мемлекетшілдікке, әділеттілікке, еңбекқорлыққа, парасатқа толтыра аламыз – мәселе осында. Ақаңның Париждегі торқалы тойы мұны да ойлантты.
Ұлт ұстазының бекзат бейнесі туған жерінде де, Еуропада да дәл өз тұсындағы қирағатпен: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деп тұрғандай көрінді.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор