Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Министр халықпен кездесті

14 октября 2022 12:32 • 846 просмотров

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Тобыл өңіріне жұмыс сапарымен келіп, облыс тұрғындарымен кездесу өткізді. Еліміздің бас полицейі Қостанайдағы «Жастар» сарайына жиналған мың жарымға жуық адамның алдында есеп беріп, көпшілік тарапынан қойылған сан сауалға жауап берді. Сонымен қатар, кездесуде құқық қорғау саласын реформалаудың барысы туралы айтылды.

Жыл басынан бері аймақта қылмыс 15%-ға төмендеген. Атап айтқанда, адам өлтіру – 36%, ұрлық – 24%, тонау – 22%, зорлау – 80%, алаяқтық – 14%, бұзақылық – 72%-ға азайып отыр.

— Алайда өңірде жыл басынан бері тоғыз айда 27 қасақана адам өлтіру оқиғасы тіркелген. Аймақта есірткі қылмысы да азаяр емес. Онымен күрес те күшті. Тек Қостанай-Сұрған тас жолында 108 келі марихуана, Рудный қаласында 176 келі есірткі заты, ал Әулиекөл ауданында 3 келіден астам гашиш тәркіленген, – деді министр.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері өңірімізде жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандар саны 37 пайызға, яғни, 51-ден 70-ке артыпты. Осы мәселелерді алға тартқан Ішкі істер министрі Қостанай облыстық полиция департаментінің бастығына жұмысты қатаңдатуды тапсырды.

Министр қылмыстық атқару жүйесін ізгілендіру мәселесіне де тереңірек тоқталып, бұл саланың өткені мен бүгінін жан-жақты тарқатып өтті.

— Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары күрделі кезеңдерді бастан кешіргеніміз рас. Қылмыстың өршіп тұрған уақытын да еңсердік. Сол кезеңдегі ұйымдасқан қылмыстық топтар мен жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлар ең алдымен біздің тәуелсіздігімізге үлкен қауіп төндірген еді. Мұны тек заңның күшімен ғана жою керек болды. Осылайша, қатаң заңдар қабылданды. Нәтижесінде, қылмыстық процессуалдық кодекске қудалаушылық сипаттағы баптар енгізілді. Бұдан басқа амал жоқ еді. Өйткені өтпелі кезеңде полиция қаталдық танытпаса, қоғамды үрейлендіріп, іштей ірітіп жатқан қылмыстық элементтерге қарсы қудалаушылық сипаттағы шараларды қолданбаса, еліміздің аяқтан нық тұрып кетуі де неғайбыл еді. Кейін заман өзгеріп, заң үстемдігі орнай бастаған тұста, қылмысты тергеп-тексеру және оған жаза тағайындау саласы екі бағытта дами бастады. Қоғамға ауыр зардабын тигізетін қылмыстар ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, оған жауаптылықты қатайттық. Ал қоғамға айтарлықтай қауіп төндіре қоймайтын орта дәрежедегі қылмыстарды қудалаушылықтан арылттық. Мұндай қылмыстарға бұрын қамау түріндегі бір-ақ санкция қолданылатын. Қазір оған шектеу, айыппұл, үй қамағы қосылып, азаматты бас бостандығынан айырмайтын басқа да шараларды қолдана бастадық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан түрмеге қамалғандардың саны жағынан әлем елдері бойынша АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында тұрды. Кейін бірте-бірте жүйелі түрде жүзеге асырыла бастаған құқықтық реформалар өз нәтижесін беріп отыр. Бүгінде Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша 77-орында тұр, – деді Марат Ахметжанов.

Кездесу барысында министр қазіргі қоғамда белең алып тұрған заңсыз есірткі саудасы, интернет-алаяқтық және жол қауіпсіздігі сияқты өзекті мәселелерді қозғады.

Мәселен, Марат Мұратұлының айтуынша, елімізде жасалатын барлық қылмыстың төрттен бірін азаматтардың аңғалдығын пайдаланып интернет арқылы тақырға отырғызып кететін алаяқтар жасайды екен.

— Кейде бір қылмыстық істің аясында 100-ден астам жәбірленушінің шағымы тексерілетін жағдайлар болады. Жалпы, республика бойынша интернет алаяқтары азаматтарға 10 млрд теңге көлемінде шығын келтірген. Қазір біз шетелдік әріптестерімізбен өзара ынтымақтастық орнаттық. Нәтижесінде, бірнеше қылмыстық топ ұсталды. Бірақ біз тек қылмыс фактісі бойынша жұмыс істемейміз. Екінші деңгейлі банктермен және ұялы байланыс операторларымен меморандумдарға қол қойылды. Әдетте банк қызметкерімін немесе полицияданмын деп қоңырау шалатын алаяқтардың жолы кесілді. Қазір ауыспалы нөмірлерді бұғаттауға көмектесетін құрылғы бар. Осы құрылғы арқылы ұялы байланыс операторлары алаяқтың қоңырауын бірден қабылдамай тастайды, – деді министр.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов өңірдегі қылмыстық ахуалға да тоқталды. Айтуынша, республика бойынша тіркелген қылмыстың 4,5 пайызы Қостанай облысының үлесінде. Жыл басталғалы аймақта қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Алайда өңірде биылғы тоғыз айдың ішінде 27 қасақана адам өлтіру оқиғасы тіркеліп отыр. Есірткі қылмысы да азаяр емес. Оған қарсы аяусыз күрес жүргізіліп жатыр. Мәселен, Қостанай-Сұрған тас жолында 108 кило марихуана, Рудный қаласында 176 кило есірткі заты, ал Әулиекөл ауданында 3 килодан астам гашиш тәркіленген.

Министр өңірде жол апатының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Мәселен, биыл жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандардың саны 37 пайызға артқан. Былтырғы осы кезең ішінде жол апатынан 51 адам қаза тапса, биыл бұл көрсеткіш 70-ке жеткен.

Осы мәселелерді алға тартқан Ішкі істер министрі облыстық полиция департаментінің бастығына жұмысты қатаңдатуды тапсырды. Мұрат Ахметжанов кездесуден кейін Қостанай қаласының учаскелік инспекторларына 20 қызметтік көліктің кілттерін табыс етті.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор