Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Нұрлан КӨПТІЛЕУТЕГІ: «Байтақ» – мақсаты айқын партия»

15 октября 2022 10:01 • 1 161 просмотров

Бүгіні күні әлемде қоршаған орта мен адамдарға деген «тұтынушылық көзқарас» өз шегіне жетті. Бұл жағдай үлкен экологиялық, биосфералық, экономикалық және, ең бастысы, гуманитарлық дағдарыстарға әкеп соқтырды.

Ашаршылық, ауыз су тапшылығы, зиянды және сапасыз азық-түлік, түрлі індет сияқты қорқынышты қауіп-қатерлер әлі де жалғасуда. Біз бүгін редакция қонағы – «Байтақ жасылдар партиясының» атқарушы хатшысы Нұрлан Көптілеутегімен осы мәселелер жайында әңгімелестік.

— Нұрлан Болатұлы, «Байтақ жасылдар партиясы» аяғынан енді тұрып, етек-женің жинап жатқан жас партия десек қателспейтін шығармыз, сол себепті өздеріңіздің мақсат-міндеттеріңіз жайлы аз-кем айтып берсеңіз?

— Біздің партия жасанды түрде, дәлірек айтсақ, біреудің субъективті шешімімен құрылып отырған жоқ. Оның пайда болуының объективті себептері – қазақстандықтардың уақыттың талаптары мен қауіп-қатерлерді шешу керек екенін түсінгені және «Жасыл Идеологияның» Қазақстанда да қанат жайғаны. Партия төрағасы Азаматхан Әміртай деген елімізге белгілі азамат. Сол кісі бастап, осы жұмысқа кірістік.

Біздің идеялық негізіміз – «жасыл идеология». «Жасыл идеология» дегеніміз – ортақ мақсат пен мүдде үшін біріккен жандардың қоғам мен табиғатқа деген адамгершілік көзқарасы. Ол – жеке бастың жайлылығы және қоғам мен қоршаған орта байлығы арасындағы үйлестік! Экологиялық Сананың түптамырлары болып – «Бостандық», «Әділеттілік», «Тұрақты Даму» ұғымдары есептеледі.

Біз патриотизм, гуманизм және әлеуметтік әділеттілік негізінде Қазақстанның тұрақты әрі жан-жақты дамуын қолдаймыз. Отансүйгіштік пен гуманизмді дамытпай, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілік салтанат құрмайынша, яғни, игіліктерді бөлу критерийлері – Әділеттілік пен Тең мүмкіндіктер қағидаттары болмай – қоғамымыз серпіліс ала алмайды, ал біздің Қазақстан жаңа бола алмайды! Яғни, азаматтарымыздың әл-ауқаты субъективті себептерге емес, олардың нақты еңбегі мен кәсібилігіне байланысты болатындай, ашық әрі саяси және экономикалық бәсекелестікке негізделген, заң алдында барлығы тең болатындай Жүйе құру керек.

Қазақстанда биік таулы аймақтардан бастап шөлдер мен ішкі теңіздерге дейінгі ландшафттық кешендердің бірегей жиынтығы бар, олар экожүйе түрлерінің, ландшафт формаларының, климаттық белдеулердің және биологиялық түрлердің алуан түрлілігімен сипатталады. Осы байлықтарды көздің қарашығындай сақтап, көбейту – партиямыздың басты мақсаттарының бірі.

Біз идеологиялық негіздеріміз бен саяси ұстанымымызға сүйене отырып, «кең ойлап, нақтылы әрекет етуді» жөн көрдік. Сондықтан, өзімізді: күнделікті кезде – тұрақты, аянбай жұмыс істейтін, ал сайлау кезінде – азаматтарға жасалған жұмысымыз туралы есеп беріп, лайықты нәтижесін ала алатын, «нақты (ірі болмаса да, маңызды) істердің партиясы» ретінде көрсетеміз.

Сондықтан біз өз алдымызға нақты және қол жеткізуге болатын мақсаттарды ғана қоямыз. Оларға бірлесе қол жеткізсек, біздің өміріміз ертең, болмаса 2050 жылдан бастап емес, бүгіннен бастап жақсарады.

— Мақсат – айқын. Енді нақты әрекеттерге тоқталып өтсеңіз. Партияның келешек жоспары қандай? Саяси ықпалды болу үшін не істемек керек?

— Расымен де Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Бұны біз көріп отырмыз, біліп отырмыз. Иә, сол үлкен қадамда, біз міне партия құрып, ел өміріне араласып жатырмыз. Жасылдар партиясы құрылатын жаңа Қазақстан әділетті мемлекет, екінші республиканың діңгегі болады деп санаймын. Соған барынша күш салып, біз жұмыс істейтін боламыз. Әрине, саясат деген үлкен мәселе. Мысалға, үлкен саясат, сонымен қатар, қарапайым адамдардардың күнделікті өмірі, әлеуметтік мәселесі, денсаулық, білім алу, тәрбие мәселесі, бұның бәрін, бұлай айтқанда саясатқа айналдырмауымыз қажет, жергілікті жерге барып, біздің партиямен жергілікті басқарумен біріге отырып, бұл мәселелерді шешіп отыруымыз керек. Сол үшін біз, келесі жылғы парламенттік сайлауға және жергілікті жерді басқару мәслихат сайлауларына біздің партиямыз дайындалады және сол сайлауларға қатысады. Кемінде миллион дауыс жинауымыз қажет.

Реформалар «тек халық үшін» ғана емес, халықтың өзінің қатысуымен жүргізілуі керек. Өйткені халық, өзіне не қажет екеніне қоса, қашан қажет екенін де – өзгелерден жақсы біледі. Сондықтан, «көп кешенді» экологиялық проблемаларды шешу үшін, біз биліктің барлық деңгейлері мен тармақтарына да белсене қатысуымыз керек.

Көбіне мен көрші елдердің экологиялық партияларымен бірлесіп әлемдік тәжірибені зерделеймін. Расымен де ТМД елдерінде экологиялық партиялардың ықпалы өте төмен. Мысалға Қырғыз елінде жасылдар партиясы бар. Ресейде бар. Басқа да елдерде бой көрсетіп келеді. Бірақ сайлауға келгенде барлығы жеңіліп қалады. Бірақ, іргелес Өзбекстанда жасылдар партиясы өте ықпалды. Парламентте фракциясы бар. Соның арқасында өзбек мемелекетінде Су министрлігі құрылған. Трансшекаралық суды бақылауда ұстауда. Оларда қоршаған орта мәселесі толық бақылауында.

Енді біз де осы қателікті түзеп, Парламентке өтуді көздейміз. Біз оны іспен де, еңбекпен де нақты нәтижемен көрсетеміз. Біз сөздің емес, істің партиясы боламыз. Біздің алдымызда үлкен жоспарлар бар. Үлкен жұмыстар бар. Соның бәрін нақты біз, нәтижеге жеткізуіміз керек. Табиғат бәрімізге ортақ құндылық және көптеген жаһандық сын-қатерлер – ортақ жауымыз екені мәлім. Олай болса, бізден бұрын құрылған және талай пайдалы нәтижелерге қол жеткізген басқа елдердегі әріптестерімізбен тығыз байланыс орнату да – біздің мақсатымызға жатады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген атам қазақ.

Қазіргі таңда біз Әділет министрлігіне тіркеліп, ресми партия атандық. Қазақстан бойынша қатарымыз артып, өңірлерде жақтастарымыз көбейіп жатыр. Бүгінгі күні еліміздің бірқатар облыстарында филиалдарымыз пайда болды.

Жуырда ғана Алматы қаласында партиямыздың алғашқы съезді өтті. Оған мың жарымға жуық адам қатысты. Экология мәселесін көтеріп жүрген азаматтарды шақырдық. Соның бірегейі ретінде қазақ елінің мақтанышы, Семей-Невада қозғалысының көшбасшысы Олжас Омарұлы Сүлейменов ағамыз болды. Олжас Омарұлы 2016 жылдан бері, біздің мына экологиялық қозғалысымызды қолдап келе жатыр. Ағамыздың көптеген, кеңесін, мына саясатта әлеуметтік мәселеде, біз алып отырдық, ақылдасып отырдық. Съездің жұмысын бастамас бұрын, сол Олжас ағамыз өз батасын берді.

Сонымен қатар академик, саясаткер, мына қазір ғылымда көптеген жаңалықтар осы жасыл экономикаға байланысты ашып жүрген Оразәлі Сәбденов ағамыз болды.

Сондай-ақ, Қазақстанның әр өңірінен еріктелір қатарымызды толықтырып жатыр. Біз санымыз артқан сайын үлкен күшке айналып жатырмыз.

— Қостанай облысына жасаған сапарыңызда қандай жұмыстар атқарылды?

— Байқағаным, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде азаматтық қоғам белсенділігі шамалы бәсеңдеу, егер біз қоршаған орта тақырыбында осы қоғамды оята білсек, өңірдегі біршама мәселенің шеті ашылар еді. Негізі Қостанайдың табиғаты тамаша, ауасы керемет, адамдары да өте кішіпейіл екен. Сосын болар кейбір қоғам өкілдерінің белсенділігі аз. «Уақыт» мәселесінде де, бізде жалғыз Болат Нұрхожаев аға өзгеріс жасай білді, ал мұнда кәдімгідей топ құрғанымен, алдыға жылжу болмай тұр. Жоспарым созылып, екі күн осында болдым. Біржола біраз тақырыпты қамтып кету керек болып тұр!

Сондай-ақ, аудандарды аралап, Рудный қаласында болып, көптеген белсенділердің партияға қатысты сұрақтарына жауап алып, «Жасылдар» қатарына таңдау жасады. Бірнеше мәселені қатар зерттеп, шешілу жолдарын ұсынып, нақты мәселелерде азаматтық қоғамның позициясын нық жеткізіп жүрген Азамат Карим, «ЭкоПатруль» жетекшісі, эколог маман, қоғам белсендісі Максим Фролов, ашық мінезді, тәжірибелі, дәрігер, экологиялық белсенді Ольга Ивановна секілді Қостанай өңіріне танымал, қоғамда беделді, өз пікірлерін қалыптастырған, азаматтық қоғамның өкілдері «Байтақ» Жасылдар партиясын қолдап, қатарымызға өтуге өтініштерін білдірді.

Қостанай өңірінің облыстық, қалалық өкілдері нақтыланып, филиал құру, құрылым қалыптастыру жұмыстарына кірісіп кетті. Сонымен, толығымен Жасылданған өңірлердің қатары күн санап артуда.

Қостанайға келгенде жуырда ғана орын алған Аманқарағай орманындағы өртті айтпай кетуге болмас. Бұл – үлкен табиғи апат. Қазір отқа оранған орманды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Біз бұл жұмыстан да шет қалмаймыз. Бүгіндері жас көшеттер отырғызу, көршілес облыстардан ағаш әкелу, білікті мамандарды тарту жұмыстары жүріп жатыр екен. Алда бұл жұмысқа да көмек қолын созатын боламыз.

— Сұхбат үшін рахмет! Жасылдар партиясына тек даму тілейміз!

Сұхбаттасқан Маржан АЛПЫС