Биыл қыркүйек айында Қостанай облысы Әулиекөл ауданында болған алапат өртті сөндіруге белсенділік танытқандар Президент атынан мемлекеттік марапаттарға лайық деп танылды. Солардың қатарында Қарулы Күштердің жауынгері, әскерге борышын өтеуге келгеніне небәрі төрт ай болған Александр Флейтлинг те бар.
Жас жауынгер Төтенше жағдайлар министрі Илья Ильиннің қолынан Мемлекет басшысы қол қойған «Ерлігі үшін» медалін алды. Отан алдындағы борышын 31 775 әскери бөлімінде абыройлы атқарып жүрген Александрды әңгімеге тарттық. 18 жастағы Александр бала кезінен жауапкершіліктің салмағы қандай екенін біліп өскен үйдегі төрт баланың үлкені екен.
«Отбасыда алты жанбыз, – деп әңгімесін қазақша бастады Александр. – Қазақ ауылында туып-өстім, анам – қазақ, мектепті де, колледжді де қазақша оқып бітірдім, оның үстіне мемлекеттік тілді білу – міндетіміз».
Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Жаңа тілек ауылында туып-өскен Александрдың трактор жүргізіп үйренгеніне екі жыл болыпты. Тіпті әскерде жүрген аз ғана уақытта БМП (жаяу әскер машинасы) көлігін жүргізуді үйреніп алған. 9-сыныпты бітірген соң Үржардағы ауылшаруашылық колледжін тәмамдап, бірден әскерге аттанған.
«Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ», демекші Александр да «Отан алдындағы борышын өтеген соң міндетті түрде әскери жоғары оқу орнына түсіп, офицер боламын», дейді.
«Әскерге келгенде маған қолдау көрсеткен командирім майор Рустам Ситяковтен көп нәрсе үйрендім. Болашақта командирім сияқты офицер болып, әскерде қызмет жасағым келеді. Қазіргі кезде әскерге барғысы келмейтін жігіттер бар. Сонда елді, жерді кім қорғайды? Ел басына күн туса, кез келген мамандық иесі Отанды қорғауға тиіс. Бейбіт күннің өзінде өрт сөндіруге қаншама адам, неше техника жұмылдырылды? Өртке оранған дала, бірнеше шақырымға созылған түтінге қарамастан, сол сәтте өрт сөндіруден басқа басыма ешқандай қорқынышты ой келген жоқ», дейді Александр.
Алты жыл грек-рим күресімен айналысқан Александр әскери бөлім ішіндегі спорттық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Отан алдындағы борышын өтеген соң білімді офицер болуды армандайтынын айтып қалды. Білімді азамат – елдің келешегі. Болашақта отбасына көмектесіп қана қоймай, ел қорғаны болар мықты офицер болар деген үміт те жоқ емес. Айтпақшы, Александр бөлім басшылығы берген 10 күн демалысты пайдаланып, туған ауылына барып қайтыпты.
«Жаңа тілекте бірге өсіп, бірге оқыған достарыммен, ауылдастарыммен кездесіп, сағынышымды бастым», дейді.
Александрдың алған марапатына ата-анасы мен ауылдастары, сабақ берген мұғалімдері қатты қуанған көрінеді.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор