Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Байқау жеңімпазы анықталды

21 октября 2022 14:20 • 985 просмотров

Қостанайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Жастар сарайында өткен салтанатты жиында көргенді ұрпақ тәрбиелеп, көпке өнеге болып отырған үлгілі отбасылардың ошақ қасындағы жарасымды тіршілігі дәріптеліп, дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Биыл сегізінші мәрте қорытындыланып отырған тағылымды шара облыс әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізудегі басты мақсат – қазіргі қоғамдағы адамгершілік құндылықтарын жаңғырту, сондай-ақ отбасы мәртебесін көтеріп, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігінің артуына ықпал ету. Осы сегіз жылдың ішінде байқауға 800-ден астам отбасы қатысты. Былтыр 126 отбасы бақ сынаған. Осы жылы облыс бойынша 108 отбасы қатысып отыр.

Бұл жолы ауылдық, аудандық іріктеуден 20 отбасы озып шықты. Облыстық кезеңге өткендерге ақшалай жүлде тағайындалып, үлгі-өнегесімен ерекшеленген немесе өнерпаз отбасыларға, сондай-ақ әулет болып еңбекке жұмылып, кәсіппен айналысып жатқан отбасыларға арнайы сыйлық табыс етілді.

Салтанатты жиында Қостанай облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады.

— Қазақ үшін қашанда киелі саналатын бір шаңырақтың астында берекелі өмір сүрудің мән-маңызын насихаттауда ұлттық конкурстың алар орны айрықша, тағылымды іс-шара деп айтар едім. Осы сайыста бақ сынағандардың барлығы да мерейлі отбасы, тәлім-тәрбиенің қайнар көзі, – деді Қостанай облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов.

Биылғы байқауға қатысқандардың қай-қайсысы да жеңіске лайықты. Дегенмен комиссия мүшелерінің шешімімен Қарасу ауданында тұратын Шәріповтер әулеті жеңімпаз атанды. Болат Сатыбалдыұлы мен Марина Васильевнаның отасқанына биыл 33 жыл болыпты. Екеуі де қарапайым еңбек адамдары. Балалары Дәмір мен Диана әр түрлі салада еңбек етіп, табысқа жетіп жүр.

— Әулетімізде болған бірқатар қуанышты оқиғаларды себеп етіп, биыл конкурсқа өтініш бердім. Туыстарымыз, әріптестеріміз, достарымыз қолдау көрсетті. Дәл қазіргі көңіл күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Отбасым үшін қуанып тұрмын, – деді Болат Шәріпов.

Осы сында үздіктердің қатарынан көрінген жиырма отбасына облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолы қойылған дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал Шәріповтер отбасы енді республикалық кезеңде бақ сынайтын болады.