Республика күні және қала күні қарсаңында Арқалық қаласында Ақындар аллеясы ашылып, онда Торғай ақындық мектебінің көшбасшысы, халық ақыны Уақ Жұмабай Шалабайұлына арналған ескерткіш мүсін орнатылды.
Ол XIX ғасырда қалыптасып, өзіндік дәстүр ерекшелігімен көзге түскен Торғай ақындық мектебінің басында тұрған ірі ақындардың бірі. Халық ақынының мүсінінің ашылу салтанатында қала әкімі Әмірхан Асанов, белгілі қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Оразкүл Асанғазықызы, ақын мұрасын зерттеуші, ф. ғ. к Айбек Қалиев, ел ағалары, тарихшы, өлкетанушы Шөптібай Бәйділдаұлы мен Торғайбай Уәлиұлы сөз сөйледі.
Уақ Жұмабай Шалабайұлы 1838 жылы Торғай облысы, Жангелдин ауданына қарасты Тосын болысының № 5 ауылында дүниеге келген. Торғай өңіріндегі өзіндік дәстүр ерекшелігін қалыптастырған ақындық мектептің қайнар көзі осы Уақ Жұмабай ақын. Салтанатты шарада шашу шашылып, айтыскер ақын Батырлан Сағынтаев арнау жырын айтты. Мүсінді ашу құрметі «Айтыс ақтаңгері» Айбек Киікбайұлы мен «Арқалық қаласының құрметті азаматы» Кәки Шәріпұлына берілді.
Қала көркін келтірген мүсіннің авторы – Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Сапарбек Ұзақов. Ескерткіштің орнатылуына демеуші болған – «Алюмин құрылыс» ЖШС басшысы Абай Мұқанов. Игілікті істің басы – қасында болып, үйлестіруші – Уақ Жұмабай ақынның аталас туысы Торғайбай Уәлиұлы. Өлмес өнерімен, өшпес өлеңімен айшықты із қалдырған Жұмабай ақынның есімі ел жадында мәңгі сақталмақ.
Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор