Тобыл қаласындағы «Алтын дән» Мәдениет сарайында белгілі сатирик жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрларының байқау-фестивалі мәреге жетті. Бұл байқау осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Екі күн бойы Тобыл төсін думанға бөлеген сатира кешіне Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан келген әзіл-оспақ театрлары қатысты. Біздің облыстың намысын Жанкелдин ауданынан келген Н. Ахметбеков атындағы халық театры, Алтынсарин аудандық мәдениет үйінің қызметкері Біржан Жүзбай және Б. Майлин атындағы ауданнан келген «Берік-шоу» театры қорғады.
Сахна шеберлерінің өнеріне әділ бағасын берген қазылар алқасы да осал емес. Белгілі сатирик, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, ҚР Мәдениет қайраткері «ТТТ» театрының директоры, «Тамаша» ойын-сауық отауының актері Асылбек Боранбай, ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы-сатирик, «Екі езу» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан театр ұжымдарының өнеріне қазылық етті.
Өнер фестивалінің ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, осымен үшінші рет өткізіліп отырған әзілкештер сайысы жыл озған сайын ауқымын кеңейтіп келе жатқанына тоқталды.
— Сейіт ағамыздың әдебиетке, оның ішінде қазақ сатирасына, этнографияға қосқан үлесін сөзбен өлшеу мүмкін емес. Ол кісінің мол мұрасын насихаттау біздің перзенттік парызымыз деп есептеймін. Сондықтан, үш жылдан бері қолымыздан келгенше осындай фестиваль ұйымдастырып жатырмыз. Жыл өткен сайын оның ауқымын да кеңейте бермекпіз, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Байқаудың алғашқы күні театр ұжымдары Сейіт Кенжеахметұлының шығармаларын сахналаса, екінші күні өздері таңдаған туындыларды орындады. Сахнада сатириктің «Мың мұң», «Әр дәуірдің әңгімесі», «Чернышевский», «Айтылмайтын әңгіме», «Деген екен», «Той», «Айсамен әңгіме», «Кешірілмейтін күнә», «Әке тәрбиесі», «Шындық қалай шықты?» сияқты бірқатар әзіл-сықақтары көрініс тапты. Әрине, байқауға қатысқан театрлардың кейбірі киелі сахнаға енді шыққан жастар болғандықтан, олардың сатиралық шығармаларды орындау шеберлігінің кемшін тұстары да қылаң беріп қалды. Дей тұрғанмен, қазылар алқасы өнер сайысының ұйымдастыруына жоғары баға бергенін айта кету ләзім.
— Бүгінгі кеш өте жоғары деңгейде өтті. Байқауды ұйымдастырған облыс әкімдігінің мәдениет басқармасына әділқазылардың, қатысушылардың және ұрпақтары атынан шын ризашылығымызды білдіреміз. Бұл фестиваль жыл сайын өтуі тиіс деп есептеймін. Өйткені, Сейіт ағамыздың өзі кезінде қазақ сатирасының дамуына зор үлес қосқан кісі. Ол кісі Оспанхан Әубәкіров, Берқайыр Аманшин, Шота Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин сияқты халқымыздың әзіл-сықақ сойылын соққан танымал тұлғаларымыздың бірегейі. «Тамаша» ойын-сауық отауында басшылық қызмет істеп жүргенде мен бұл кісімен көп араластым. Ағамыздың адамгершілігі, адами қасиеті, биік парасатын үлкеге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін қасиетіне тәнті болғанмын. Сейіт аға «Тамашаның» тұрақты авторларының бірі еді. Талай шығармасын сахналадық. Оның өлмес мұрасын кейінгі буын өкілдері де кеңінен насихаттай береріне кәміл сенемін, – деді «ТТТ» театрының директоры Асылбек Боранбай.
Сонымен, екі күнге ұласқан «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлары байқауының бас жүлдесі Ақтөбе облысынан келген «Түйреуіш» әзіл-сықақ театрының әртістері еншілеп, 500 мың теңгені жеңіп алды. Бірінші орынды Түркістан облысының Келес ауданынан келген «Күлкі терапиясы» театры иеленді. Олар 300 мың теңгелік жүлдеге қол жеткізді. Жүлделі екінші орынды Маңқыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан келген «Бозжыра» театрының ұжымы еншілеп, 250 мың теңге ұтты. Үшінші орын Атырау облысынан келген «Ара» әзіл-сықақ театрына бұйырды. Оларға 200 мың теңге сыйлық табыс етілді. Ғұмар Ахметчин атындағы арнайы сыйлық Жамбыл облысы, Талас ауданынан келген халық театрының ұжымына берілді. Қостанайлық кәсіпкер Қарлығаш Балапанова тіккен «Көрермендер көзайымы» жүлдесімен Алтынсарин ауданының өнерпазы Біржан Жүзбай марапатталды. Қалған қатысушыларға фестивальдің Алғыс хаттары мен ескерткіш сыйлықтар, 100 мың теңгеден жүлде үлестірілді.
Қысқасы, Сейіт Кенжеахметұлының атындағы республикалық өнер сайысынан ешкім құр алақан кеткен жоқ. Фестивальден соң С. Кенжеахметов ағамыздың ұрпақтары, туыстары ас беріп, әруаққа құран бағыштатты.