Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Министр мамандармен кездесті

28 октября 2022 14:20 • 571 просмотров

Қостанай облысына екі күндік жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келді. Сапар барысында ол өңір басшысы Архимед Мұхамбетовпен кездесу өткізіп, денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін, сондай-ақ алдағы жоспарларды талқылады. Жұмыс сапары барысында медицина мекемелеріне бас сұғып, мамандармен тілдесті.

Министрдің әуелі аялдаған нысандарының бірі перинаталдық орталығы бар Рудный көпбейінді ауруханасы болды. Бұл ауруханада тәулік бойғы стационардың 520 төсегі, күндізгі стационардың 100 төсегі және ауысымда 66 адам қабылдайтын тері-венерологиялық бөлімшесі бар. Ал перинаталдық орталықта босандыру және гинекологиялық бөлімшелер, жүкті әйелдер, жаңа туған және шала туған нәрестелер патологиясы бөлімшесі жұмыс істеп тұр.

Перинаталдық орталықта министр мамандармен, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен заманауи медицина жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Аналар мен жаңа туған нәрестелер үшін мониторлар сатып алу, ұрықтың перинаталдық жай-күйін диагностикалау, жаңа туған нәрестелерге шұғыл көмек көрсету, сондай-ақ тыныс алу аппаратының жетіспеушілігі туралы түйткілдер көтерілді.

Елдің бас дәрігер сонымен қатар қызметкерлерді оқытуға, дәрігерлер мен акушерлердің біліктілігін арттыруға назар аудару маңызды екенін атап өтті. Аурухананың штатында 1175 қызметкер, оның ішінде 185 дәрігер жұмыс істейді. Дәрігерлердің орташа жалақысы 520 мың теңге болса, фельдшер-медбикелердікі 290 мың теңгеге жетеді, кіші санаттағы қызметкерлердікі – 110 мың теңге.

Сонымен қатар, Ажар Ғиният 58 жұмыс орнына арналған медициналық бұйымдар, техникалық оңалту құралдары мен медициналық жиһаз өндіретін кәсіпорында болды. Онда отандық өндірістің қуатын кеңейту және ішкі нарықты зауыт өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелері айтылды. Одан соң министр Қостанай ауданы Октябрь ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барып, мамандардың жағдайын білді.

Күрделі жөндеу соңы ұзақ сот процесіне ұласып кеткен Қостанай облыстық балалар ауруханасы келер жылдың бірінші жартыжылдығында қайта пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, ӨКҚ алаңында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың қатысуымен өткен брифинг өтті. Ажар Ғиният журналистердің сұрақтарына жауап беріп, аталған істің мән-жайына қанық екенін, кеше ауруханаға барып, басшылықпен сөйлескенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ жөндеу мәселесі қазір облыс деңгейінде шешіліп жатқанын айтты. Нысан 90% дайын. Мердігер мен тапсырыс беруші арасындағы дау жөндеуді кешеуілдетіп тұр. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов осы жылдың соңына дейін ЖСҚ түзету жүргізілетінін, ал 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жөндеу жұмыстары аяқталатынын мәлімдеді. Брифингте министр Қостанайға келу мақсатын айтып, президент жүктеп отырған тапсырмаларға тоқталды.

«Медициналық көмектің сапасын жақсарту, тұрғындарға шұғыл және сапалы, уақытылы қызмет көрсету қашанғы басты міндетіміз болып қала бермек. Өздеріңіз білесіздер, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы жасалған еді. Жоба аясындағы негізгі іс-шаралар санитариялық-эпидемиологиялық қызметті, фармацевтика саласын жандандыруға және көпшілікті саламатты өмір салтына үгіттеуге арналып отыр», – деді Ажар Ғиният.

Министр сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде аурулардың алдын алуға мән берудің қаншалықты маңызды екенін еске салып, нормативтік құжаттарды жетілдіру үшін ұсыныстар енгізуге шақырды.

«Аса көп қаржыландыруды қажет ететін жоғары технологиялық және стационарлық көмектің көлемі қанша жерден артса да, біз негізгі созылмалы және өмірге қауіп төндіретін аурулардың алдын алумен байыпты айналыспайынша, елеулі нәтижелерге қол жеткізе алмаймыз. Ел дәрігерлерінің қажырлы жұмысының арқасында биыл біз жалпы өлім-жітімнің алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 22% азайта алдық. Бұл іске ерекше назар аударып, пандемияға дейінгі кезеңнің көрсеткіштеріне қайта жетуге тиістіміз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Бұдан әрі ол өңірдің медицина жұртшылығын ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі жобаның негізгі міндеттері, елдегі онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы, оның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, медицина кадрларын әлеуметтік қолдау, жалақыны көтеру мәселелеріне жеке тоқталып, дәрігерлер мәртебесін және медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін арттыру жөніндегі заң жобасы жөнінде айтты.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор