Қостанайда қазақ әдебиетінің апталығы өтті. Тобыл төрінде көптен бері болып көрмеген ауқымды рухани іс-шараны әдебиетсүйер қауым өңірдің мәдени өміріндегі үлкен оқиға ретінде қабылдады.
Апталық аясында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұрасына арналған ғылыми конференция, жергілікті қаламгерлердің кітап көрмесі, сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтің 100 жылдығына арналған әдеби кеш, кемел жазушы Төлен Әбдікпен кездесу, сондай-ақ алдыңғы аға буын мен қаулап өсіп келе жатқан кейінгі жас ақындардың шығармашылығына арналған поэзия фестивалі өтті.
«Жырлайды жан жүрегім жақсылықты» атты фестивальді облыстық мәдениет басқармасы мен Жазушылар одағының жергілікті филиалы бірлесіп ұйымдастырды. І. Омаров атындағы қазақ драма театрында өткен поэзия кешінде Қостанай, Арқалық қалалары мен шалғай ауыл-аудандардан келген екпіні ерек жас шайырлар Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет сынды белгілі ақындармен қатар тұрып жыр оқыды. Жастардың арасында есімдері бүгінде ел көлеміне танылып қалған Абылай Мауданов, Жанна Ерекина, Жандос Жүсіпбек, Дәулет Жадырасын, Батырлан Сағынтаев сынды талантты ақындар бар.
— Биыл Қостанайдың қоңыр күзінде басталған әдеби апталықтың аясында әдебиет ғылымының ұстынын қалыптастырып, сара жол салып берген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына көбірек көңіл бөлінді. Әдеби апталық аясындағы іс-шаралардың бәрі негізінен биылғы Балалар жылына орайластырылып, мектеп оқушылары мен студент-жастарға арналып отыр. Басты мақсат – асыл сөздің қадір-қасиетін жастарға ұғындыру, ұлт әдебиетінің інжу-маржандарын кейінгі ұрпаққа насихаттау, олардың көркем дүниеге деген ықылас-пейілін ояту. Ал енді бүгінгі поэзия кешіне жас буын, орта буын және аға буын қатысуда және негізгі басымдық жас буынға беріліп отыр. Осы кештің негізгі лейтмотиві де жастар поэзиясы. Кеше Төлен Әбдіктің шығармасы желісімен «Өтелмеген парыз» спектаклі қойылып, қаламгердің «Адалдық алаңындағы бәйтерек» атты шығармашылық кеші өтті, – деді Қазақстан жазушылар одағы филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбекұлы.
Поэзия мерекесіне ешбір ресми шақырусыз-ақ келген жұрттың көптігі көңіл сүйсінтті. Театрдың үлкен залы лық толып кетті. Кеш барысында жас ақындар оқыған өлеңдерге елтіп, бірнеше студент өздігінен сұранып сахнаға көтеріліп, жыр оқыды.
Жыр фестивалін халық ақыны Әсия Беркенованың «Табалдырық» атты өлеңін нақышына келтіріп жатқа оқып берген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов түйіндеді.
— Жалпы, біздің өңірде қай кезде болмасын, жеке ақын-жазушылардың шығармашылық кештерін, мерейтойларын ұйымдастырып, кездесулер өткізіп тұру айнымас дәстүрге айналған. Бірақ мұндай әдеби апталық Тобыл-Торғай өңірінде тұңғыш рет өтіп отыр. осы бір аптаның төңірегінде Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Сералин, Сырбай Мәуленов, Төлен Әбдік сынды алып тұлғаларымыздың шығармашылығына арналған кештерді, іс-шараларды өткіздік. Бүгінгі поэзия кеші де енді жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі іс-шараларымыздың тізіміне енетін болады, – деді басқарма басшысы.