Қостанай ауданындағы «Арғымақ» ипподромында ұлттық ат спортынан Қазақстан чемпионатының қорытынды кезеңі өтті.
Республикалық «Бәйге» федерациясы мен Қостанайдағы ұлттық ат спорты федерациясы мұрындық болған спорт мерекесінде қыз қуу, теңге алу, аударыспақ, көкпар ойындарын тамашалап, аламан, құнан жарыстары ұйымдастырылды.
Маусымның жабылу рәсіміне жиналған ұлттық спорт жанкүйерлерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қостанай облыстық ат спорты федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдірахманов құттықтады.
Ғауез Торсанұлы биылғы жаз бүтіндей Қостанай тұқымды тұлпарларды насихаттауға арналғанын және қазіргі таңда осы тұқымның қанын таза сақтап, мейлінше көбейтіп алудың жолдары іздестіріліп жатқанынан хабардар етті.
— Қостанайда он тоғызыншы ғасырдың аяғына таман қазақтың қазанатының негізінде жылқы зауыты ашылып, алпыс жылға жалғасқан үздіксіз күрделі будандастыру жұмыстары жүргізілгені белгілі. Нәтижесінде, алынған Қостанай қазанаты 1951 жылы ресми түрде жеке тұқым ретінде тіркелді. Бітімі бөлек, денесі шымыр, сүйекті, сіңірлі, болат тұяқ асыл тұқымды бұл тұлпардың саны кезінде 44 мыңға дейін жеткен. Өкінішке қарай, бүгінде мүлде азайып кетті. Сондықтан аталарымыздан қалған асыл тұқымды сәйгүлікті сақтап қалу міндет, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Бұл жолғы бәйгеде Қостанай қазанатына айрықша мән беріліп, тек осы тұқымға арналған 2 400 метрлік ұшқыр жарыс, 5 шақырымдық құнан бәйге және 18 шақырымдық аламан ұйымдастырылды. Мұның сыртында, аралас тұқымды сәйгүліктердің 4 шақырымдық құнан жарысы мен 16 шақырымдық аламан бәйгесі өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өңірде ұлттық спортқа деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Қазір облыста 13 мыңнан астам адам ұлттық ойын түрлерімен айналысады екен. Ал биылғы маусым олар үшін нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Мәселен, Тобыл өңірінде мамыр айынан бері сегіз бәйге өткізілген. Бұл жарыстарды бас бәйгеге тігілген автокөлік пен жүлдегерлерге табыс етілген қаржылай сыйлықтың көлемі 90 миллион тенгеге маңайлап қалады. Сыйлық қоры келер жылы да қомақты болмақ.
— Алдағы маусымда да дәл осы биылғыдай 7–8 бәйге өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Соңғы жылдары аймақта ат спортына деген қызығушылық ерекше. Жүйрік жылқы сатып алып жатқан, ат баптап, бәйгеге қосып жатқан азаматтардың қатары көбейіп келе жатыр. Біздің алдымызда тұрған ең басты жоспарымыз осы ғой, – дейді ат спорты федерациясының вице-президенті.
Маусымды қорытындылаған бәйгеге еліміздің бірнеше өңірінен 30-ға жуық сәйгүлік қатысты. Таза Қостанай қазанаттары арасында өткен 20 шақырымдық аламанда Ақмола облысының сәйгүлігі алдына қара салдырмады.
— Тұлпарларымыз талай жарыста топ жарып жүр. Бұл жолы да жүлделі орындардан көрінді. Жақсы орындарды алып жатырмыз. Екі автокөлік ұттық. Мұның сыртында, екінші, үшінші орындарға жетіп жатырмыз. Мұндай бәйгелерге ешкім осал ат қоспайды. Қазақтың «Бақ шаба ма, бап шаба ма дегені осы ғой, өзгелерге де жұғысты болсын деп тілеймін, – деді аты озған ақмолалық атбегі Әділет Тасмұхамбетов.
Бүгінде елімізде Қостанай тұқымына жататын жылқының саны 173-ке жетіпті. Ұзақ жылдар бойы жүргізілген селекциялық жұмыстардың нәтижесінде алынған қазақ қазанатының күш-қуатына, бітіміне шетелдік мамандар да жоғары баға беріп отырған көрінеді. «Қазақ тұлпары» ЖШС басқарма төрайымы Айгүл Амандықованың айтуынша, Қостанай тұқымды сәйгүліктер ұшқырлығы жағынан әлем бойынша екінші орында тұр. Алысқа салуға да аса төзімді келеді.
Маусым қорытындысы бойынша әр қашықтықта жүлделі орындардан көрінген шабандоздарға қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді.